Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жат ағым жарға жығады

0 277

Жастар мен дін тақырыбы өте маңызды. Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени құрылым. Ал жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші.

Дінге деген көзқарас әр кезеңде, әр қоғамда сан алуан болып келген. Діни ұстанымдар негізінде қалыптасқан сенім жастардың қоршаған ортамен, басқа адамдармен санасы мен дүниетанымы бойынша орнығады.
Барлық тарихи кезеңдерде жастар қоғамның ең ұтқыр, оқуға, жаңалық енгізуге және реформаларға бейім бөлігі ретінде сипатталғанын бәріміз білеміз. Қазіргі таңда тек білімді, ой-санасы терең, ақыл-ойы дамыған және кәсіби дайындалған жастар ғана сапалық, серпінді және инновациялық дамудың маңызды шарты мен кепілі болатынын, еліміздің болашағын қамтамасыз ете алатынын ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
Бүгінде Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың үлес салмағы 4,5 миллионнан астам адамды құрайды. Олардың 700 мыңнан астамы – студенттер.
Қазіргі заман жастарына басты қауіп-қатер деструктивті діни ағымдар тарапынан келуде. Себебі діни ағымдар өз қатарына адамдарды, әсіресе жастарды баурап алу үшін олардың психологиялық, психикалық жай-күйін бақылап, талдау жасау арқылы қолдарындағы бар мүмкіндікті пайдаланып, ғаламтор желісінде ақпараттық материалдар жариялайды.
Қазір барлық адамзаттың ғаламтор желісін қолдануы заңдылық. Әсіресе жастар үлкен буын өкілдеріне қарағанда ғаламтордың мүмкіндіктерін жетік меңгерген. Сондықтан олардың осындай амалдар арқылы өзіне тартатын деструктивті ағымдардың әсеріне ұшырау қаупі жоғары.
Сонымен қатар жастардың діни идентификациясының қалыптасуындағы маңызды факторлардың бірі – діни дүниетанымның, сананың қалыптасуы.
Жастардың психологиялық ерекшеліктерінің кейбірі туралы нақты құбылыстық сипаттар белгілі. Олардың ең басты мәселелерінің бірі кәсіп табу мен жолдас таңдау десек қателеспейміз. Олардың табиғатындағы асқан қиялшылдық, байлыққа құмарлық, өзгеден ерекшелену, өзін тани алмау, тұлғалық адасушылық, моральдық және рухани құндылықтардың арзандауы, фанатизм, жұмыссыздық, т.б. жағдайларды бүгінгі жастар проблемасына жатқызуға болады. Бұған себептерде жоқ емес. Соның бірі қоғамдағы әлеуметтік, мәдени, және жүйедегі жылдам құндылықтық өзгерістерге бейімделе алмауда жатады. Осы құбылыстарға параллель өзін өзгерте алмаған жастар рухани психологиялық қобалжуларға тап болады. Жас ерекшеліктеріне қарай жылдам өзгерген құндылықтар мен нормаларға үйлесімділік сақтай алмай қиналады. Сондайлар ешбір құндылық танымастай өзгеріп, идеал мүдде таба алмай мақсатсыздыққа беріліп, күнделікті тіршілікке, тәндік ләззатқа, материалдық жылтыраққа құмартып, өзіне сосын ортасына бөлектеніп кете барады. Болмаса шектен тыс идеализмге, фанатизмге бой алдырып, айналасын өзгертуге тырысады, агрессиясы артады да, тура жол тек өзінікі сияқты көрінеді. Ал оны осы психологиялық ахуалға итермелейтін кеңістік – отбасы, жолдас-жоралары, мектеп және білім беру жүйесі, өскен ортасы, телерадио-бұқаралық ақпарат, интернет құралдары, әлеуметтік желілер.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақал бар. Сондықтан баланың ең алғашқы тәлім-тәрбие, білім алу ортасы – отбасы. Отбасы дұрыс болуы керек. Дұрыс отбасынан саналы ұрпақ, одан қоғам мен мемлекет қалыптасады. Сол үшін отбасында рухани құндылықтар мен діни тәлімнің рөлі үлкен. Бала алдымен сол отбасында, бата, тілек, дұға, мінажат, қайыр-садақа, өлгендерді еске алу, Жаратушы Құдай, діни мейрамдар мен парыздар сияқты ұғымдар мен танымдарды бойына сіңіреді. Фараби атамыз айтпақшы, жалпы бала білімнен бұрын тәрбие алып үлгеруі тиіс, оның ақылы мен сенімі, миы мен жүрегі тұтас болуы керек.
Жастарда ақылға қарағанда сезім, эмоция, желігу басым болады. Ал құрғақ сезімдер көрсоқыр, балаға болашағын көрсете алмайды. Сондықтан оған ата-анасы, сосын дос-жараны, мектепте ұстазы, қоғамда ортасы жауапты.

Абзал Есіркепов,
қалалық жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.