Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жоспардағы жобаларға қадаға күшейеді

0 232

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте есепті кезеңдегі бюджеттің болжамды орындалуы мен шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралды. Сондай-ақ құрылыс нысандарының жай-күйі мен жоспарлы жобалардың жүзеге асырылуы талқыланды.

Қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбековтің сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 тамызына қала бюджетінің болжамды орындалуы 107,6 пайызды құраған екен. Есепті кезеңдегі жоспар 25 582,7 млн теңге болса, 1 945,8 млн теңгеге артығымен орындалу күтілуде.
Үстіміздегі жылдың 14 шілдесіне бюджеттің шығыс бөлігінің игерілуі 90,5 пайызды құраса, 2 824,5 млн теңгенің игерілмеуі қалыптасып отыр.
Жиында қала әкімі қаралған қаржыны игермеген бөлім басшыларынан жеке-жеке жауап алып, ай соңына дейін қаржы толықтай игерілуі керегін ескертті.
Келесі кезекте сөз алған Тараз қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Малибекова биыл 4 білім нысанының құрылысы жүріп жатқанын баян етті. Алайда 2 мектептің құрылысы жыл соңында ғана аяқталатын болса, 2 мектептің құрылысы тіпті келер жылға өтпелі. Мұндай жағдайға қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлының көңілі толмай, құрылысы жүріп жатқан мектептердің жағдайын арнайы комиссия құрып, тексеруді тапсырды.
Аппараттық кеңесте қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаева құрылысы жүріп жатқан нысандарға қала тұрғындары жұмысқа тартылғанымен, олар-дың бірде-біреуіне зейнетақы жарналарының аударылымы сынды төлемдер түспейтінін өзекті мәселе етіп көтерді. Тіпті кейбір құрылыс нысындарында шетелдік азаматтардың жұмыс күші пайдаланылып, оларды жұмысқа қабылдау заңдылығы күмән тудырады екен. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков ішкі істер органдарымен бірлесе отырып бұл жағдайды бақылауға алуды жауаптыларға жүктеді.
Басқосуда тұрғын үй құрылысы, спорт алаңшаларының ашылуы, жол жөндеу сынды мәселелер де қаралып, тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берілді.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.