Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жауһар төгіп, жақұт шашқан шаһар

0 244

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

«Туған елім болмаса, тумай-ақ қойсын ай мен күн» дейді шайырлар. Бұл біздің Тараз қаламызға да тікелей қатысы бар. Таразымыз – шығыс қалаларының ішіндегі жауһар төгіп, жақұт шашқан әсем де көрікті шаһар. Тараз тарихы ұлылық пен ұлағатқа өте бай. Түркі әлемінің мәдени астанасына лайықты қала.
Тараз қаласының тарихын білу, оны құрметтеу – ол тарих пен бүгінгі күннің арасында сабақтастық пен байланысты орнату. Сол тарихи мұра арқылы бүгінгі жастарымызға тәлім-тәрбие беру өте маңызды.
Егемендік жылдары Тараз қаласының өзіндік шынайы ұлттық нышаны, ерекше болмысы, рухани мазмұны, кескін келбеті айрықша сезіне басталды. Мысалы, Ұлы Жібек жолында, қалаға кіреберісте Қазақ хандығының негізін қалаған екі хан – Керей мен Жәнібектің ескерткіші қойылды.
Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде жазғандай, 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандары Қозыбасы тауының етегінде үш жүздің өкілдерінің басын қосып, Қазақ хандығының құрылуы туралы ресми жариялады. Осындай тарихи оқиғаларды насихаттау бізге ұлттық рухымызды, иманымызды, бірлігімізді нығайту үшін қажет.
Әр ел өз тарихын өзі жазады. Қазақ халқының ұлы перзенті, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқандай: «Ұлтарақтай болса да, ата қоныс – жер қымбат, ат төбеліндей болса да, туып өскен – ел қымбат».
Құрметті жерлестер! Тараз қаласының тұрғындары! Қала күні құтты болсын! Қаламыздың көркі мен әлеуметтік ахуалы күн санап арта берсін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.