Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жер учаскелері жаңа әдіспен беріледі

0 702

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Жамбыл облысының орталығы Тараз бен Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларында жер учаскелері жаңа әдіспен, яғни электронды түрде беріледі.

Бұл бойынша ҚР Сенаты ағымдағы жылдың 15 наурызында мақұлдаған Заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Осыған сәйкес Жер Кодексіне 44-2 бап деген жаңа тармақ қосылып, соның негізінде жер учаскелері 2 түрлі әдіспен беріледі. Біріншісі, электронды форматта тікелей ұсыну, екіншісі сауда-саттық арқылы.
Аталған қызметтерді алу үшін бірінші кезекте өтініш беруші «E-Gov» порталына тіркеліп, «Жария кадастрлық карта» арқылы өтінішті ұсынады. Өтініш одан әрі облыстың e-jambyl.kz «Өңірлік геоақпараттық жүйесіне (Геопорталына)» жолданады.
Геопорталда берілген өтінішке сай тиісті жер учаскесін беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдау, берілген жағдайда қажетті құжаттарды дайындау, келісімдерді алу, дайын құжатты ұсыну сияқты жұмыстар атқарылады.
Тиісті шешімдерді қабылдау, келісімдерді алу бойынша әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін, Жария кадастрлық картаға жер учаскелері (шекаралары, берілгендері, бос жер телімдері.), құқықтық және қала құрылысы (бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, автомобиль жолдары, ерекше жағдайлары бар аймақтардың шекараларын қорғау аймақтары, су қорғау аймағы/жолағы, цифрландырылған инженерлік желілер, ғимараттардың мен құрылыстардың контурлары, мекенжай массиві, гидрография объектілері және т.б.) талаптары туралы деректер енгізіледі.
Жоғарыда аталған деректер бірінші кезекте облыстың e-jambyl.kz Геопорталына толықтырылып, одан әрі интеграция жүргізу арқылы Жария кадастрлық картаға ұсынылады. Қазіргі уақытта басқарма тарапынан Геопорталды қосымша деректермен толықтыру жұмыстары атқарылуда.
Сонымен бірге, 2023 жылдың 29 наурызы мен 3 сәуірі аралығында, басқарма мен «КАЗГИСА» ЖШС және Жамбыл обылсы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының қатысуымен Тараз қаласы мен Шу, Сарысу, Талас ауданы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдерінің жауапты мамандары жер учаскесін жаңа әдіспен беру туралы түсіндіру, талдау жұмыстары жүргізілді.
Ендігі кезекте, 4 қаланың табиғи монополия субъектілерімен жаңа әдіске сай жер учаскесінің таңдау актісін Геопортал арқылы келісу процестерін түсіндіру, талдау жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жаңа заң басқарманың тұрақты бақылауына алынып, тиісті жұмыстар мерзімінде атқарылады.

Айтқазы Қарабалаев,
Жамбыл облысы әкімдігі сәулет және қала құрылысы
басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.