Жоғары лауазымды адамдар мен ҰҚТ мүшелері бар – Бас прокурор қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар туралы
Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғасы бойынша тергеу туралы айтты.
Асыловтың сөзінше, тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтаған.
«Оның ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері бар. Қаза болғандарды анықтап, олардың қайтыс болу себебін зерттедік. Қару-жарақтарды іздеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. қылмыскерлерді жауапқа тартып жатырмыз», – деді Бас прокурор Мәжілістің жалпы отырысында.
Еске салайық, былтырғы жаппай тәртіпсіздік газға байланысты мәселеден шыққан еді. 2 қаңтарда Жаңаөзенде жиналған жұрт сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етті. Кейін басқа қалалар да осы үнге қосыла бастады. Соның қатарда Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал тұрғындары да болды. Осылайша, 4 қаңтарда Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық акциялары өтті. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиға салдарынан интернетте де ақау шықты.
Ал Бас прокуратурада Алматыда өткен жаппай тәртіпсіздік хронологиясын жасаған еді. Сол мәліметтерге сүйенсек, 4 қаңтарда сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін «Алматы – Арена» спорт кешені мен «Халық-Арена» стадионы маңында жұрт жиналған. Сағат 21.00-де жиналған адамдар қала әкімдігіне қарай қозғала бастаған. Осылайша, олар Абай, Төле би көшелерімен жүріп келе жатып, адам қосып отырған. Тәртіпсіздікке қатысушылар 5 қаңтарда Әуезов ауданының Полиция басқармасының, Алмалы ауданының Полиция басқармасы мен бөлімінің әкімшілік ғимараттарын басып алуға тырысқан. Ал кешке қарулы шабуылшылар қаланың Полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасаған. Әкімдік пен Президент резиденциясына шабуыл кезінде қылмыскерлер атыс қаруын қолданудың қаупін түсінгенімен, ғимараттарға мақсатты түрде шабуыл жасаған.
Ал қаңтар оқиғасынан кейін тұрғындардың талабы орындалып, өңірлерде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болған Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Өңірлерде әлі күнге қаңтар оқиғасына қатысты істер жүргізіліп жатыр. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған. Бұл бойынша 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды.