Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жемқор

0 261

Аяқты көтеріп тастап, үйде жатқаныма екінші күн. Ермегім – ділізібір. Шынымды айтсам, жата-жата жамбасым тесілетін болды. Басқа күн таппағандай дәл осы 4 күндік демалыста досым Асекеңнің Қызылордаға құдалыққа кетіп қалғанын қарашы. Әйтпесе ол әбізәтільнә бірдеңе ойлап табар еді.
Оң жамбасымнан солға қарай, жоқ әлде сол жамбасымнан оңға қарай ма, қазір тошно есімде жоқ, аунай бергенде:
– Көке, мейрамыңызбен! – деп есікті айқара ашып, үлкен ұлым кіріп келді. Арсалаңдап келген бойда бетімнен шөлп еткізіп сүйіп алды да, қолыма 10 мың теңге қыстыра салды.
– Бұл не? – десем:
– Сізге премия, бүгін алғашқы айлығым түсті.
Құдай берем десе, портішкеден бере салады деген – осы. Әйтсе де сыр бермеген мен:
– Сонда алған айлығың осы-ақ па? – десем.
– Жо-жоқ. Барлығын үйдегі Премьер-міністрге беріп қойдым, – дейді.
Сондағы Пріміріміз шешесі де, Прізіденті – ешкімге әмірі жүрмейтін баяғы мен. «Бүйткен Президенттігі құрысын» деп ашуға булығып:
– Жемқор, – деп орнымнан атып тұрдым. Оқыс қимылыммен қатар, шыңғыра шыққан «жемқор» деген сөзімнен шошып, түрі бұзылып кеткен балам:
– Көке, кімді айтып тұрсыз? – деп әжептеуір абдырап қалды.
– Кім болушы еді, сенің шешең – Прімір-міністр!
– Неге ол жемқор?
– Енді қара. Сенің айлығыңды алады ма, алады. Менің айлығымды алады ма, алады. Өзінікін тіпті көрмейміз. Сонда ол кім? Нағыз жемқор сенің шешең! – деймін қалшылдап.
– Көке, біз сонда кімбіз?
– Біз періштеміз!
– Періште?
– Иә, періште.
– Жоқ, әке біз «сыбайласпыз».
– Тәйт әрі, не дейді?!
– Енді ойлаңызшы, біздің айлығымызды қалтамызға басатын Премьеріміз «жемқор», ал мен айлығымнан экономдап қалып, шешеме көрсетпей сізге берсем «сыбайлас» болмаймыз ба?
Анасын әдемі қорғаған баламның тапқырлығына разы болған мен сылқ етіп орныма отыра кеттім. Осы кезде қалта телефоным безілдеп қоя берді. Құлағыма тоссам, Құдай берген Асекем.
– Құдалықтан келдім ғой. Сыбағаң тұр, үйге тез жет, Советскиім, – дейді.
Мен апыл-ғұпыл киіне салып сыртқа атқып шықсам, алдымда о Алла, өз Алмам тұр. Тезірек құтылу тактикасына көшкен мен: «Алмуша, қазір келем. Срочно жұмысқа шақырып жатыр», – дедім де, сөзге келтірместен бетінен шөлп етіп сүйіп, зыта жөнелдім. Қайдағы?! Артымнан Албан қызының «ана көлігіңнің стартерін ала кел» деген әмірлі дауысы жетті. Екеуін де жақсы көріп алып едім. Енді екеуі қалтамды қағып бітті. Мен үшін нағыз «жемқорлар» – міне, осылар. Сіздерде ше?

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ,
журналист-сатирик

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.