Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жеке мәселеге жіті назар

0 307

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев тараздықтар алдындағы есепті жиынынан соң, тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қоғамдық қабылдауға келуші-лерді мұқият тыңдаған Айтқазы Дәулетқұлұлы олардың бұйымтайлары елеусіз қалмайтынын және барлық мәселелер тиісті шешімін табатынын жеткізді.

Жеке мәселелерімен қабылдауға келгендердің дені басында баспана жоқтығын, тұрғын үй кезегінің жылжымай жатқанын айтып шағымданды. Осы сипаттағы жағдаймен келгендердің қатарында Нұржамал Әмірәлиева мен Гүлнар Қоңырбаева да бар.

– Кезекте тұрғаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Бала-шағаммен пәтер жағалап жүрміз. Бар үмітім Үкімет тарапынан берілетін тұрғын үйде. Биыл ретімен салынып, көпшілікке баспана кілті ұсынылып жатқанын жаңалықтардан естідім. Кезегім келгенше жаңадан салынып жатқан жатақханадан орын беруіңізді сұраймын. Қазір атаулы әлеуметтік көмекке де қажетті құжаттарымды түгелдей алмай жүрмін. Мамандар дұрыс кеңес берсе екен, – дейді Нұржамал Қырманқызы.
Тұрғын сауалына жауап берген Айтқазы Қарабалаев: «Дұрыс айтып отырсыз, қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сіздің де кезегіңіз жақындап келеді. Уақытша баспанамен қамтамасыз ету мәселесін тиісті мамандарға тапсырамын. Сізге барлық көмек беріледі. Ал атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне келсек, қаңтар айынан бастап бұл көмекті тағайындау тәртібі туралы естіген боларсыз. Заң аясында құжаттарыңызды жинасаңыз, сізге көмек міндетті түрде берілетін болады. Осында бөлім басшысы отыр. Міндетті түрде мамандар кеңес беретін болады», – деп жауап берді. Ал «Шалғай Қарасу-6» алқабының тұрғыны Құралай Алламбергенова болса, өзі тұратын аумақтағы газ, су, электр жарығы және қоғамдық көлік мәселелері туралы айта келіпті.

– Біздің алқаптың қала аумағына өткеніне 2 жылдың жүзі болды. Газ, су, жарықсыз күнелтіп жүргенімізге одан да көп болды. Бірде бар, бірде жоқ. Ол жақта да халық бар, ол жақта да ел, бала-шаға бар. Назарларыңызды бұрсаңыз екен. Шалғай аумақтарға арналған бағдарлама бар ма? Газ, су, жарығы бірде бар, бірде жоқ болып отырған біздің алқап қана емес қой. Қоғамдық көлік жайы да мәз емес. Екі автобустың жиілігі тым ұзақ. Әсіресе, қыстыгүні балаларға қиын. Осы жағдайларды зерделеп, мамандарға нақты тапсырма берсеңіз екен, – деді тұрғын.

Өз есебіндегі баяндама барысында шалғай округтердегі мәселелердің түйінін тарқатуға бел сыбана кіріскенін хабарлаған Айтқазы Дәулетқұлұлы саяжай типтес 27 шалғай елді мекеннің ахуалымен жақсы таныс екенін айтты.

– Біз биылдан бастап сіз келіп отырған Шалғай Қарасудың, мұнан өзге 26 саяжай типтес округтің инфрақұрылымын реттеуге кірісеміз. Жұмыс басталып та кетті. Кезек сіздің аумағыңызға да жетеді. Мәселе біздің назарымыздан тыс қалмайды. Оған алаңдамаңыз. Ал қоғамдық көлік мәселесіне келетін болсақ, тиісті мекемеге тапсырма берілген. Жақында сіздерге қосымша маршрут қосылады. Бұл мәселе де оңтайлы шешімін табады деп сеніңіз, – деді шаһар басшысы.

Әкімнің жеке қабылдауына 84 тараздық тұрғын келген. Айтылған мәселелердің 90 пайызы тұрғын үйге байланысты. Шаһар басшысы бұл сауалдардың барлығына қысқа да нұсқа әрі нақты жауап берді. Себебі баспана тек қана заң аясында және кезекке байланысты беріледі. Ал атаулы әлеуметтік көмек пен мүгедектікті тағайындау бойынша келген тұрғындардың жайы қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаеваға тапсырылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.