Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жолдарың жүріп өткен – бір-бір дастан

0 165

Қазақ қарты жасына лайық, ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болатыны хақ. Осындай теңеуге лайық қарияларды қадірлеу, солар бастаған ұлы көшті жалғау, асыл мұраттары мен аманаттарын елдің ертеңіне айналдыра білу – бүгінгі өскелең ұрпақтың басты борышы.

Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол – ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. Ақжаулықты аналарымыз бен аузы дуалы аталарымызға бүгінгі жастарға өнегелі өмірлері, тағылымы терең тәрбиелері үшін шексіз алғысымызды білдіру мақсатында Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы кітапханасында «Жолдарың жүріп өткен – бір-бір дастан» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Кешімізге облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Исмаил Хаджимуратов, Әділбек Әлішев, Болат Қалтаев, Төлепберген Сейітқадыров, Қазақстан ардагерлері «Айрықша тәуелді ардагерлер мен мүгедектері» аймақтық қоғамдық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Сейітхан Қуантаев және №8 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушылары қатысты.
Шара барысында ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас көз бола білген қаламыздың қариялары ғибратты сөздері мен бәтуалы әңгімелерімен бөліссе, оқушылар өз кезегінде әннен шашу шашты. Кітапханашы С.Ешжанова ақиық ақын М.Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» өлеңін оқыды. Мерекеге орай «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесі таныстырылды.
Кеш соңында көреген қарияларымыз тілек, алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Қарлығаш АГИГАЕВА,
кітапхана меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.