Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жолдар неге жылда жөнделеді?

0 2  298

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес егемендік алған сәттен бастап қарқын алуда. Бұл бағытта облысымызда да бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Айталық, жедел-тергеу қызметімен жүйелі сыбайлас жемқорлықтың, ауыр және аса ауыр қылмыстардың жолын кесуге, мемлекетке келтірілген залалдың уақытылы және толық өтелуіне бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыс бойынша департаментінің мәліметінше, есептік кезенде – 64 қылмыс тіркелген. Оның 43-і сыбайлас жемқорлық сипатында екен. Оның ішінде жемқорлық деректерінің жүйелі түрлері бойынша – 3, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға байланысты деректері – 1, көлеңкелі экономика субъектілеріне лауазымды адамдар тарапынан қамқорлық жасау бойынша – 3, мемлекетік бағдарламаларды сүйемелдеу барысында қаражаттарды ұрлау деректері бойынша – 6 қылмыс тіркелген. Сондай-ақ республикалық және облыс деңгейіндегі басшыларға қатысты – 6 іс анықталған. Ал тіркелген қылмыстық істер бойынша 459,5 миллион теңге көлемінде залал келтірілсе, оның 378,2 миллион теңгесі өндірілген. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, жалпы былтырғы жылы сыбайлас жемқорлықтың азаюының оң динамикасын көрсетсе, тек жыл басынан бері тіркелген қылмыс саны да, келтірілген залалдың көлемі де айтарлықтай өсіп отырғаны байқалды.
Қазіргі таңда департаментпен сыбайлас жемқорлықтың туындауының себептері мен шарттарын анықтау және оны жою мақсатында да нақты шаралар қабылдануда екен. Мәселен кешенді сыртқы талдау жұмыстарымен ауыл шаруашылық басқармасына – 30, көліктік бақылау инспекциясына – 21 ұсыныс енгізілген. Аталған екі мекеменің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметі тиісті деңгейде іске асырмағандығы белгілі болған.
Талдау көрсеткендей, 2018 жылдан бастап «Бірлік – Мойынқұм – Ұланбел» жолының учаскелері жыл сайын жөнделген. 2018-2020 жылдар кезеңінде тек көрсетілген бір жолға бөлінген жалпы сома 3 миллиард 332 миллион теңгені құраған. Сол сияқты «Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент» ұзақтығы 83 шақырымды құрайтын жолы 9 рет 2 миллиард 394 миллион теңгеге жөнделген. Ал «Ақкөл-Ойық-Ұланбел»ұзындығы 92 шақырымға созылып жатқан жол 7 рет жөнделіп, оған 2 миллиард 582 миллион теңге қаражат жұмсалған. Аталған өңірдегі карьерлерге ауыр жүк тасымалдаушы көліктер жиі жүруіне қарамастан инспекция қызметкерлері бақылауымен тек «Күйік» немесе «Қордай» бағытындағы жол учаскелері ғана қамтылып келген. Осылайша, автомобиль көлігіндегі бақылауды тиісінше жүзеге асырмауынан және салынған жол сапасыздығының салдарынан жергілікті маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде екен.
Сонымен қоса департамент күнделікті «Сатып алудың бірыңғай терезесі» арқылы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізуде. Мониторингпен жолданған ұсыныстар негізінде мемлекеттік органдарының мемлекеттік сатып алу жоспарлары қайта қаралып 252,6 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген. Мысалы, Сарысу ауданының әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Лэд экранды» жалпы соммасы 61,2 миллион теңгеге сатып аламын деп жоспарлаған, ұсыныс негізінде жоспары қайта қаралып, 21,1 миллион теңгесі үнемделген. Мұндай мысалдар аз еместігін де айта кеткен жөн.
Жүргізілген мониторинг нәтижесі аталған саладағы нормативтік-құқықтық актілерінің реттелмегенінің салдарынан бірқатар тәуекелдерді көрсеткен. Айталық, тапсырыс алуға құжат жинақтау барысында кәсіпкерлер тарапынан жалған құжаттарды ұсыну, негізгі қызмет түрі спорт немесе шығармашылыққа мүлдем қатысы жоқ кәсіпкерлердің мемлекеттік тапсырыспен айналысу деректері, олар бойынша операторлар тарапынан мониторинг жүргізе алмайтындығын атап өту қажет. Сол себепті аппаратқа мәселені шешу жөнінде ұсыныс жолданған. Сонымен қатар сыбайластыққа қарсы шектеулерді сақтау деңгейіне келетін болсақ, мемлекеттік орган және мекеме басшылары әлі күнге дейін бұл бағыттағы жұмыстарды қадағаламай келеді. Әкімшілік құқық бұзулар бойынша есептік кезенде 14 хаттама толтырылып 4,4 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Айта кететін жайт, осы кезде мемлекеттік қызметке теңестірілген тұлғалардың заңнаманы білместіктен кәсіпкерлікпен айналысу дерегі жиі орын алуда екен. Ал мемлекеттік орган басшылығы бағынысты ұйым басшысын активтер декларациясын тапсырмас алдында тағайындаған деректер де жетерлік.
Департамент тарапынан жергілікті атқарушы органның 4 айда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге ұсынған 46 нормативтік құқықтық актілеріне мониторинг жүргізіп, оның 93,5 пайызы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің факторлары мен ескертулердің анықталғаны белгілі болды. Сонымен қатар анықталған кемшіліктер саны 71 құрап, өз кезегінде қабылданған нормативтік құқықтық актілерден 1,5 есеге асып тұр.
Анықталған тәуекелдер қатарында дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігі, құқық нормаларының қайшылықтары, тұлғалар құқықтарын негізсіз шектеу, қоғамдық қызығушылық тудыратын ақпаратқа қолжетімділіктің жеткіліксіздігі сынды жайттар бар екен. Сондай-ақ жобалардың заң техникасына қойылатын негізгі талаптарға сәйкес келмеуі, қате сілтемелік және бланкеттік нормалар көрсету, орыс тіліндегі стилистикалық және грамматикалық қателерге жол берілген. Осылайша, жергілікті атқарушы орган тарапынан нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және оның жобасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға жолдау барысындағы жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауының салдарынан бюджет қаражатын ысырап ету деректері де кездескен.
Жоғарыдағы көрсеткіштер облысымызда жемқорлықпен күрес қарқын алғанын айғақтайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық», – деген болатын. Сондықтан бұл бағытта әлі де атқарылар жұмыс ауқымды. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабу жаңа Қазақстанның алдында тұрған ең маңызды міндет.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.