Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жер қатынастарындағы жүйелі жұмыстар жан жадыратады

0 151

Жер – адамзат өркениетінің қалыптасуынан бастап қоғамдық дамудың өзегінде тұрған, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық процестердің ажырамас бөлігі болып саналатын ең басты табиғи ресурс. Қай кезеңде болса да жерге иелік ету, оны тиімді пайдалану және қорғау мәселелері мемлекеттің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарған.

Қазіргі таңда жаһандану үдерістері, урбанизацияның күшеюі, ауыл шаруашылығы технологияларының жедел жаңаруы, сондай-ақ экологиялық қауіптердің артуы жер ресурстарын басқаруға қатысты жаңа талаптар қойып отыр. Осы тұрғыдан алғанда жер қатынастарын ғылыми негізде, құқықтық нормаларға сәйкес, тұрақты даму қағидаттарын ескере отырып реттеу – мемлекет үшін стратегиялық міндет.
Еліміз үшін де жер қатынастарының маңызы ерекше. Кең-байтақ аумақты игеру, ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуетін арттыру, жер қойнауын тиімді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту – барлығы да жер ресурстарының ұтымды басқарылуына тікелей байланысты. Жерге қатысты құқықтық, экономикалық және институционалдық тетіктердің үйлесімді жұмыс істеуі ғана елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттырып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан жер қатынастарын реттеу – тек мемлекеттік басқарудың бір саласы ғана емес, ұлттық мүддені айқындайтын, болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын анықтайтын маңызды жүйе. Бұл бағытта Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істер көңіл қуантады.

Көне шаһардың көкжиегі кеңейді

Қалалардың дамуы олардың аумақтық шекарасымен, инфрақұрылымдық әлеуетімен және жоспарлы урбанистикалық саясатының тиімділігімен тікелей байланысты. Әсіресе өңірлік деңгейдегі экономикалық және әлеуметтік орталықтардың бірі – Тараз қаласы үшін жаңа аумақтарды игеру, халық санының өсуіне және инфрақұрылымдық жүктеменің артуына бейімделу аса маңызды стратегиялық міндеттердің қатарында. Соңғы жылдары көне шаһар қарқынды дамып, жаңа кезеңге қадам басты. Осы орайда Тараздың аумақтық шекарасын кеңейту өңір үшін айрықша маңызы бар мемлекеттік шешім болып отыр. Бұл қадам қаланың болашақта ірі урбанистикалық орталық ретінде қалыптасуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді іске асыруға негіз болмақ.
2024 жылғы 29 қарашада қабылданған №1014 Үкімет қаулысы – дәл осындай жаңа тарихи кезеңнің бастауы. Бұл қаулыға сәйкес, Тараз қаласының шекарасы кеңейтіліп, Жамбыл және Байзақ аудандарынан бірқатар елді мекендер қала құрамына енгізілді. Аталған өзгеріс облыс орталығының кеңістіктік, демографиялық әрі экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жоспарлау міндеттерін айқындап көрсетті.
Атап айтсақ, Жамбыл ауданынан Жамбыл, Қаратөбе, Гродеково, Қарой, Бесағаш, Полатқосшы және Ақбұлым ауылдық округтерінің аумақтарынан 11 145,5 гектар жер қала шекарасын өтті. Ал Байзақ ауданынан Қостөбе, Ботамойнақ, Қызылжұлдыз және Бурыл ауылдық округтерінен 1 761,2 гектар жер көне шаһарға қосылды. Осының нәтижесінде Тараз қаласының жалпы аумағы бұрынғы 18 787,0 гектардан айтарлықтай ұлғайып, 31 693,7 гектарға жетті. Бұл облыс орталығы үшін жаңа даму кезеңінің басталғанын көрсететін айқын индикатор болғаны даусыз.
Әрине, шаһар аумағының кеңеюі ең алдымен, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, жаңа тұрғын үй кешендерін салуға, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік нысандарды орналастыруға мол мүмкіндік береді. Жаңа аумақтарда тұрғын үй құрылысы, жол-көлік инфрақұрылымы, мектептер мен медициналық нысандар сияқты әлеуметтік объектілерді салу арқылы көне шаһардың келбеті жаңғыра түседі. Сонымен қатар бұл өзгеріс қаланың ұзақ мерзімді дамуына, жаңа құрылыс аймақтарын игеруге және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жоспарлардың жүзеге асуына жол ашады.

130 мыңнан астам тұрғын жер кезегінде тұр

Жер ресурстарын тиімді басқару тек аумақтық жоспарлау құжаттарын жаңартумен шектелмейді. Ол – инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу, мемлекет мұқтажы үшін жер қайтару, болашақ тұрғын алаптардың әлеуетін алдын ала бағалау, сондай-ақ жер кезегін әділ жүргізу сияқты кешенді шаралардың жүйесі. Соңғы жылдары Тараз қаласында осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, бұрын ауыл шаруашылығы айналымында болған бірнеше ірі аумақтар жаңа тұрғын алқаптар ретінде қалыптастыруға дайындалды. Мұның барлығы жылдар бойы жер кезегінде тұрған азаматтарды баспаналы болу мүмкіндігімен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі екені сөзсіз.
Айталық, жер кезегіне арналған жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік Кадастры автоматтандырылған жүйесінде 2005 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 130 352 азамат тіркелген.
Осыған орай қала аумағында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ тоқталсақ, Тараз қаласының Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау құжаттарына сәйкес, А.Асқаров көшесінің соңындағы және «Хамукат» алқаптарында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа алаңдар әзірлеу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару шаралары толық аяқталып, аталған жер телімдері түгелдей мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінде бұл аумақтарда инженерлік инфрақұрылымды тарту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып жатыр. А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптың жалпы аумағы 368,3 гектарды құраса, оның 46,4 гектары жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған учаскелер ретінде айқындалған. Жалпы аумағы 125 гектар болатын «Хамукат» алқабында да инженерлік желілердің құрылыс жұмыстары жүруде.
Инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары толығымен аяқталғаннан кейін «Хамукат» алқабынан 524, А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптан 341 жер учаскесін 2006 жылы кезекте тұрған азаматтарға реттілігіне сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін беру жоспарланып отыр.

Көпшілік күткен көпір құрылысы қарқынды

Қаланың көлік инфрақұрылымы – оның экономикалық белсенділігі мен тұрғындардың күнделікті өмір сапасын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Артып келе жатқан автокөлік саны, жолаушылар тасымалының күрделене түсуі заманауи жол-көлік жүйесін қалыптастыруды қажет етеді. Осындай жағдайда тіршілігі тынымсыз, халқы тығыз Тараз қаласы үшін магистральдық көшелерді қайта ұйымдастыру, көлік ағынын жеңілдету, қауіпсіз жаяу жүргіншілер қозғалысын қамтамасыз ету керек екені айтпаса да, түсінікті.
Осы мақсатта қолға алынған Абай даңғылы арқылы өтетін жаңа көпір мен жаяу жүргіншілер өткелі – тек инженерлік нысан ғана емес, қала қозғалысының жаңа деңгейге шығуына жол ашатын инфрақұрылымдық жоба. Бұл көпір болашақта Тараздың көлік жүйесіндегі негізгі түйіндердің біріне айналып, көлік тығынын азайтуға, қалаішілік байланысты жақсартуға, жаңа шағын аудандар мен өндірістік аймақтардың дамуына серпін береді. Үлкен инфрақұрылымдық жоба болғандықтан, оны жүзеге асыру мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін қайтарумен қатар жүргізілуде.
Айталық, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысына сәйкес, көпірді жобалаушы «ДӘН-Қо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаны жүзеге асыру үшін мемлекет мұқтажы үшін қайтарылуы тиіс жер учаскелерінің нақты көлемдерін анықтады. Нәтижесінде барлығы 60 нысан, оның ішінде 43 жеке тұрғын үй мен 17 кәсіпкерлік нысан мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға жататыны белгілі болды.
Тараз қаласының Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Абай даңғылы арқылы өтпелі көпір және жаяу жүргіншілер өткелі, сондай-ақ оларға қатысты инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысын жүргізу үшін аталмыш даңғыл бойындағы жер учаскелері мен өзге де жылжымайтын мүліктерді мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару басталды. Осы бағытта Тараз қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 9 қарашадағы №4358, 2023 жылғы 22 қарашадағы №4452, 2024 жылғы 10 қаңтардағы №37, 2024 жылғы 29 ақпандағы №546 және 2024 жылғы 5 желтоқсандағы №3223 Қаулылары қабылданды.
Бүгінде жоғарыда аталған 60 нысанның 58-іне қатысты мемлекетке қайтару жұмыстары басталып, тиісті рәсімдер жүргізілуде. Ал 2 жер учаскесінің иелері мүлікті мұрагерлікке қабылдағаннан кейін қажетті жұмыстар өз жалғасын табады.
Сондай-ақ жер учаскелерін бағалау жұмыстары конкурс арқылы таңдалған тәуелсіз бағалаушы – «Evaluating company» ЖШС-іне жүктелді. Серіктестік тарапынан 2024 жылдың желтоқсан айында 58 нысанға бағалау жүргізіліп, олардың мемлекетке қайтарылу жалпы құны – 1,85 миллиард теңгені құрады. Бағалау нәтижелері бойынша меншік иелеріне тиісті ұсыныстар жіберілді. Осы ұсыныстарға сәйкес 41 меншік иесі келісімін беріп, олардың 40-на қаражат аударылса, 1 меншік иесінің төлеміне қатысты құжаттар рәсімделуде. Нәтижемен келіспеген 17 нысанның құжаттары сотқа жіберілді. Нақтырақ тоқталсақ, 7 нысан бойынша төлеуге сот шешім шығарылса, 2 нысан бойынша («Лейла» мейрамханасы және дүкені) істер соттан кері қайтарылды. Ал 8 нысан бойынша сот процесі әлі де жалғасуда. Сонымен қатар 2 жер учаскесінің иелері мүліктерді мұрагерлікке қабылдағаннан кейін, олардың да мемлекетке қайтару жұмыстары тәртіпке сай өз жалғасын табады.

Жер телімін аукцион арқылы да алуға болады

Жер ресурстарын тиімді пайдалану – кез келген өңірдің экономикалық дамуы мен урбанистикалық саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Жер қатынастарының ашық әрі әділ жүргізілуі, жеке және мемлекеттік инвестицияларды тарту арқылы қаланың инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызға ие міндеттердің бірі. Тараз қаласында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, мемлекеттік меншіктегі кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін сатуды және жалдауды заманауи электрондық форматқа көшіру арқылы ашықтық пен тиімділік қамтамасыз етіліп отыр.
ҚР Жер кодексінің 48-бабының 6 тармағына сәйкес, Тараз қаласында жер учаскелерін немесе олардың жалдау құқығын сату аукциондық жолмен – Мемлекеттік мүлік тізілімінің www.e-qazyna.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл әдіс жер қатынастарына деген қоғамдық бақылауды күшейтіп, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін тең мүмкіндіктер туғызады.
Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі 2025 жылдың 9 шілдесінде «E-Qazyna» мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы электрондық аукцион өткізді. Аукционға шығарылған жер учаскесі Әулиеата ауданында орналасқан. Жер телімінің нысаналы мақсатында бірінші қабаты кәсіптік мақсаттағы он қабатты тұрғын үйлер салу, үш қабатты тұрғын үйлер құрылысы, қауіпсіз балалар алаңшасын ұйымдастыру және жер асты паркингі және ішкі алаңдық инфрақұрылым жүргізу қарастырылған. Көлемі – 4,2172 гектар. Аукцион жеңімпазы анықталып, одан түскен жалпы түсім 237 772 082 теңгені құрады. Бұл – Тараз қаласының жер ресурстарын тиімді пайдалану арқылы бюджетке қосымша қаражат тарту саясатының нақты көрінісі. Сонымен қатар алдағы уақытта өткізілетін аукционға 9 жер учаскесінің тізімі жасалды.
2025 жылдың қаңтар-қараша айына жергілікті бюджетке жерді жеке меншікке сату және жер телімін жалға жер пайдалану құқығын беру – 303101 коды бойынша 855 323,2 миллион теңге, ал 303202 коды бойынша 329 354,9 миллион теңге орындалды. Бұл көрсеткіштер жер қатынастарын цифрлық платформа арқылы басқарудың тиімділігін, жерді сату мен жалға беруден түсетін түсімнің айтарлықтай мол екенін дәлелдейді.

Азаматтардың өтініші жауапсыз қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдар тарапынан барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуға тиіс екенін үнемі айрықша айтып келеді.
Осыған орай Тараз қаласында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі заманауи цифрлық платформалар арқылы тиімді ұйымдастырылған. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларына көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны 5 009-ды құрап, олардың барлығы азаматтарға «Egov», «Е-лицензиялау» және «Е-Zhambyl» жүйелері арқылы электрондық форматта көрсетілді. Бұл мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыруға, қызмет алушылар үшін уақыт үнемдеуге және бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған жүйелі шаралардың нақты көрінісі деуімізге болады.
Сондай-ақ жыл басынан бері жер мәселесі бойынша жеке және заңды тұлғалардан «Е-өтініш» жүйесіне 4 116 өтініш түсті. Солардың ішінде 3 545 өтініш қаралып, барлығына мерзімдеріне сәйкес жауап берілді.
Тағы бір айта кетерлігі, осы жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін жер қатынастары саласы бойынша Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан 2 683 қаулы, 1 659 шешім қабылданды.
Қорыта айтқанда, жер қатынастары саласындағы жүйелі жұмыстар Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында стратегиялық маңызға ие нақты іс-әрекеттер кешені болып отыр. Қала аумағын кеңейту, жаңа тұрғын алқаптар мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту, көпірлер мен жаяу жүргіншілер өткелдерін салу, орталық бөлікті абаттандыру арқылы жасыл аймақтар мен саябақтарды ұйымдастыру – бәрі де көне шаһардың заманауи келбетін қалыптастырып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Әрине жер қатынастарының тиімді реттелуі тек жеке және кәсіпкерлік мақсаттағы учаскелерді берумен шектелмейді. Ол азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету, қала инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік және экономикалық әлеуетті арттыру, сондай-ақ мемлекеттік бюджетті толықтыру арқылы да тұрақты дамуға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды алдағы уақытта жалғастыра береміз.

Нұржан БЕКЕЖАНОВ,
Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.