Желтоқсан оқиғасы – қазақ халқының ғасырлар бойғы азаттық аңсаған арманын қайта тірілткен, ұлттық рухты дүр сілкіндірген тағдырлы кезең. Биыл сол бір қасіретті де қасиетті оқиғаға 40 жыл толып отыр. Атаулы дата аясында облыстық «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тағылымды шара өтті.
Басқосуда сөз алған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Мұрат Бердалиев кездесудің маңыздылығына тоқталып, елдегі саяси науқандарға бірлестік мүшелерінің белсене қатысатынын жеткізді.
– Осыдан бес жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күніне орай: «1986 жылғы наразылық шеруі халқымыздың бостандыққа ұмтылысын көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының өшпес ерлігі біздің мемлекеттілік тарихымызға мәңгі жазылды», – деген болатын. Бұл сөзі желтоқсаншыларға көрсетілген зор құрмет әрі алаңға шыққан жастарға берілген әділ баға деп білеміз. Президентіміз атап өткендей, сол бостандыққа ұмтылған тарихи оқиғаға биыл 40 жыл толып отыр.
Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін талай азамат ақталды. Жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, елдің әр өңірінде желтоқсаншылар бірлестіктері құрылды. Сондай-ақ облыс орталығында «Желтоқсан-86» орталығы ашылды. Мұның барлығы – мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдаудың айғағы.
Өткен айдың соңғы күнінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциялық жобасы ресми түрде жарияланды. Бұл реформалар ел тұрақтылығын нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа Конституциялық жоба ел мүддесіне қызмет етеді деп сенеміз және бұл реформалар Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуіне жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз, – деген Мұрат Әзімханұлы бірлестік тарапынан биылғы жылға арналған жұмыс жоспарын таныстырды.
Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта білім беру мекемелері мен музей ғимараттарында студенттер мен оқушылар арасында тарихымызға, Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін патриоттық кездесулер өткізу көзделген. Сонымен қатар желтоқсаншылар музейін жабдықтау, мектеп оқушылары арасында Қайрат Рысқұлбековке және Желтоқсан тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстар мен жатқа жыр оқу байқауларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ 13 наурыз – Қайрат Рысқұлбековтің туған күніне орай оның туған ауылына бару, ал 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында облыстық Желтоқсан ардагерлері мен облыстық ардагерлер арасында волейбол турнирін өткізу де назарға алынған.
Бұдан бөлек, ҚР ұлттық мерекелері қарсаңында Желтоқсан оқиғасы құрбандарының туған жерлеріне бару шараларын ұйымдастыру, ұлттық ойындар спартакиадасын өткізу, 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған іс-шараларға атсалысу жоспарлануда. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында Желтоқсан көтерілісі тақырыбында кездесулер мен «дөңгелек үстел» отырыстарын өткізу, мектеп оқушылары арасында «Желтоқсан алауы» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру қарастырылған. Жалпы, жыл көлемінде Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына арналған 40 іс-шара өткізіліп, жыл соңында қорытындыланбақ.
Басқосу барысында Желтоқсан қарлығаштары өткенді ұмытпай, тәуелсіздік құндылықтарын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру – баршаға ортақ міндет екендігі туралы пікір алмасты.
Жұматай КӨКСУБАЙ