Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаз-атаның ауылында жарқын істер жетерлік

0 185

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Мойынқұм ауданының бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Бұл туралы Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында баяндады.

–  Аудан экономикасының негізгі қозғаушы саласы өнеркәсіп саласы екендігі белгілі. Айталық жыл басынан бері 74,7 миллиард  теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,9 миллиард теңгеге артып отыр. Атап айтқанда 1434,0 кг алтын, 231,0 кг күміс, 1170,0 мың тонна цемент, 12,0 мың тонна гранит, 70,0 мың тонна көмір және 62,4 мың тонна барит рудасы өндірілді. Сондай-ақ биыл ауданда 2 ірі жоба іске асырылады.  Соның біріншісі – Мирный ауылындағы «Turan Industry» ЖШС-нің табиғи тастан  қаптау плитасын өндіру жобасы. Жоба құны 500,0 млн. теңге. Жылдық қуаттылығы 1 170,0 млн. теңгенің өнімін өндіру. Екіншісі –  Мыңарал ауылындағы «Satellite GS» ЖШС-нің құрамында  алтыны бар кенді өндіру жобасы. Жоба құны 500,0 млн. теңге. Жылдық қуаттылығы – 900,0 млн. теңгенің өнімін өндіру.  Аталған кәсіпорындар ағымдағы жылдың желтоқсан айында ашылатын болады. Бұл жобалардың жүзеге асуы өнеркәсіп өнімінің жылдық көлемін 2,1 млрд. теңгеге арттыруға ықпал етеді. Нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі жыл қорытындысымен 91,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 9,0 %-ға артпақ. Ал ауыл шаруашылығында есепті кезеңде 5,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткішөткен жылмен салыстырғанда 1,3 млрд. теңгеге артық.  Мал шаруашылығының өнімдері 4662,6 млн. теңгені құраса, егін шаруашылығы  1242,0 млн. теңгені  құрап отыр.

 

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы қаралуда. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 3,4 млн. теңге қаражат қаралып, 15 жұмыссыз азамат “жиhаз құрастырушы” мамандығы бойынша оқытылды. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 100 маманға көтерме жәрдемақы төлеугеаудандық бюджеттен 30,6 млн. теңге, 28 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беру үшін республикалық бюджеттен 128,6 млн. теңге қаржы қаралды.  Жыл басынан бері 78 маманға 24,1 млн. теңге көтерме жәрдемақы, 20 маманға 91,9 млн. теңгеге тұрғын үй сатып алынды, – деген Әлихан Әбіләшұлы аудандағы автомобиль жолдарының да ахуалына тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 93,7 пайызды құрап отыр екен. Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін ағымдағы жылы жол жөндеу мен күтіп-ұстау жұмыстарына барлық бюджет көздерінен 372,0 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ, аудан бойынша 24 ауылдық елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жобалық құны 1 млрд. 461,3 млн. теңге болатын «Ақсүйек ауылын ауыз сумен жабдықтау және су тарату жүйесі» нысаны құрылысының  жұмыстары жүргізілуде екен. Жоба 2023 жылы аяқталып, нысан пайдалануға берілмек. Көкжелек ауылында да магистралдық және сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жобалық құны 423,7 млн. теңге. Жоба 2023 жылы аяқталып, нысан пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар ағымдағы жылы Бірлік ауылында тазарту қондырғысы (мембраналық) құрылысы жүргізілуде, жоба құны 338,9 млн. теңге. Ауыз сумен қамтылмаған өзге елді мекендер облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес алдағы жылдары атқарылмақ. Аудан әкімі  бұған қоса 13 ауылға көгілдір отын кіргізілетінін, қазіргі уақытта жобасы дайын екендігін де жеткізді.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері көкейдегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар алды.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.