Астана қаласында өткен Республикалық инновациялық идеялар байқауына қатысып I орынды жеңіп алған Дулати студенттерін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қабылдап, құттықтады.
Облыс абыройын асқақтатқан студенттерімізді құттықтау барысында, химия саласының маңыздылығын баса айтты:
– Жобаны және жас ғалымдарымыздың басқа да ғылыми идеяларын жүзеге асыру маңызды. Түпкі нәтиже – жас ғалымдар мен кәсіпкерлерді тарта отырып, ғылыми жобаларды табысты іске асыру. Бұл химия өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз,- деді облыс басшысы. Кездесуде университет ректоры Мұхтар Байжұманов ЖОО қызметі мен студенттердің жетістіктері және шетелдік компаниялармен ынтымақтастығы туралы айтып берді. Сондай-ақ, кадр даярлау, жаңа мамандықтар ашу мәселесін де қозғап қайтты.
Бұған дейін сүйіншілеп жеткізгеніміздей «Химия және химиялық технология» кафедрасының 4-курс студенттері «Ауылшаруашылық қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналы сүзгі дайындау» жобасымен бас жүлдені жеңіп алды. Shell және Kazenergy компаниясының қолдауымен өткен білім додасында жас ғалымдар 5 000 доллар қаржылай сыйақыға ие болды. Алдағы уақытта жобаны жүзеге асыру барысында зерттеу жұмыстарын жалғастырмақ.