Қаланың шырайын кіргізетін – сәулеті жарасқан ғимараттар мен саясы мол саябақтар ғана емес. Затына берілген атауы арқылы тарихтан тамыр тартып, ұлыларымызды ұлықтауға үлес қосатын көше аттарының да маңызы зор. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Сондықтан біз 480 мыңға жуық халқы бар Тараз қаласының көше атауларына назар аударған едік.
Ресми мәліметке сүйенсек, қалада 1 442 көше болса, оның ішінде тарихи тұлға, кісі есімімен 604, жер-су атауымен 155, дәстүрлі атаулармен 294, кісі есімімен 186 және мағынасы ескірген атаулармен тұрған 203 көше бар. Әрине, аузымызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Тәуелсіздік таңы атқан күннен бастап заман көшінде саяси мәні кетіп, құндылығын жоғалтқан көшелердің көбі халық қалауымен қазақшаланып жатқаны қуантады. Ел егемендігін алғаннан кейін қала өзінің тарихи «Тараз» деген атын қайта еншіледі. Тау тұлғалар тұғырына қонып, санамыздан өшуге айналған арыстарымыздың есімі көшелерге көрік берді. Дегенмен қалада кешегі кеңестік кезеңнен бері мұрты бұзылмаған күйі тұрған көшелер әлі бар. Бұл туралы қала тұрғындарымен тілдескенімізде, олар аты да заты да белгісіз көшелер, елдіктің туын көтерген азаматтардың атымен аталса деген ойын жеткізді.
– Мен Казаков көшесінің тұрғынымын. Алғаш көшіп келгенде «Казаков деген кім екен, халқымызға қандай еңбегі сіңді?» деген оймен интернеттен іздеп көрдім. Сөйтсем сонау Ленинград қаласында туған, Кеңес одағының театр әртісі, кино, телевидение саласында еңбек еткен. Яғни, үш қайнаса да қазаққа сорпасы қосылмайды, біздің қалаға еш қатысы жоқ адам. «Тараз – тарихымыздың күре тамыры, көне қала», – дейміз. Бірақ, атымызға затымыз сай болмай тұр. Мен тұратын аймақта Щусева, Студенческая, Перепелкина, Клара Цеткин, Дачная, Караванная, Козлова, Памирская Ползунова, Баженова, Желтовского деген сияқты көшелер бар. Ол адамдардың қандай еңбегі бар? Несімен халқымызға қадірлі? Беймәлім. Енді сол атауларды ауыстыратын уақыт әлдеқашан келді емес пе?! Мәселен, Бірлік, Шаңырақ, Ерлік, Ынтымақ, Тағылым, Алтын орда, Ақ орда, Алаш деген сынды атаулармен алмастырсақ та болады ғой?! Казакова емес, «Алаш» көшесінің тұрғыны болсам кеудемді қуаныш пен мақтаныш сезімі кернер еді. Облысымыздың тілдерді дамыту басқармасы, ономастика саласының мамандары осы мәселеге көңіл бөлсе нұр үстіне нұр болары хақ, – деп ішкі қынжылысы мен ұсынысын қала тұрғыны Гүлбақыт Берікқызы жеткізді.
Бұқараның базынасы орынды. Халық тілегін құзырлы орынға жеткізу – міндетіміз. Осы мақсатта Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваға хабарласқан едік.
– 2024 жылы жоғары атқарушы орган тарапынан әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құралдарына атау беру бойынша келісім алынған жол картасын басшылыққа ала отырып қаламыздағы жаңадан құрылған 2 аудан (1 аудан-Әулиеата, 2 аудан-Жібек жолы) және 1 атауы жоқ («Шалғай Қарасу» алабындағы 1-көше – Қорқыт ата көшесі), 2 мағынасы ескірген көшелерге (Жилкооперация көшесі – Иманжүсіп Құтпанұлы көшесі, Фресно көшесі – Шәкен Ниязбеков көшесі) атау беру мақсатында жұмыстар жүргізілді. Өткен жылдың 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ономастика комиссиясының кезектен тыс отырысында 2 ауданға атау беру ұсыныс қаралып, оң қорытынды алды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 17 қаңтарында облыстық мәслихаттың сессиясында қаралып, бірлескен қаулы және шешімі шығып Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізілді. Алдағы уақытта 3 көшеге атау беру туралы ұсыныс республикалық ономастика комиссияның кезекті отырысында қаралады. Мағанасы ескірген көшелерге жаңадан атау беру кезең – кезеңімен жүріп отыратын шаруа, – деген Бақыт Тілегенқызы Тараз қаласының аумағына енген елді мекендерден қосылған көшелердің ішіндегі қайталанатын атауларды қайта атау, екінші кезекте мағынасы ескірген көшелерге атау беру жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.
Көше атауларын зерделеу барысында еріксіз езу тартқызып, санаға салмақ салған жағдайларға да кезіктік. Мәселен Саңырық батыр ескерткішінің тақтасында «Саңырық» деп тұрса, ал көшедегі тақтайшалардың кейбіреуінде «Саңырақ» деп жазылған.
Қазақ халқының елі мен жерін қорғап, өмірі ат үстінде өткен батырдың есімі екі түрлі жазылуы бізді ойландырған соң, қазақ зиялыларының еңбектерін ақтардық. Батырдың есім-сойын Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы» еңбегінде, Ілияс Есенберлиннің «Жанталас» кітабында, Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында, Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» шығармасында «Саңырақ» емес, «Саңырық» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.
Ал белгілі әдебиеттанушы Бахытжан Мақашевтың айтуынша, халықтық этимологияда адам аттары бір ізге түспеген екен.
– Даңқты батырдың есімі бір деректе Саңырық, тағы бір еңбектерде Саңырақ деп жазылып жүр. Қазақ тілі түсіндірме сөздігінде де айқын көрсетілмеген. Жалпы тарихта Саңырық есімді Алашқа аты мәлім бірнеше тұлға болған. Мысалға, кіші жүз ішінде 1727 жылдары өмір сүрген өте қасиетті, әулие Саңырық Сексенұлы деген ақсақал өткен. Сондай – ақ даңқты ақын, әнші Ақан сері Қорамсаұлының үлкен аталарының бірінің есімі Саңырық. Ол кісі де өз заманында Көкшетау өңірінде танымал кісі болыпты. Сондықтан Саңырақ емес, Саңырық деген атау дұрыс, – дейді Б.Мақашев.
Осыдан кейін Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің есігін қайта қақтық. Бөлім басшысы Бақыт Тоқсанбаева біздің уәжімізді қолдап қате жазылған тақтайшаларды алмастыруға уәдесін берді.
– Тәуелсіздік алған соң бір жылдан кейін, яғни 1992 жылы халық депутаттарының №224 – шешімі бойынша бұрын Восточный көшесі – Мамбет батыр, Энгельс атындағы көше – Өтеген батыр, XXV Партсъезд көшесі – Рысбек батырдың есімімен аталған болатын. Сол қатарда Спутников көшесіне ұлт мақтанышы Саңырық батырдың есімі берілген еді. Не себеп екенін білмедім, сол кезде «Саңырақ» деп жазылып кеткен екен. Біз бұл олқылықты жою мақсатында тиісті жұмыстарды қолға алдық. Кейде көшедегі тақтайшаларды жаңалауға жауаптылардың салғырттығынан қателікке жол беретіні жасырын емес. Алдағы күндері Саңырық батыр көшесіндегі қате жазылған тақтайшалардың барлығы алынып бір ізге түсіреміз, – деді бөлім басшысы.
Тағы бір мәселе, көше атауларын жазудағы ала-құлалықты тақтайшаны жасаған адамның қиялына қарай бір жерде үлкен, бір жерде кішкентай әріптермен жазылып жүргенін де көріп жүрміз. Тіпті түрлі-түсті боялып, сан алуан оюмен өрнектелгендері де аз емес. Сөзіміздің түйіні ретінде айтарымыз, келмеске кеткен кеңестік кезеңнің көзіндей болған көшелердің атауы алынып, оның орнына азаттық жолында күрескен арыстарымыз бен ұлттық баяуы қанық қазақша аттар берілсе өскелең ұрпақтың санасына мәңгілік қазық болып қағылар еді. Сонымен бірге, ономастика саласы ең әуелі мемлекет тәуелсіздігіне, ел мен жерді ұлықтау идеясына қызмет етсе деген ниеттеміз.
Жұматай КӨКСУБАЙ