Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жауынгерлік шеберлігін шыңдады

0 322

Ұлттық ұланның сапында қызмет ету – жас өрен үшін мәртебе. Ел тыныштығын күзетіп, қорған болу – әрбір азаматтың борышы. Борышын абыроймен өтеп, берген антына адал жандар сыннан өтті.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Юрий КИМ

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында құқық қорғау органдарының қызметкерлерін аттестациядан өткізуді міндеттеген болатын. Ал таяуда өткен ҚР ІІМ-нің алқа отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарындағы реформалық жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Осы орайда, 5513 әскери бөлімінің жеке құрамы ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жоспарына сәйкес кезектен тыс аттестациядан өтті. Бір аптаға жуық жеке құрам өз білімдерімен қатар атыс даярлығы және дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақ тапсырды.

– Ұлттық ұландағы бұл сынақтар жауынгерлік қызмет сапасын арттыруды, білікті мамандардан толыққанды кадрлық резерв құруды, әр әскери қызметшінің іскерлік, тұлғалық және жеке қасиеттерін жан-жақты әрі әділ бағалауды, өз лауазымына сәйкестігін анықтауды көздейді. Алдымен жеке құрам «Тараз-Арена» спорт сарайында түрлі нормативтер бойынша спорттық дайындықтарын сынады. Сондай-ақ ұландықтар 5513 әскери бөлімінің базасында білімдерін көрсету үшін 50 сұрақтан тұратын тест тапсырып, полигонда ату жаттығуы бойынша сыннан өтті, – деді 5513 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары Дамир Қасымов.

Үш жылда бір өтетін аттестацияның негізгі мақсаты – құқықтық тәртіп әскері әскери қызметшілерінің қызметін, олардың кәсіби және қызметтік қабілеттерін жан-жақты әрі әділ бағалау, сондай-ақ кадрларды іріктеп, дұрыс тағайындау. Жыл басынан бері қызу дайындық жүргізген шенділер әрбір норматив бойынша жоғары көрсеткіш көрсетуге барын салды.

– Бізге аттестация болатындығы туралы жыл басынан айтылды. Бүгінгі таңда әрбір әскеридің дайындығы жоғары деңгейде. Сондықтан біздер үшін бұл күнделікті жұмысымыз іспетті. Аттестациядан өту аса бір қиындық туғызады деп айта алмаймын, – дейді 5513 әскер бөлімі штабының маманы Жанар Садвакасова.
Бірнеше күнге созылған аттестациялаудан сүрінген шенділер үшін тағы бір мүмкіндік беріледі екен. Бірақ ол кезеңнен де сүрінген ұландық жұмыстан босатылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.