Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жат ағымның жетегінде кетпейік!

0 289

Қазіргі уақытта қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – дін саласында зардап шеккен адамдарды оңалту. Әр облыс пен ірі қалаларда бұл жұмыспен негізінен арнайы оңалту орталықтары айналысуда. Аталған орталықтардағы теолог мамандар адасушы ағымның айтағына еріп, өмірде адасқан жандармен тікелей жұмыс істейді. Оларға теологиялық дәрістер өтіп, Қазақстанның заңдарын түсіндіріп, психолог мамандар көмек береді. Мешіт қызметкерлері мен имамдар да бұл істе шеттеп қалып отырған жоқ. Себебі адасушы ағымдар жетегіне көбіне діни білімі таяз адамдар ілігуде. Осы орайда мешіттердегі діни оңалту жұмыстары қалай жүргізілетіні және оңалту барысында нені ескеру керектігіне арнайы тоқталуды жөн көрдік.

Ағарту бағыты

Діни оңалту жұмыстарында алдымен адамның сауатын арттыруға көңіл бөлу керек. Себебі адасу сауатсыздықтан туындайды. Дініміздегі ең алғашқы бұйрық «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» болғаны баршаға мәлім. Құранның тағы бір аятында: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?», – деп білімсіздер мен білімділердің теңесе алмайтынын ұғындырады. Ислам діні «талбесіктен жер бесікке дейін» білім ізденуге шақырады. Сондықтан деструктивті ағымға ергендерге тек теологиялық дәрістер өтіп қана қоймай, мұндай келеңсіздіктердің болмауы үшін ағартушылық, яғни алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Деструктивті ағымның алдын алудағы ең тиімді жол – ол жастармен етене жұмыс жасау. Жастарға көңіл бөліп, оларды көзсіз еліктеушіліктен сақтандыру керек. Сондықтан, Аллаға шүкір, қазіргі таңда медресе-колледждер қатары көбеюде. Құран жаттайтын, араб тілін үйрететін орталықтар ашылып, діни сауат ашу үшін дұрыс бағыттағы брошюралар таратылып және шағын кітапшалар шығару, хадистер, пәтуалар, уағыздардан қысқа метражды видеолар дайындау, қайырымдылық шараларын жиі жасау, діни біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыру жұмыстары жасалып жатыр. Бұған қоса, «Дін – насихат» деп хадисте ескертілгендей, дұрыс бағыттағы дін насихатын күшейту, кадр жетілдіру, шәкірттер қатарын көбейту жұмыстарына мән берілуде. Міне, ағарту бағытында осындай кешенді жұмыстар жасалып, алдағы уақытта кеңінен қолға алынады.

Желідегі белсенділік

Бүгінгідей ақпарат тасқыны алға озған кезеңде мешіт қызметкерлерінің жан-жақты болғаны артық етпейді. Болып жатқан мәселелерге біржақты қарау дұрыс байлам жасауға жеткіліксіз. Бүгінде интернет, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы адастырушылардың қармағына түсіп жатқандар аз емес. Сол себепті әлеуметтік желілерде белсенділікті барынша арттыру мақсатында арнайы парақшалар ашып, адастырушы діни түсініктер үнемі әшкереленіп, дәстүрлі діни таным көбірек насихатталып жатыр. Ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты аражігін ашып көрсетіп, жұртшылықтың діни сауатын арттыруға күш салынып жатыр. Әрине, бұл бағытта Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей тапсырмасымен ҚМДБ жанынан ашылған ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі жұмыс істеуде. Атап айтқанда, медиа саласына басымдық берілді және облысымыз бойынша «ASYLDIN.KZ» телеарнасы іске қосылды. Одан бөлек, ҚМДБ-ға қарасты әр облыс мешіттерінің жеке сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшалары ашылды. Осы сияқты сайттар мен парақшалар қазіргі таңда көптеген адамдар арасында дұрыс діни таным қалыптастырып, пайдалы ақпараттар таратуда.

Дін мен дәстүр

Оңалту жұмыстары барысында өзінің дәстүрлі мәдениетін жатсынып, салтын жатырқағандарға дініміз мен дәстүріміздің арасында сабақтастық бар екенін түсіндіруіміз керек. Жас келіннің сәлем салуының астарында қаншама игілікті мұрат жатыр? Келін жаңа келген ортаға ізет, ибасымен жағады. Ол «Кім үлкенге құрмет танытпаса, кішіні қорсынса, бізден емес» деген пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисіне сәйкес, үлкен кісінің алдын қия баспай, көрген жерде иіліп сәлем салады. Ізет-құрметінен жаңылмаған келінді көрген үлкендер жағы «Бақытты бол, айналайын!», «Ұл тап!», «Өркенің өссін!», «Дегеніңе жет!» деген секілді баталы тілегін жаудырады. «Батаменен ер көгерер» дегендей, осындай жақсы сөздерді, бата-тілектерді естіген келін қайтіп жаман болады? Қайта жүрегіне ізгілік ұяламай ма? Туыстардың сыйластығына да сеп болады. Бұл «Тек жақсы сөз айтыңдар» деген аятқа амал ету емес пе? Үлкеннің батасына қол жаймау, жеті шелпекке қырын қарау жергілікті діни танымнан алшақ кетуді білдіреді. Ендеше, мұндай әдемі салттарды жоққа шығарғандар не ұтпақ? Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ-ның жұмыс бағыттары аясында дін мен дәстүр ұштастығына мән беріп, Діни басқарма жанынан діни оңалту бөлімін ашу арқылы бұл бағытты назарынан тыс қалдырмайды. Яғни республика көлемінде осы іске білімді, білікті кадрлар жұмылдырылып отыр. Сондықтан оңалту жұмыстарында ұлттық сана, қазақ мәдениеті мен тарихы, ұлттық код туралы жиі дәріптелгені абзал. Сондықтан бізідің айлық жоспарымызда үнемі жамағат арасында сүннетке сай ұлттық ойындарды дәріптеу, Алаш зиялыларының дін туралы айтқан пікірлері және ақын-жазушы, би-шешендеріміздің дін туралы қозғаған сөздері имамдар тарапынан кеңінен айтылып жатыр.

Білімсіздікпен күрес

Мұсылмандар қоғамның алға басуына кедергі болатын түрлі кеселдермен саналы түрде күрес жүргізуі керек. Соның бірі – білімсіздікпен күрес. Надандық негізінен осы білімсіздіктен туады. Кедейліктен арылу үшін де сауатты күрес жүргізілгені дұрыс. Алауыздықты да кесел деп ұқпайынша, қоғамның алға басуы қиын. Ахмет Байтұрсынұлы осыдан тура бір ғасыр бұрын «Қазақ» газетінде: «…Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген болатын. Біз осы бағыттағы жұмыстарды көбейтіп, еңбекқорлықты, кәсіп игеру, мамандық иесі атану, халыққа пайдалы азамат болуды үнемі түсіндіріп отыруымыз қажет.

Ержан Аманбаев,
Тараз қалалық орталық
«Әулие ата» мешітінің бас имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.