Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жер кезегіне тұру – ашық әрі қолжетімді

0 127

Қазіргі таңда қала кеңістігін тиімді ұйымдастыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды тұрақты дамыту – жер қатынастары саласына тікелей байланысты негізгі міндеттердің бірі.

Бұл саладағы кез келген шешім тек мемлекеттік басқару деңгейіндегі техникалық құжаттармен ғана шектелмей, халықтың күнделікті тұрмысын, әлеуметтік игіліктерге қолжетімділігін, болашақтағы демографиялық және экономикалық өзгерістерді де қамтиды. Әсіресе, Тараз сияқты қарқынды дамып келе жатқан қалада жер ресурстарын дұрыс жоспарлау – урбанистикалық саясаттың өзегіне айналған маңызды бағыт.
Соңғы жылдары жерге деген сұраныстың айтарлықтай артуы, тұрғын үй құрылысының жаңа кезеңге өтуі, инженерлік инфрақұрылымның жаңартылуы мен кеңеюі жер қатынастары жүйесін кешенді түрде жетілдіру қажеттілігін күн тәртібіне шығарды. Сондай-ақ көне шаһардың құрамына Жамбыл және Байзақ аудандарынан бірнеше елді мекеннің қосылуы жер ресурстарын басқаруда мүлдем жаңа, стратегиялық деңгейдегі қадамдарды талап етіп отырғаны белгілі. Сондықтан атқарылған жұмыстардың әрқайсысы қаланың бүгінгі қажеттілігіне ғана емес, оның ұзақ мерзімді дамуын да тікелей әсер етеді.
Әрине, жер ресурстарын тиімді басқару тек аумақтық жоспарлау құжаттарын жаңартып қоюмен шектелмей, қала дамуының барлық қырын тоғыстырады. Бұл өз кезегінде өзара байланысқан шаралардан тұрады. Мұндай шаралардың тиімді атқарылуы тек бүгінгі қажеттілікті өтеп қана қоймай, қаланың ұзақ мерзімді тұрақты дамуын да қамтамасыз етеді.

Соңғы жылдары Тараз қаласында осы бағытта едәуір ілгерілеу байқалады. Бұрын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған, айналымнан шығарылған бірқатар ірі аумақтар қайта зерделеніп, оларды жаңа тұрғын алқаптар ретінде қалыптастыру жұмыстары басталды. Бұл аумақтарда инженерлік инфрақұрылымның негізгі желілері тартылып, жол, су, электр және кәріз жүйелерін кезең-кезеңімен жобалау қолға алынды. Инфрақұрылымсыз берілген жердің шынайы баспанаға айналуы мүмкін еместігі ескеріліп, алдымен дайындық жұмыстарына басымдық берілуі – соңғы жылдардағы жер саясатының маңызды ерекшеліктерінің бірі. Осындай кешенді шаралардың жүзеге асуы – жылдар бойы жер кезегінде тұрған азаматтар үшін нақты мүмкіндіктердің ашылуы деген сөз. Жай ғана қағаз жүзіндегі жоспар емес, инфрақұрылымы дайындалған, құрылысқа қолайлы, болашағы бар жаңа тұрғын алқаптардың пайда болуы – мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың нәтижелі екенінің айқын дәлелі. Бұл жұмыстар жер мәселесінің түйінін бірден шеше салмаса да, көп жылдан бері қордаланып келген сұранысты реттеуге, кезек күтушілерге қолжетімді әрі әділ мүмкіндік ұсынуға бағытталған жүйелі қадам екені сөзсіз.
– Жер кезегіне қатысты мәліметтер жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік Кадастрының автоматтандырылған жүйесінде сақталады. Осы деректерге сәйкес, 2005 жылдан бері Тараз қаласы бойынша жалпы саны 130 352 азамат жеке тұрғын үй салуға жер алу кезегіне тіркелген. Кезектегі адамдардың көптігі қала аумағын тиісті деңгейде дайындауды, жаңа алқаптарды қалыптастыруды және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жеткізуді талап етеді.
Осыған байланысты соңғы жылдары Тараз қаласында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қаланың Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау құжаттарына сай, А.Асқаров көшесінің соңында және «Хамукат» алқабында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аумақтарды ашу үшін бұрын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған жерлер мемлекет мұқтажы үшін толықтай қайтарылды. Қазіргі таңда бұл жерлерде инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары жедел қарқынмен жүзеге асуда. А.Асқаров көшесінің соңындағы жаңа тұрғын алқаптың жалпы аумағы 368,3 гектар, оның ішінде 46,4 гектар аумақ жеке тұрғын үй салуға арналған учаскелер ретінде белгіленген. Ал жалпы ауданы 125 гектарды құрайтын «Хамукат» алқабында да су, электр, жол және басқа да инженерлік желілерді тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Инженерлік инфрақұрылым толық аяқталғаннан кейін жеке тұрғын үй салуға арналған учаскелер кезек тәртібімен азаматтарға берілмек. Атап айтқанда, «Хамукат» алқабынан – 524, ал А.Асқаров көшесінің соңындағы аумақтан 341 жер учаскесін 2006 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға реттілігіне сәйкес табыстау жоспарланып отыр, – дейді Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежанов.
Елімізде жер қатынастары саласы жылдар бойы қоғам үшін де, мемлекеттік басқару үшін де ең өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Әсіресе, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін алу тәртібі, кезектің әділдігі, ақпараттың ашықтығы және процесс тиімділігі көпшіліктің алаңдаушылығын тудырып, түрлі деңгейде пікірталастарға себеп болды. Бұрынғы жылдары бұл салада бюрократиялық кедергілер де, ақпараттың әр өңірде шашыраңқы сақталуы да, адами факторға тәуелділік те көп болатын. Соның салдарынан азаматтар жылдап күтіп, кезектегі қозғалысын бақылай алмай, жер бөлу кезіндегі әділдікке күмәнданатын. Соған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер қатынастары саласын толық цифрландыруды және жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер алуға кезекте тұрған азаматтардың бірыңғай ұлттық тізілімін жасауды тапсырған болатын.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп, жер кезегіне қою процесін толық автоматтандыруды қамтамасыз етті. Осының нәтижесінде жергілікті әкімдіктер өз тарапынан жылдар бойы жинақталған, әр деңгейде сақталып келген деректерді реттеп, оларды «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне енгізу үшін цифрлық форматқа көшірді. Қазіргі таңда бұл мәліметтер осы жүйеге толығымен жүктеліп, ашық әрі қолжетімді түрде көрсетілуде.
Бұған дейін жер кезегіне тұру үшін азаматтар әкімдікке барып, жазбаша өтініш тапсыратын. Бұл процесс 10-12 күнге созылып, кезектің бұрмалану қаупі жоғары болатын. Сонымен қатар өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталып, бірыңғай база болмағандықтан, мәліметтерді салыстыру да қиындық туғызды.
2022 жылы қолданысқа енгізілген жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілдерді толықтай жойды. Енді кез келген қазақстандық жер кезегіне онлайн тұрып, өзінің нөмірін, кезектегі қозғалысын және деректерінің дұрыстығын eGov.kz порталы арқылы өз бетінше бақылап отыра алады. Осылайша әрбір азаматқа тиесілі 10 сотық жерді алу процесі барынша ашық, жедел және әділ жүргізілуде. Процестің өзі де едәуір қысқарды. Яғни, бұрынғыдай бума-бума құжат жинамай, бар болғаны 5 минут ішінде өтініш беруге болады.
Әрине, жер теліміне кезекті цифрландыру сыбайлас жемқорлықты жою және жерді игеру үдерісінде жасалған үлкен ілгері қадам екені белгілі. Енді кәмелет жасына толған әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ 10 сотық жерге eGov.kz порталы арқылы өтінім бере алады. Тағы бір жаңашылдық – енді таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер теліміне өтінім беруге болады.
Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөлімінен «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметін таңдау қажет.
Әрі қарай өтініш түрін таңдау керек. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар:
– кезекке қою;
– деректерді өзектендіру;
– кезектен шығару.
Егер сіз жер учаскесін алу үшін кезекке алғаш рет өтініш білдіріп тұрсаңыз, онда өзіңіз жер алуды қалайтын аймақты таңдайсыз.
Егер сіз бұдан бұрын жер кезегіне тұрған болсаңыз, бірақ ол туралы ақпарат таппасаңыз, онда «Өзектендіру» өтініш түрін таңдауыңыз қажет.
Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn/ сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, бақылап отыруға болады. Ал бұдан бұрын тіркелген жер кезегінен бас тарту үшін «Шығару» өтініш түрін таңдау керек.
Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе өзі таңдаған елді мекенде бос жер телімі болмаса, жер кезегіне өтініш бере алмайды. Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді әкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елді мекеннің бас жоспарына сәйкес, бос аумақтар болған жағдайда беріледі.
Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана берілетінін, қалған өтініштердің күші жойылатынын да ескеру қажет.
Осы ретте айрықша атап өтерлігі, ҚР Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 сотық жер) тегін алуға құқылы.
Қазіргі уақытта жер ресурстарын тиімді пайдалану және қалалық, ауылдық жоспарлау мәселелерін оңтайландыру маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі болып отыр. Әрбір жер учаскесінің нысаналы мақсаты – оның заңнамалық түрде белгіленген пайдаланылу бағытын анықтайтын негізгі көрсеткіш. Алайда экономикалық жағдайдың өзгеруі, жеке және қоғамдық қажеттіліктердің алуан түрлілігі, сондай-ақ инфрақұрылымдық даму жоспарлары кейде жер учаскесін бастапқы мақсатына сәйкес пайдалануға мүмкіндік бермеуі мүмкін. Сол себепті жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту – қазіргі заманғы урбанистика мен ауылшаруашылық саясатында өзекті және қажетті процесс. Осыған орай ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 14 наурыздағы бұйрығымен жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі ережеге өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары жаңартылды.
Мемлекеттік қызметті облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ауылдық округтер әкімдіктері жеке немесе заңды тұлғаларға көрсетеді. Бұл процес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және eGov.kz электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Бұған қажетті құжаттар:
– нысан бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш;
– жер комиссиясының оң шешімі (елді мекеннен тыс жерде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде) немесе жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгергені туралы оң қорытынды қорытынды (елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде) болған жағдайда бір жұмыс күні ішінде;
– жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде оның кадастрлық (бағалау) құны актісінің көшірмесі, қажет болған жағдайда жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бюджет кірісіне төлеу, кадастрлық (бағалау) құны арасындағы айырмаға тең соманы бюджетке төлеу;
әуеайлақ маңы аумағында орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген жағдайда:
– әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат.
Жеке басты куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не дара кәсіпкер ретінде жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын қызметтің басталуы туралы, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары туралы мәліметтер тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден талап етіледі.
Қорытындылай келе, Тараз қаласында жер қатынастары саласында жүзеге асырылған кешенді шаралар мен реформалар қаланың тұрақты дамуына, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосып отыр. Әсіресе, соңғы жылдардың бедерінде атқарылған жүйелі жұмыстар тек жеке азаматтар үшін мүмкіндіктер ашу ғана емес, қоғамның жалпы игілігіне қызмет ететін стратегиялық қадамдар болып отыр. Жер кезегін цифрландыру, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жүргізу және жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту сияқты шаралар біртұтас кешен ретінде жүзеге асырылғанда ғана қала мен елді мекендердің ұзақ мерзімді, тұрақты және үйлесімді дамуына ықпал етері сөзсіз.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.