Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жасыл желекке жан бітірген «Жасыл ел-Тараз»

0 83

Қала тазалығы – тұрғындардың өмір сапасын айқындайтын маңызды саланың бірі. Көшелердің көркем келбеті, саябақтар мен қоғамдық орындардың ұқыпты күйде сақталуы – күн сайын көзге көріне бермейтін, бірақ маңызы зор еңбектің нәтижесі. Осы істің бел ортасында шаһардың тазалығына жауапты «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері тұр.

Аталған мекеме шаһардағы көлік жолдарын қысқы мезгілде күтіп ұстау, кездейсоқ күл-қоқыс орындарын жою, тротуарларды сыпыру, көшелерді жуу, арық жүйелерін тазалау, каналдарды тазалау, тал және гүл егу, қураған талдарды санитарлық кесу, жасыл желектерді суғару, ортақ пайдалану орындарын күтіп ұстау және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысады.

Қаланың сәулетті келбеті мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы бағытта мекеме тарапынан өткен жылы қала аумағын көгалдандыру және абаттандыру бойынша бекітілген жоспар аясында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде жасыл желек көлемі артып, қаланың экологиялық және эстетикалық келбеті айтарлықтай жақсарды.
– Өткен жылы шаһардағы жасыл аймақтарды көбейту мақсатымен 19 мың жасыл желек отырғызу орны дайындалып, оған 3 500-ден астам қылқанжапырақты және 5 500-ден аса жапырақты ағаш егілді. Сонымен қатар 10 мың түп ашық тамырлы көшет отырғызылып, жалпы саны 35 мың ағашқа күтім жасалды. Бұл жұмыстар қаланың жасыл қорын молайтып, жаңа көгалдандырылған аумақтардың қалыптасуына мүмкіндік берді.
Отырғызылған ағаштардың сапалы өсуі мен жерсінуін қамтамасыз ету де назардан тыс қалмады. Қылқанжапырақты және жапырақты ағаштардың түптеріне 1 813 текше метрден астам минералды тыңайтқыш себіліп, 7 200-ден аса дің маңы ойықтарына бірнеше мәрте өңдеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде ағаштардың төзімділігі артып, өсім қарқыны жақсарды.
Қала көркін айшықтайтын раушан гүлдерге де кешенді күтім көрсетілді. Жыл барысында 12 мың түп раушан отырғызылып, 35 мың түпке қысқы жабу мен көктемгі ашу жұмыстары атқарылды. Ал 40 мың түп раушан маусым бойы тұрақты күтіммен қамтылды. Нәтижесінде қала аумағында көз тартарлық раушан аллеялары мен сәнді гүлзарлар қалыптасты.
Гүлзарларды жаңарту бағытындағы жұмыстар да ауқымды болды. 10 500 шаршы метр аумақ тегістеліп, топырағы құнарландырылды. Осы көлемде жаңа гүлзарлар жасалып, 630 мың дана гүл көшеті отырғызылды. Маусымдық күтімнің нәтижесінде қала көшелері мен қоғамдық орындарында түрлі түсті сәндік композициялар пайда болды, – деген серіктестік директоры Ғалымжан Қайназаров өткен жылы 5 мың шаршы метр жаңа көгал себіліп, жасыл аймақтар қуаңшылық кезеңде қурап қалмауы үшін суару жұмыстары ұйымдастырылғанын жеткізді.
– Атап айтқанда, техникамен 58 849 текше метр, ал су құбыры арқылы 65 350 текше метр су берілді. Бұдан бөлек, 2 миллион шаршы метр газон шабылып, 25 тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Қаланың санитарлық тазалығы мен инфрақұрылымын жақсарту мақсатында контейнерлік алаңдар мен аялдама кешендеріне де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге өткен жылы 138 контейнерлік алаң жаңартылып, санитарлық талаптарға сай ретке келтірілді. Сондай-ақ 120 нүктеде аялдама кешендеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалды. Жалпы алғанда 2025 жылы атқарылған көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қаланың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы, таза әрі жасыл орта қалыптастыруға бағытталды. Бұл – жүйелі жоспар мен тынымсыз еңбектің нақты нәтижесі, – дейді Ғалымжан Уәлиханұлы.
Сондай-ақ «Жасыл ел-Тараз» – қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан мекеме. Таңның атысы, күннің батысына дейін тынымсыз еңбек етіп жүрген жұмысшылардың еңбегі ерен, ал қызметі сапалы деуге әбден болады. Аптап ыстықта да, қыстың қақаған аязында да олар қаланың әр көшесін, әр бұрышын таза ұстауға бар күшін жұмсайды. Сондықтан да мекеме қызметкерлері атқарып отырған ауыр әрі жауапты еңбектеріне сай жалақыны көтеру мәселесін жылдар бойы қозғап келеді.
Мәселен, өткен жылы «Жасыл ел-Тараз» кәсіпорнының қызметкерлері әлеуметтік төлемдерге байланысты мәселелер көтеріп, зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорына аударымдар жүйесіз жүргізілетінін айтып шағымданған болатын. Сол кезде әкімдік өкілдері мекеме қызметкерлерімен кездесіп, биылдан бастап штаттық қызметкерлердің еңбекақысы 20 пайызға өсетінін, ал жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс істейтіндердің жалақысы 80-85 мың теңгеден 150 мың теңгеге көтерілетінін айтып, уәде берген болатын.
– Былтырғы жылы «Мансап» орталығы арқылы «Жасыл ел-Тараз» мекемесінде еңбек еткен жұмысшылардың айлық жалақысын көтеру мақсатымен биылғы жылға арнайы штат бекітіліп, 193 адам жұмысқа қабылданды. Олардың қазіргі айлық жалақысы 206 168 теңгені құрайды, – дейді мекеме басшысы Ғалымжан Қайназаров.
«Жасыл ел-Тараз» мекемесінде 10 жылдан артық уақыт еңбек етіп келе жатқан Айжан Жүнісбекованың айтуынша, әлеуметтік қолдау мен еңбекақының артуы еңбек адамдарының жұмысына деген ынтасын арттырып, қызмет сапасын одан әрі жақсарта түседі.
– Бұрын қолымызға 88 мың теңге ғана тиіп келген. Енді жалақымыз 160 мың теңгеге дейін өседі дегенді естіп, еңбегіміздің еленгеніне қуанып жүрміз. Бұл айдың жалақысы келесі айдың басында беріледі деп күтілуде, сол сәтті асыға тосудамыз. Жұмысымыздың жүгі жеңіл емес, таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін, ал сенбі күні түске дейін тынымсыз еңбек етеміз. Күннің аптабына да, салқынына да қарамай, қала тазалығы үшін тер төгеміз, – деген Айжан Қырғызбайқызы өз қуанышымен бірге кейбір қала тұрғындарына өз ренішін жеткізді.
– Кейбір шаһар тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды арнайы қоқыс алаңына емес, аялдамаларға немесе көпқабатты үйлердің ауласына тастап кетуі жанға батады. Бұл тек қаланың көркін кетіріп қана қоймай, біздің еңбегімізді еселей түседі. Осы ретте газет оқырмандарына, қала тұрғындарына үндеу жасағымыз келеді, қоқысты белгіленген орындарға тастау – үлкен мәдениеттің белгісі. Әрбір қалдырылған қалдық біздің маңдай терімізбен қайта жиналатынын ұмытпаса екен, – дейді тазалық сақшысы.
Сонымен бірге мекемеде диспетчерлік қызмет үздіксіз бақылау жүргізіп отырады екен. Жұмысшыларға арналған демалыс бөлмесі де жабдықталған. Сонымен қатар әр күнге арнайы кезекшілік кестесі бекітіліп, қысқы маусымдағы жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуы тұрақты бақылауда болады.
Қорыта айтқанда, бұл – мекеме тарапынан атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алда тұрған межелі міндеттер жетерлік. Әрине, мұның барлығы әсем қаламыздың көркіне сән қосу мақсатында қолға алынғаны айқын. Алайда әрқайсысымыз шаһар тазалығына жалғыз «Жасыл ел-Тараз» ғана жауапты емес екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан сүйікті қаламызды таза ұстауға баршамыз бірдей үлес қосайық!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.