Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жол азабын жүрген біледі

0 289

Қос мыңжылдыққа куә болған тарихи Тараз шаһарының жыл санап аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артып келеді. Десе де, көне қалада қордаланып, түйіні тарқатылмаған мәселелер бар.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Бір ғана «Кірпіш зауыты» аймағында қоғамдық көлік, жол, ауыз су, жарық секілді мәселелер әлі күнге шешімін таппай келеді. Мәселен, осы аймаққа қатынайтын қоғамдық көліктердің қатарын арттыру қажет. Бұл – тұрғындар талабы. Қаладан тысқары орын тепкен аймақ тұрғындары үшін қалаға барыс-келіс қиындық тудыруда. Автобустардың жүру кестесі жергілікті жұрт үшін қолайсыз. Тұрғындар аялдамада бір сағаттан артық уақыт автобусты тосуға мәжбүр. Осылай деп редакциямызға қоңырау шалып, хаттарымен қайырылған азаматтардың арыз-шағымдарына құлақ түрген едік.
Иә, қала аумағы кеңейген сайын қоғамдық көлікке деген сұраныстың артатыны белгілі. Алайда осы күнге дейін аймаққа қатынас көлігін шешу үшін бас ауыртып, балтыр сыздатар жан болмаған. Қаншама уақыттан бері шешімін таппаған түйткілдер түйінінің тарқатыларына соңғы уақыттары тұрғындар да сенімсіздікпен қарауда. Қаланың шығыс бөлігінде орналасқан аумаққа тек №42 маршрут берілген. Оның өзі «Орталық» базардан басталып Шахристан арқылы Ақбұлым ауылына қатынайды. Ал қала орталығына немесе ықшам аудандарға бару үшін тұрғындарға «Қант зауыты» аймағына аяңдауға тура келеді. Ал бұл аймаққа өту үшін мұндағылар пойыз жолдың астымен және үстімен жүруге мәжбүр.


– Бүгінде қаланың тыныс-тіршілігін көлік қатынасынсыз елестету мүмкін емес. Тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық көлікті пайдаланады. «Қант зауытын» қаламен жалғайтын №№7,9,32,27,29 секілді қоғамдық көліктер бар. Ал бұл жаққа таң алакеуімнен қатынау қыс мезгілінде қиындық туғызады. Себебі, көктайғақ түссе пойыз жолдан өту қауіпті. «Қант зауытынан» шыққан №27-ші маршурт «Өнеркәсіп» (Промышленный) аялдамасына дейін барып келеді. Небәрі 3-4 аялдаманы қайта айналып, кейде бос қайтады. Біздің аймақта екі жыл бұрын жаңадан №60 орта мектеп бой көтерді. Ал мектепте жұмыс істейтіндерге де «Қант зауытынан» түсіп қалуға тура келеді. Осы бағытты қайта халық аяғы көп жүретін мекенге бұрса жақсы болар еді. Бұл өз кезегінде оқушылар мен ұстаздарға да тиімді. №42 маршрут «Орталық» және «Ауыл береке» базарларынан Шахристанға соғып, Жамбыл ауданына қарасты Ақбұлым ауылына дейін барады. Оның қатынау жиілігі де әртүрлі. Кейде бұл бағыттың көлігін сағаттап күтуге тура келеді. Ал күн суықта тіпті қиын, – дейді аумақ тұрғыны Сарбиназ Себепбаева.


Тұрғындар сөзінің жаны бар. Расында, қақаған аязда далада бірнеше минут аялдаудың өзі мұң болып тұрған шақта, сағаттап автобус күткен жолаушының бұл өкпесі орынды-ақ. Қоғамдық көлікке зәру тұрғындар кейде таксиге иек артып жатады. Оның себебі де түсінікті. Нарықтық бәсекеде таксистердің асығы алшысынан түсіп тұр. Аумақтан қалаға такси алсаңыз, кемінде 700-800 теңгеңізді шығындайсыз. Ал кеш қарая бағаның өсіп кетуі де ғажап емес. Бұл – тұрғындардың қалтасына салмақ салатыны анық.


ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Кірпіш зауыт» аумағында 300 орындық №60 жаңа орта мектеп ашылды. Ал білім ұясы аумақтағы жалғыз мектеп. Осы уақытқа дейін аумақ балалары «Қант зауыты» аймағында орналасқан №6,14 және №22 мектептерде білім алатын. Міне, мектеп жайы шешілген соң жұмыс істейтіндер үшін транспорт та мәселеге айналды. Әсіресе, мектепте оқитын балалар үшін қала орталығындағы үйірмелерге қатысып, қатынау қиын.
– Қалада тұрсақ та, жағдайымыз шалғай жатқан кей ауылдардан нашар.
Қоғамдық көлік қатынасы халық үшін өте қажет дүние. Қатынас құралымен қамтылсақ оқушыларға да жеңіл болар еді. Себебі, мектеп жасындағы балаларымызды қосымша үйірмелерге апару үшін қаланың орталығына бару керек. Ал аумақтағы жаңа мектепте қосымша үйірмелерден беретін мұғалімдер аз деп жатады. Қазір үйдегі 2 немерем мектепте оқиды. 3 сынып оқитын немерем Айдананы 2 жыл бұрын қала орталығына шахмат үйірмесіне апарып жүрдім. Бірақ қыстыгүні қараңғыға қалып, жете алмай қаламыз. Сондықтан үйірме жұмысынан қол үзіп алдық. Шахматтан жақсы нәтиже шығарып келе жатыр еді, – дейді аумақ тұрғыны Айшүрек Сағымбекова.


Сонымен қатар, көшелерді жарықтандыру жайы да аумақ үшін бір түйткіл. Бұл мәселе де биыл шешімін тапса деген тұрғындар тілегі бар. «Ымырт үйіріле аумағымыз қара түнекке батып, кейде көшеге шығуға қорқамыз. Шетте тұрған аймақ деп назардан тыс қалғанымыз жарамайды. Біз де қалаға қарасты аумақпыз» – дейді тұрғындар.


Аумақтағы ауыз су мәселесінде де кемшіліктер бар. «Құрылыс» көшесі, 6-бұрылыста орналасқан су құбырлары да ескіріп, тозығы жетуге таяу. Ал құбыр істен шықса тұрғындар қалталарынан қаражат шығарып, жөндейді екен. Өкінішке орай, аумақтағы ауыз су мемлекет базасына тіркелмепті. Сондай-ақ, пойыз өткелінен аумаққа кіре берісте жаяу жүргіншілер жолағы орнатылмаған. Ал жолдың жайы тым бөлек. Тұрғындар көше жолының әлі күнге дейін жөндеу көрмегенін айтады. Жаңбыр жауса лай-балшыққа батып, жүріп-тұру қиындайды екен. Сабақтан қас қарайғанда қайтатын балалар батпаққа батып келеді. Жолдың жайын жеткізген тұрғындар қашан асфальт төселетінін білгісі келеді?! Шындығында, бұл онсыз да түйткілі көп аумақ тұрғындары үшін жығылғанға жұдырық емей немене?

ТҮЙІН: «Қоғамдық көлік қатынаса күнделікті жұмысқа баратын тұрғындар мен мектепке қатынайтын оқушыларға өте қолайлы болар еді. Алдағы уақытта аталған мәселелер оң шешімін табады деген ниеттеміз» – деген тұрғындар осы орайда жергілікті билік пен қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне үміт артып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.