Орталық коммуникациялар қызметі Президент Жолдауының қорытындысы бойынша қазақстандықтар арасында жүргізілген экспресс-сауалнама нәтижелерін ұсынды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сауалнама нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 43,46 пайызы Президент Жолдауының мазмұнын жақсы біледі. Тағы 48,88 пайызы жаңа шаралар туралы естіген, бірақ егжей-тегжейлерін білмейді. Ал 7,67 пайызы Жолдау мазмұнымен әлі танысып үлгермеген.
«Сауалнамаға сәйкес, Президент ұсыныстары одан хабардар азаматтардың басым көпшілігіне – 80,07 пайызына оң әсер қалдырған. Ұсыныстарға 14,73 пайыз адам бейтарап әсер қалдырды. 1,11 пайыз жағымсыз әсер қалдырған.
Бала күтімі бойынша бір жарым жасқа дейінгі төлемдер кезеңінің ұлғаюы (54,15 пайыз), Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балалардың шоттарына аудару (51,27 пайыз), ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін өсіру (46,07 пайыз), әйелдердің зейнет жасын 61 жас (41,53 пайыз) деп белгілеу, 100 мың жас қазақстандықты (37,87 пайыз) жұмыспен қамтамасыз ету туралы тақырыптар Жолдаумен танысқан азаматтардың қодауына ие болды», – делінген хабарламада.
Зерттеу 1 қыркүйекте еліміздің 20 өңіріндегі 18 және одан жоғары жастағы 800 қазақстандықтың арасында әр өңірдегі қалалар мен ауылдарды іріктеп қамтылған онлайн сауалнама әдісімен жүргізілгені атап өтілді.
Орталық коммуникациялар қызметі мәліметінше, сауалнама нәтижелерiн Қазақстанның барлық тұрғынына экстраполяциялауға болады – зерттеудiң таңдауы ел тұрғындарының әлеуметтiк-демографиялық және аумақтық қатыстылығының сипаттамаларын ескере отырып құрастырылған.