Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жазба әдебиеттің жүйрігі Жансүгіров

0 5  121

Қазақ Сәкен мен Ілияс, Бейімбет үшеуін «Үш бәйтерек» деп, бөле-жармай тұтас атаған, төбесіне көтерген. Солай дейтұрғанмен, Алаш ақтаңдақтарын айқын ашып, бірінен бірін кеш қалдырмай, бірінен бірін ерте оздырмай, таразы басын тең ұстағанда бұл үштіктің төрт тарабы түгенделер ме еді!

Өкініштісі сол, Сәкен туралы сөз айту арқылы қызғаныш туғызбаймыз, алайда шындыққа тура қарасақ, Бейімбет пен Ілиясты зерттеп-зерделеу ісінде кемшіндік барын ғалымдар да айтып жүр. Тіпті, бәрін қойғанда да Ілиястың өмірі мен шығармашылығының сан-саласын қамтыған, барлық жағынан зерттеген монографиялық еңбек мынау деп көрсете қоятындай дүние тапшы, жоқтың қасы.
Алайда осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында кейінгі кезде ғалым, зерттеуші Мұратбек Иманғазинов ілиястану ғылымына үлкен ізденістер жасап, айтулы тұлға шығармашылығының туған ұлтымен жаңаша танысуына зор еңбек сіңіріп жүргенін мойындау керек. Біздің ілгерідегі ойымыз туралы да ғалым: «Ілияс замандастары ішінде «тонның ішкі бауындай» болып кеткен тағдырлас Сәкен Сейфуллиннің өмірі жөнінде кітап филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Кәкішевтің авторлығымен «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша Мәскеуден 1984 жылы кітап болып шықты. Кейін қазақ тілінде жарық көрді. Бейімбет Майлиннің «Тамаша адамдар өмірінен» сериясы бойынша 90-жылдардың басында, филология ғылымының кандидаты, әдебиетші-ғалым Тоқтар Бейісқұловтың авторлығымен жарық көрді. Ал Ілиястың өміріне қатысты бұл сериямен кітап шықпақ түгілі, ғұмырнамалық (автобиографиялық) фактілері нақты анықталып болмаған. Бұл, әрине, өкінішті жайт», – деп қынжыла баяндайды.
Дейтұрғанмен, Ілиястың өмірі мен шығармашылық лабороториясының ауқымдылығы, кеңдігіне байланысты әрі алдағы 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай тағдырлы тұлғаның өмірінің бізге мәлім де беймәлім соңғы сәттеріне көз жүгіртсек дейміз.
Ақынның соңғы кезде қалай және қай жерде ұсталғанын, оны ұстап әкеткен адамдар жайлы оның ұлы Саят Жансүгіров «Азаттық» радиосының тілшісі, жас жазушы Өміржан Әбдіхалықұлына берген сұхбатында былай дейді: «Әкем ол уақытта Жазушылар одағын (1937) басқарған. Қазақтың салтымен жаз шыға таудың бөктерінде киіз үй тігіп, сонда демалады екен. Сол жақтан ұстап әкеткен. Қаладағы үйін тінтіп, құжаттарын, шығармаларын алып кеткен. Кейбір шығармаларының қайда екені әлі күнге белгісіз». Бұдан ары ақын шығармаларын тінтіп, жинап, арбаға салып әкетіп бара жатқанында Сапарғали Бегалиннің «Құлагер» поэмасын алып қалғанын, кейін оны Ф. Ғабитоваға тапсырғанын айтады.
Ілиястың өмірінің ақырғы кезіне дәлел бола алатын екі құжат бар: олар – Ілиястың қайтыс болғаны мен атылу мерзімі көрсетілген анықтама қағаз. Бұл құжаттар Талдықорғандағы ақын атындағы музей экспонаттары қатарында тұр. Ресми құжаттардың біріншісі «1947 жылы 19 көкекте қайтыс болғаны», оны Алматы қаласының №2 бөлімшесінің Халық соты 1957 жылы 29 мамырда берген. Алайда осындай тағы бір анықтама қағазды 1961 жылы 22 наурыз күні берген. Екіншісі: 1957 жылы 12 сәуірде Совет Одағының жоғарғы соты әскери коллегиясы анықтама берген қағазында «Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы 26 ақпан күні атылғанын» растайды.
Міне, осындай екі түрлі анықтамадан кейін ақынның туыстары, ұрпақтары қайсысына сенерін білмей, әрі-сәрі күйге түскен. Әкелерінің қай жерде жерленгенін біле алмай, дал болған балалары бұл жайды анықтау үшін біраз әуре-сарсаңға түсуге тура келеді. Бұл жағдайды ұрпақтарымен сөйлесіп, барлық жайға қанық ғалым М. Иманғазинов: «Сол тұста Мир көшесі, №83 үйде тұратын Ілиястың отбасына бір белгісіз адам келіп (қазан айы 1955 жыл): «Мен қамаудан жуырда босадым, Сібірде әкелеріңмен бірге болдым. Көп ұзамай аман-есен босап келеді. Мені сол кісі жіберіп еді», – деп дүрліктірді. Әлгі адамды жақсы қарсы алып, дәмді, жылы-жұмсақ тағамды алдына тосады.
Қаражаттың жоғына қарамастан, ол адамға киім-кешек әпереді. Сөйтіп, әлгі адамның асты-үстіне түсіп, бәйек болып қалады. Бір күні Хоппижамал (Ф. Ғабитованың шешесінің сіңлісі) төрде тұрған Ілияс пен Біләлдің суретін көрсетіп, «қайсысымен қамауда болып едің» дегенде, әлгі бейбақ Біләлдің суретін көрсетеді. Содан ол адамға сенімсіздік туып, оны Фатимаға айтқанда, Фатима Хоппижамалға ұрысады. Сол күннен бастап белгісіз адам көрінбей кетеді. Екі-үш ай өткенде әлгі адамды көшеде көрген Фатима бас салып ұстап үстіндегі Болаттың пальтосын шешіп алып қалады», – деп баяндайды.
Зерттеуші ғалым бұдан кейінгі ізденістерде ақын ұрпақтары, замандастары мен архив құжаттарының негізіндегі деректердегі ала-құлалыққа, сан тарау жауаптарға кезігіп, қайран қалғанын жазады. Ілиястың бертінге дейін өмір сүріп келгені туралы шындыққа бергісіз оқиғалар кім-кімді де тебірентпей қоймас еді.
Айталық, Сәкен мен Мағжанның айналасындағы әңгімелерде осындай бір халықтың сағынышынан, аңсауынан, ғажайып ұлдарынан көз жазып қалмауын қатты тілейтін тілеуден туғанындай. Сәкен мен Мағжанды, Міржақып пен Ахметті қалай іздесе, Ілиясты да солай іздеді. Өліміне де сенбеді. Осылай «Ілиясты соғыстан кейін көрдік. Ол кісімен Сібірде жолыққанымызда көзі соқыр болып қалыпты, тіпті ауылына келіпті, соны сезген НКВД қызметкерлері байлап-матап қайтадан алып кетіпті» деген қауесеттер әлі де өрттей лаулап, қу шөптей қаулап жүре берер ме еді?!
Осы кезде Қазақстан үкіметін басқарған Л.Мирзоянның Сталинге жолдаған құпия хаты жарияланып, көпшіліктің талқысына түсті. 1937 жылдың 2 желтоқсанында «аса құпия» деген таңбамен жолданған хатта «қоғамға жат элементтерді тазалау үшін» 1 600 адамды атуға лимит сұрағаны – тарихтың бетіне жазылған, мәңгілікке таңбаланған қара дақ. Қазақ халқы мұны «Мырзажан» дер еркелетіп, төбеге көтеріп, бір қаласына есімін беріп, ұлық тұтып жүрсе, мұның іздегені, істегені – ешкім ешқашан ақтай алмайтын жауыздық, қаны сорғалап тұрған зұлымдық. Сол хаттан кейін 1938 жылдың ішінде қазақ интеллигенцияның ірі қаймақтары атылып, сотталған. Олар – Жүсiпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейiмбет Майлин, Темiрбек Жүргенов, Әлiбек Қоңыратбаев, Смағұл Садуақасов, Ахмет Бiрiмжанов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзiр Төреқұлов, Ыдырыс Мұстамбаев, Бiләл Сүлеев, Мырзағазы Есболов, Абдолла Асылбеков, Әбдiрахман Айсарин, Сейiтқали Меңдешев, Жалау Мыңбаев, Халел Ғаббасов және өзгелер. Бұл топтың бел ортасында Ілияс Жансүгіров те бар. Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы ақпанның 26 күні қаза болғаны нақты дерек ретінде ескеруіміз керек. Егер де атың өшкір (расында да қазіргі кезде берілген көшелер Мирзоян есімі алыну үрдісі жүріп жатыр) зымиянның хаты болмағанда тарих таразысы басқаша төңкеріліп, ұлт зиялыларының жер бетінде алшаңдап жүруі әбден мүмкін еді. Сондықтан жоғарыда келтірілген екі құжаттың біріне, яғни «1957 жылы 12 көкекте Совет Одағының Жоғарғы Соты әскери коллегиясы берген анықтама қағазы Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы 26 ақпан айында қаза болғанын» растайтын деректі нақты деп қабылдаймыз да, екінші анықтама қағазының күмәнді болуына байланысты ғалым М. Иманғазиновтың зерттеулеріне ден қоямыз.
1937 жылы 5 тамыз күні жікшілдер мен шаш ал десе, бас алатын қаныпезерлердің кесірінен қамауға алынып, 1938 жылы 26 ақпан күні ату жазасына бұйырылады. Тек 1957 жылы 12 көкекте жазықсыз жазаға ұшырап, республикада отызыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың, социалистік заңдылықты бұзудың құрбаны болған аса көрнекті қазақ ақыны, жазушы, журналист Ілияс Жансүгіров толықтай, ақталып, туған халқымен қауышады.
«Ал жерленген жері: Алматының шығыс жағында орналасқан Талғар ауданының «Жаңалық» ауылы. 2 500 адам жерленген жер біршама үлкен екен. Міне, кеш болса да, ақын сүйегінің қайда жатқаны анықталды», – дейді ілиястанушы ғалым М. Иманғазинов.

Заңғар КӘРІМХАН,
алаштанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.