Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жазасын өтеушілер арасындағы жарыс

0 1  616

Жуырда Тараз қалалық пробация қызметі қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе «Тараз – қауіпсіз қала» тақырыбында сотталғандар арасында кіші футболдан спартакиада өткізді.

Жарысқа 29-35 жас аралығындағы сотталған азаматтардан жасақталған 4 команда қатысып, бақ сынады.
Қоғамдық оқшаулау орта-лығынан шыққан сотттал-ғандардың қоғамға бейімделуін және өмірге деген көзқарасын өзгерту және пробация есебінде тұрған тұлғалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен шара барысында командалар 15 минуттан 2 тайм өткізіп, жарыс көркін қыздырды. Тартысқа толы болған турнирдің нәтижесінде «Жастар» командасы І орынды иеленсе, ІІ-ші орынды «Тараз», ІІІ орынды «Алға» командалары еншіледі. Сондай-ақ қарсыластарының қақпасына 7 гол соққан Нұрқадір есімді азамат «Үздік ойыншы» атанса, өзге қатысушылар «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылдаушы», «Үздік қорғаушы» номинацияларымен марапатталды.
– Қалалық пробация қызметі сотталған жастармен жүйелі жұмыстар жүргізу, психологиялық кеңестер беру, жастардың жасаған қылмыстарын қайталамауына септігін тигізу мақсатында көптеген салауатты өмір салтын қалыптастыру, мәдени, психологиялық және де тағы да басқа шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруда. Пробация есебінде тұрған азаматтарды спорттық шараларға тартып, психологиялық көмек көрсетіп, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруды да назардан тыс қалдырған емеспіз, – деді Тараз қалалық №2 пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Олжас Бектаев.
Мұндай жарыстардың көптеп ұйымдастырылуын жазасын өтеуші азаматтар да қалайды.
– Мен футбол ойнағанды ұнатамын. Аталған турнир тартысты әрі қызықты өтті. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында пробация қызметінің қыз-меткерлері әртүрлі спорттық, психологиялық және тағы да басқа шараларға қатыстырады. Осындай шаралардан көптеген жақсы дүниелер үйрендім. Өзімнің жасаған қателігім үшін өкінемін. Болашақта, ондай қателікке жол бермеуге тырысамын. Жақсы маман иесі болуды армандаймын, — дейді сотталған Дәурен.

А.Ильясова,
Тараз қалалық 1, 2 пробация қызметінің әділет майоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.