Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жатақханалар жөнделіп, тұрғын үйлер жаңаша кейіпке енуде

0 287

Күннен-күнге өркендеген Тараз қаласы шұрайлы шежіресімен қоса, шырайлы көркімен де талайдың таңданысын тудырып келеді. Бұл бір жағынан көне шаһардың туризм орталығына айналуын жеделдете түседі. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті қалаға аялдаған әрбір адамның назарын бірден аударары сөзсіз. Сондықтан бірер жылдың бедерінде Таразда осы бағытта ілкімді істер қолға алынды.
Әрине, бүгінде тозығы жеткен үйлердің қала көркін қашырып ғана қоймай, тұрғындардың тіршілігі үшін де қолайсыз жақтары көбейе бастағаны белгілі. Осыған орай, шаһар аумағындағы пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асқан 1 103 үйдің бұған дейін 489-ы күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614 үйді жаңғырту алдағы уақытқа жоспарлануда.

Ерекше айта кетерлігі, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жер» 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламалары аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бастап қолға алынып, республикалық, жергілікті бюджет пен қайтарым қаражатты қоса алғанда 16, 590 млрд теңгеге жоғарыда аталған 489 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 43-тен 39 пайызға төмендеді. Сондай-ақ Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша 2024 жылға 53 көппәтерлі тұрғын үй жаңа кейіпке енбек. Бұл бойынша бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылып, биыл тиісті қаржының бөлінуі қарастырылды.

Бұған қоса, 2025 жылы 54 үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне тапсырылған.
Сонымен қатар «Интерстрой Азия» ЖШС тарапынан Төле би көшесінде орналасқан №11, «Тұрғын үй жөндеу», «Абырой Инвест» және «TarazGazNur» ЖШС-нің мердігерлігімен «Қаратау» ықшамауданы, №37 «А», №39 және «Салтанат» ықшамауданы, №29 «А», №29 «Б» жатақханаларына ішкі әрлеу, су, жылу, кәріз, электр қуатын жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, коммуналдық меншікте тұрған «Бәйтерек» ықшамауданындағы №5, 8, 12, 14, 31, 39 үйлерге «Арқас-А», «Юг-ТехСнаб» ЖШС мердігерлігімен жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Биыл тек ықшамаудандар ғана емес, орталықтағы үйлерге де басымдық берілуде. Соның айқын айғағы – «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС мердігерлігімен Төле би даңғылында орналасқан №38, 40, 44, 48, 50, 52, 54, 56, 57, 58, 59, жалпы саны 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері, шатырлары күрделі жөндеуден өтуде.
Осы ретте айта кетерлігі, Абай даңғылындағы №117, 121, 123, 128, 129, 130, 132, 134, Желтоқсан көшесі, 71, Әйтеке би көшесі, №1, 2 және Қазыбек би көшесі, №103, 113, 120, 140 тұрғын үйлерді де жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Бүгінде Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың барлығы келешекте жоспарға сай кезең-кезеңімен жаңа кейіпке енеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.