Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жол апаттарын қайтсек азайтамыз?

0 603

Еліміздегі жол апаттарының саны жыл өткен сайын артып барады. Статистика комитетінің мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында еліміз бойынша 3 353 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 4 785 адам зардап шеккен. Бұл – үш айдың ішіндегі статистика ғана. Ал тәуелсіздік алған жылдардан бері мыңдаған адам жол апатынан қайтыс болды. Жол апаты салдарынан мүгедек болып қалғандар қаншама.

Сондықтан жолмен санасып, жол апаттарының алдын алмасақ, қара жолдың қателікті кешірмейтініне көзіміз жетіп келеді. Қазір ірі жол апаттарының жиі орын алатынына етіміз үйренгені соншалық, жол-көлік оқиғасынан бес-алты адам қатарынан қайтыс болыпты десе де селт етпеуге айналдық. Өкінішке орай, жол апаты салдарынан қайтыс болатындардың көбі – өрімдей жастар. Еңбекке қабілетті, тепсе темір үзетін жаста ажал құшатын жастарға араша тұрмасақ, алапат келмей-ақ азаятын түріміз бар. Өйткені айдың күні аманда жол апаты салдарынан қайтыс болатындардың саны соғыс құрбандарынан да асып бара жатқанын сарапшылар айтып отыр. Яғни Қазақстан жолдарында көптеген адамдардың өліміне алып келіп жатқан күнделікті тоқтаусыз майдан жүріп жатыр деп айтуға болады.
Осыған орай жуырда өткен Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруды тапсырған болатын. Президент аталған жиында соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өскенін айтып, оның салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алғаны ел үшін аса ауыр қасірет екенін жеткізген еді. «Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек. Жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты. Жуырда ғана электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданды. Енді көліктің жаңа түрлерін іс жүзінде қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету маңызды», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жібергеніне де ерекше тоқталды. Олардың тіркеусіз жүргенін, мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзып, көбіне жазасыз қалғанын да жасырмау керек екенін айтты.
Осыған орай, өңірімізде кешенді шаралар қолға алынған болатын. Мәселен, жуырда ғана «Автомобиль» жедел алдын алу іс-шарасы аясында кешенді тексеру жұмыстары жүргізілген еді. Жол апаттарының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, жүргізушілердің жолдағы қозғалыс тәртібін сақтауын бақылауға бағытталған ауқымды шара жолдағы қауіпсіздікке, өзі мен жақындарының және өзге жол қозғалысы қатысушыларының өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қарайтын азаматтардың бар екенін анық көрсетіп берді. Өйткені 500-ден астам полиция қызметкері мен 155 қызметтік көлік құралы жұмылдырылған тексеру кезінде тіркелген заң бұзу деректерінің саны расында-ақ жаға ұстатардай.
Мәселен, үш тәулікке созылған шара кезінде 2 540 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталған. Оның ішінде 77 жүргізуші көлік басқаруда белгіленген қозғалыс жылдамдығын асырған. 589 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, ал 38 жүргізуші көлік құралын тиісті құжаттарсыз басқарған. Сонымен қатар жолды белгіленбеген орыннан кесіп өткен 239 жаяу жүргінші белгілі болған. Ең сорақысы, мас күйінде көлік құралын басқарудың 14 дерегі тіркелген. Кешенді тексеріс жүргізілген 72 сағаттың ішінде осынша дерек тіркелсе, қалған күндері қандай жағдай болып жатқанын бағамдау да қиын.
Дегенмен жергілікті тәртіп сақшыларының қырағы жұмысының нәтижесінде биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 36 пайызға азайған. Алайда аталған оң көрсеткішке қол жеткізілгеніне қарамастан, аймақ жолдарындағы жағдай әлі де күрделі болып отыр. Оған жоғарыда атап өткен жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелеріне бейжай қарауы мен қарапайым қамсыздығы себеп болуда. Бұған келесі деректер айқын дәлел болып отыр. Мәселен, аталған уақыт ішінде аймақта 324 жүргізуші мас күйінде ұсталып, жылдамдық режимінен асып кету фактілерінің саны 4,5 мыңнан 8 мыңға дейін өскен. Ал жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуының 8,5 мың дерегі анықталған. Бұлай жалғаса берер болса, жол апаттарын азайтамыз деп кеуде керуіміз бос бекершілік секілді…
Дегенмен полиция қызметкерлері тәртіп бұзушылармен күресті тоқтатпайтынын айтып, жолдағы оқыс оқиғаларды барынша болдырмауға күш салуда. Әсіресе көлік саны жыл өткен сайын артып келе жатқан облыс орталығы Тараз қаласындағы жұмыстар ерекше қарқын алып келеді. Бұл мақсатта жүйелі жоспар құрылып, кешенді шаралар қолға алынған.
Тараз қаласы полиция басқармасы ұсынған деректерге сүйенер болсақ, үстіміздегі жылдың 6 айының қорытындысы бойынша облыс орталығының аумағында жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір төмендеген. Толығырақ тоқталар болсақ, Тараз қаласында жыл басынан бері, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, жол-көлік оқиғаларының саны 34,1 пайызға немесе 343-тен 226-ға дейін азайған. Ал осындай оқыс оқиғалар кезінде жарақат алғандар саны 34 пайызға, 465-тен 307-ге дейін төмендеген. Өкінішке орай, жол апаты салдарынан қаза болғандар саны өскені байқалып отыр. Өйткені бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 42,9 пайызға артып отыр. Былтыр жол-көлік оқиғасынан 7 адам ажал құшса, биыл олардың саны 10-ға жетіп отыр.
Қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларының негізгі профилактикасы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу екендігі белгілі. Тараз қаласы полиция басқармасы жол апаттары кезінде толтырылған әкімшілік хаттамаларға талдау жасап, оқыс оқиғалардың негізгі себептерін анықтаған. Олардың тізбесі мынадай:
• ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 607-бабымен (Темiржол өтпелерiнен өту қағидаларын бұзу) – 47 дерек. 2022 жылы – 62 дерек.
• ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабымен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) – 89 дерек. 2022 жылы – 132 дерек.
• ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 596-бабының 3-тармағы (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) – 44 дерек. 2022 жылы – 38 дерек.
• ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 594-бабымен (Жол қиылыстарынан өту қағидаларын бұзу немесе жолдың жүру бөлiгiн кесiп өту) – 1 692 дерек. 2022 жылы – 2 333 дерек.
Ең өкініштісі, жол ережесін бұзуды өрескел қателік санамайтын жауапсыз жүргізушілердің салдарынан кішкентай балалардың зардап шегу қаупі басылмай отыр. Осыған орай тараздық тәртіп сақшылары аталған бағыттағы алдын алу шараларын барынша күшейткен. Нәтижесінде, алғашқы жартыжылдық ішінде балалардың қатысумен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 593-бабымен (Маршруттық көлiк құралдарын тоқтату, тұрғын аймақтарда жүру, жолаушыларды және жүктердi жүрiсiнiң қағидаларын басқада өрескел бұзуы тасымалдау қағидаларын сақтамау) 3 383 хаттама жазылыпты. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерді қағу деректері жиі орын алып жатқан көшелерде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 600-бабымен (Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу) жедел мәліметке сәйкес 276 хаттама толтырылған. Бұдан бөлек, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 615-бабы (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша 5 471 хаттама жазылған.
Қала тұрғындарының жол қозғалысы ережесін сақтауға аса мән бермейтінін жуырда тіркелген жағдай нақты көрсетіп отыр. Тарқата айтсақ, жуырда Тараз қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің назарына автокөлік басқарған екі жасөспірім түскен. Тексеру барысында тәртіп сақшыларына 17 және 15 жастағы жасөспірімдердің жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгені белгілі болған. Анықтау барысында жасөспірімдердің әкелері қымбат шетелдік көлік құралдарын кәмелетке толмаған ұлдарына жүргізуге жиі беретіні, сол арқылы құқық бұзушылық жасайтыны айқындалған. Нәтижесінде, 17 жастағы жасөспірімге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, әкесі осы кодекстің 612-бабының 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Ал 15 жастағы жас жігіттің заңды өкіліне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 5-бөлігіне сәйкес, 172 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Осыған орай, қазіргі уақытта облыс орталығының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатымен «Абайлаңыз, балалар!», «Автобус», «Масаң күйде жүргізу – қылмыс» секілді түрлі жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша жұмыстарды ары қарай да жалғастыра беретінін айтып отырған Тараз қаласы полиция басқармасының басшылығы қаладағы ахуалды өз бақылауына алған.
Бұл ретте тәртіп сақшылары көлік тізгіндеген азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырып отыр.
«Тараз қаласының инфрақұрылымы мен көліктердің көшедегі қозғалысы автокөлік санының күрт өсуіне арналмаған. Бұл жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жолдағы қозғалыс тәртібін сақтамауына әкеп соғып отыр. Ал оның салдары – жол-көлік оқиғалары туындауының негізгі факторы. Үздіксіз жүргізіліп жатқан ауқымды алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, азаматтар белгіленген ереже талаптарын бұзуды жалғастыруда. Тұрғындар жолдағы жауапкершіліктің маңыздылығын және жол ережелерін сақтау қажеттігін барынша түсінуі керек. Өйткені адам қателігінен болған құқық бұзушылық қандай салдарға әкелерін болжау мүмкін емес. Ойланбай жасалған әрекеттің салдары өте ауыр болады», – дейді тәртіп сақшылары.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.