Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жасыл ел-Тараздың» жұмысы жүйелі, жоспары жұмыр

0 270

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халық даналығы. Тазалық – тәртіптің бастауы, денсаулықтың кепілі екені тағы айқын. Туризм орталығына айналуды көздеген Тараздың таза болуы осы мақсатқа жетуді жеделдетері сөзсіз.

Бұл тұрғыда «Жасыл ел-Тараз» мекемесіне зор жауапкершілік жүктелуде. Расында, қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығына қарамастан, мекеме жұмысшылары облыс орталығының айнадай жарқырауына қомақты үлестерін қосып келеді.
«Жасыл ел-Тараз» мекемесі – тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан 100 пайыз мемлекеттік үлесі бар серіктестік. Мекеме тарапынан қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары атқарылуда.
2023 жылға кәсіпорында 490 адам бірлігінен тұратын штаттық кестесі бекітілген. Одан бөлек, жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмыстарға 370 азамат тартылып, барлығы 860 адамды құрады.
Қазіргі таңда серіктестік тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, өткен жылдың жоспарына сәйкес, қаланы абаттандыру және көгалдандыру мақсатында №15 «Ұлы дала» ықшамауданында шағын футбол алаңы орнатылып, шаһардың 78 аялдамасына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ мекеме тарапынан қала субұрқақтарына техникалық қызмет, оның ішінде субұрқақтардың сорғыларын (насос) орнату, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүзеге асырылған. Сонымен қатар облыс орталығының қысқы тазалық жұмыстарына мекемеден 50 бірлік техника жұмылдырылған. Қыс бойы жауған қарды тазалау, жинау, тасымалдау үшін мекеме қосымша техникаларын жалға алады. Бұған қоса материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында жергілікті бюджет есебінен 7 бірлік арнайы техника мен 2 арнайы шөп оратын трактор сатып алынды.
Мекемеде тәулік бойы жұмыс атқаратын диспетчерлік қызмет ұйымдастырылған. Ол өндірістік салада атқарылып жатқан жұмыстарды, әсіресе қысқы қар тазалау жұмыстарын бақылауда ұстайды. Жүргізушілер мен жұмысшыларға арнайы киім және демалыс бөлмесі қаралған. Олар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Кезекшілік кестеге сәйкес, қысқы уақыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіледі.
Биылғы қыс қала тұрғындарын біраз әбігерге түсіргені жасырын емес. Әсіресе қардың көп мөлшерде жаууы жұртшылықты сарсаңға салды. Осыған орай қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында мекеме қоймасына 7 000 текше метр құм және 1 400 тонна тұз сатып алынған.
Мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Мәселен, былтыр Тараз қаласының әкімдігі тарапынан «Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру немесе ұлғайту» 065 бюджеттік бағдарламасы шеңберінде, сомасы 470 млн 132 мың теңге болатын 7 бірлік арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде қалалық жолдарды күтіп-ұстау және жүк тасымалдау үшін жыл бойы пайдалануға арналған 5 бірлік аралас жол машинасы, 1 бірлік қалдықтарды механикаландырылған тиеуге арналған бүйірлік тиегіші бар қоқыс тасушы машина және «КамАЗ-65115» шассиіндегі кран-манипулятор бар.
Бүгінгі күні серіктестіктегі автокөліктер мен арнайы техника саны 110 бірлікті құрайды. Оның 9-ы жөндеуді қажет етсе, 21 техника жұмысқа жарамайды. Ал 80 бірлігі пайдаланылып келеді. Сонымен қатар 1 көлік жалға берілген.
Тараз ортақ үйіміз болғандықтан, оның көшелерінің таза болуы әрбір тұрғынның жан дүниесінің көрінісі іспетті. Өз тұрғын үйіңіздің маңын, ауласын, көшесін жинап, шашылған қоқыстарды белгіленген орынға тастау арқылы қоршаған ортаның тазалығына атсалысу баршамыздың айнымас міндетіміз десек, қателеспейміз. Бұл тұрғыда Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, 2024 жылғы наурыз-мамыр айларында кестеге сәйкес, қала аумағында 4 100 дана жабық тамырлы 1-ші санаттағы әртүрлі ағаштар түрін отырғызу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары, Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің маңындағы саябақ, әуежай сквері, Арбат-1, Теміржол бекеті, Саңырық батыр скверлері жасыл желекпен көмкеріледі.
Сондай-ақ қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл отырғызу көзделуде. Оның 5 000 шаршы метріне гүл егу сәуір айында басталады. Бұған қоса 627 шаршы метр қазандыққа гүл егіледі. Көпжылдық гүлдермен қоса 15 мың дана раушан гүлі Абай, Төле би көшелеріне, Жамбыл даңғылына, Е.Ниетқалиев, С.Сейфуллин көшелеріне және үлкен көше қиылыстарына отырғызылмақ.
Сонымен қатар қала көшелері мен скверлеріндегі 25 мың дана ағашты мезгілдік жұмыс жоспарына сәйкес, әртүрлі ауруларға қарсы пестицидтермен дәрілеу жұмыстарын жүргізу және аталған ағаштардың түбіне минералдық және органикалық тыңайтқыштар себу жоспарланып отыр. Бұған қоса қала аумағында отырғызылған 30 мың дана көпжылдық раушан гүлге күтім жасалады.
Қала аумағындағы көшелердің бойына 9 мың шаршы метр көгал сеуіп, өсіру жоспарлануда. Осылайша Абай, Жамбыл, Төле би көшелеріне және Ә.Әйтиев көшесінің бойы жасыл желекпен жайқалады.
Мекеме тарапынан біржылдық гүлдерді көктем мезгілінде көшеттеу үшін өз теңгеріміндегі жалпы ауданы 3 500 шаршы метр болатын жылыжайға 1 миллионға жуық түрлі гүл ұрығын егіп, өсірілуде. Қазіргі таңда 350 мың гүл ұрығы егіліп, өнді. Алдағы уақытта апта сайын бұл көрсеткіш 70-80 мың гүл ұрығына дейін жеткізілмек.
Қала аумағында отырғызылған жасыл желектерді, көгалдар мен гүлдерді суарып, күтіп-баптау мақсатында 22 дана суқұйғыш арнайы автокөліктері және 40-қа жуық су ұңғымасы пайдаланылады. Аталған жұмыстарды орындау үшін биыл қосымша 12 дана су ұңғымасы орнатылады.
Талдарды балақтау жұмыстары да айрықша маңызға ие. Әрине, күтімсіз, бейберекет өскен тал-дарақтар шаһардың шырайын кетіріп, көркін қашырады. Бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырып қана қоймай, тұрғындардың өмірлеріне де қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан оларды уақытында балақтап тұру қажет.
Айталық, жыл басынан бері Е.Ниетқалиев көшесінің бойында 386 түп, Жауғаш батыр көшесінің бойындағы 19 түп тал балақталып, 12 қураған тал-дарақ түбімен кесілді. Сондай-ақ Т.Рысқұлов көшесінде – 453, Ы.Сүлейменов көшесінде 39 түп тал балақталып, екі көшеде жалпы саны 18 түп тал кесілді. Бүгінгі күні Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі аумағындағы талдар балақталуда. Енді алдағы жоспарға сәйкес, М.Лермонтов көшесінің бойындағы – 80, Д.Шостакович көшесінің бойындағы – 357, Ж.Қуанышбаев көшесінің бойындағы – 320, Байзақ батыр көшесінің бойындағы – 278, А.Пушкин көшесінің бойындағы 343 түп тал-дараққа балақтау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар жыл ішінде шамамен 1 000-ға жуық қалыптау (формавка), 2 000 метрге жуық жасыл қоршауға күтім жасалады. Сондай-ақ көше бойындағы және жаяу жүргіншілер жолдарындағы шамамен 10 мыңға жуық тал балақталады.
Айта кетейік, былтыр «Жасыл ел-Тараз» мекемесі қала тұрғындарының арыз-шағымы бойынша 517 мекенжайда тал кесу жұмыстарын атқарған. Сондай-ақ Қолбасшы Қойгелді, Ә.Әйтиев, Төле би көшелерінде 2 000-ға жуық талды балақтаған. Бұл жұмыстарға коммуналдық мекеменің 3 дана автокөтергіш, 3 дана «МТЗ-80» тракторы және жиырмаға жуық жұмысшысы тартылған.
Көне шаһардың шырайын келтіріп, келбетіне сән қосқан еңселі нысандар Таразда баршылық. Солардың ішінде «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің орны бөлек. Көздің жауын алып, алыстан менмұндалап тұрған көрікті нысан бүгінде қала тұрғындары ғана емес, туристердің де жиі келетін орнына айналды. Сондықтан кешеннің айналасын абаттандыру аса маңызды.
Бұл бойынша Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің тапсырмасымен жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Айталық, аталған аумақтың айналасына 3 600 ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Былтыр мамандар 2 600 шырша мен қарағай ексе, биыл мың түп ағаш егуді қолға алуда. Олардың уақытылы күтіп-баптау, суарылу жұмыстары шаһар басшысының тікелей назарында. Осылайша тарих толқынынан сыр шертетін кешеннің жасыл желекке оранатын күні де алыс емес.
Ағымдағы жылы «Жасыл ел-Тараздың» алдына ауқымды міндеттер қойылып отыр. Айталық, серіктестіктің қаржы-шаруашылық жағдайын жақсарту мақсатында дебиторлық берешекті өндіру жұмыстарын жандандырып, қала мекемелеріне ақылы қызметтер көрсетіп, өзіндік кіріс көзін көбейту жоспарлануда. Сондай-ақ серіктестіктің базасында әртүрлі ағаштар өсіру питомнигін ашу бойынша тиісті талдау жұмыстары жүргізілген. Тараз қаласы сұр топырақты аймаққа жататындықтан, әртүрлі ағаштар өсіруге болатыны белгілі. Агротехникалық талаптарға сәйкес, өсімдіктерді өсіріп, өндіру үшін және Тараз қаласына қажеттілігін есепке ала отырып, қосымша 30 гектар жер телімін қажет етеді. Сондай-ақ питомникке қажетті суару жүйелері немесе су ұңғымасы, техника, жанар-жағармай, тиісті мамандарды тарту, өндірістік кешен, қосымша минералды тынайтқыштар сатып алу жұмыстарына қосымша қаржы керек.
Қазіргі таңда серіктестіктің 36 ай мерзімге шақталған оңалту жоспары бекітілген. Аталған жоспарға сай, жалпы 1,4 миллиард теңге төленуі көзделген. Нақтырақ тоқталсақ, 2023 жылға жоспар бойынша 811 миллион теңге төлем қойылса, бүгінгі күнге оның 694,7 миллион теңгесі төленген. Жалпы оңалту рәсімі бойынша кредиторлық қарыз 727,2 млн теңгені құрап, оның 48,9 пайызы толығымен қайтарылған.
Сондай-ақ оңалту рәсімін жоспарлы түрде атқару мақсатында кәсіпорынға табыс көзі ретінде 2023 жылы қала арықтарын күрделі жөндеу жұмыстары берілді. Осыған орай кәсіпорын табысы 2021 жылмен салыстырғанда 621 миллион теңгеге, 2022 жылмен салыстырғанда 845 миллион теңгеге ұлғайған.
Серіктестік қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында да жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Айталық, биыл жұмысшылардың орташа жалақысы 187 000-193 000 теңгені құрады. Бұған қоса қаңтар айында 152 қоғамдық жұмысшыға 80 000 теңге көлемінде еңбекақы төленді. Осылайша, еңбекақы өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артты.
«Жасыл ел-Тараз» серіктестігінің қаржы-шаруашылық жағдайына қала әкімдігі тарапынан ай сайын мониторинг жүргізіліп, түйінді мәселелерінің жедел шешу жолдары үнемі қарастырылуда. Мәселен, серіктестіктің 2023 жылдың 31 желтоқсанына дебиторлық берешегінің жалпы сомасы 162 миллион теңге болып, ол тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі бойынша тұтынушылардың қарызынан қалыптасты. Оның ішінде тұрғындардың қарызы – 146,1 миллион, заңды тұлғалардың берешегі 16,4 миллион теңге болды. Осылайша, өткен жылы кредиторлық берешегінің жалпы сомасы 1 242 миллион теңгені құрады. Оның ішінде оңалту рәсімі бойынша – 742 миллион, І-ІІІ тоқсанның салыққа қарызы – 190,9 миллион, әлеуметтік аударымдарға – 68,3 миллион және тауар жеткізушілерге ағымды қарызы 240,8 миллион теңге болып отыр.
Коммуналдық мекеменің берешегінен бөлек, қазынасын молайтқан кірістер аз емес. Айталық, серіктестік тарапынан атқарылған жұмыстары мен көрсетілген қызметтер үшін 2020 жылы – 2 177,5 миллион, 2021 жылы – 2 908,8 миллион, ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2 683 миллион теңге мекеме қазынасына түскен. Ал 2023 жылға болжаммен кәсіпорынның жалпы табысы 4 409,2 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен 4 018,3 миллион теңге және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі бойынша 390,9 миллион теңге кіріс кірген. Алайда салықтарға берешек болуы және қаржылық тұрақтылықтың болмауына байланысты серіктестіктің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігі шектеулі болып отыр. Осыған орай, серіктестік тарапынан тек қана бюджеттік тапсырма аясында жұмыс жүргізілуде. Дегенмен бұл мәселе Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің тікелей тапсырмасымен биыл өз шешімін табады деп күтілуде.
Тағы бір айта кетерлігі, 2023 жылға әзірленген сметалық құжаттамаға сәйкес, «Елдi мекендердi абаттандыру және көгалдандыру» бойынша 1 940,9 миллион теңгеге, «Елдi мекендердiң санитариясын қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша 1 137,0 миллион теңгеге, «Қала арықтарын пайдалану» бойынша 940 миллион теңгеге жұмыстарды орындауға келісімшарттарға қол қойылды. Сондай-ақ Тараз қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға және көмуге арналған тарифтері әзірленіп, 2023 жылдың 15 қыркүйегінде Тараз қалалық мәслихатының жетінші сессиясында қаралып, жаңа тарифтік мөлшер белгіленді. Енді 2023 жылдың 1 қазаннан бастап жайлы сектор – бір адамға 250 теңге, жайлы емес сектор – бір адамға 268,1 теңге болып бекітілді. Осыған орай, мекеменің кірісі 2,6 есеге өсіп, бір айлық табыс 21,4 миллион теңгеден 55,6 миллион теңгеге жетеді деп көзделуде. Нәтижесінде, кәсіпорынның өзіндік табысы 260 миллион теңгеден 667,0 миллион теңгеге өсіп, 407 миллион теңгеге артпақ.
Жалпы бүгінгі күні қаланы күл-қоқыстан тазарту жұмыстары қарқын алуда. Шаһардың тұрмыстық қатты қалдықтарын шығаратын полигон Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округінде орналасқан. Полигон 4 165 мың тоннаға есептелген. Қазіргі уақытта полигонда 2 450 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, 59 пайызға толған. Полигонға апаратын жолға ағымдағы жылы «Қазфосфат» кәсіпорны тарапынан шұңқырларды жабу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде облыс орталығы аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі бәсекелестік ортаға айналған. Бұл қызметпен 7 мекеме айналысады. Аталған жұмыстарға 56 бірлік техника тартылып, 155 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетіледі. Қалада 328 тұрмыстық қатты қалдықты тастауға арналған алаңша 1 540 дана жәшікпен қамтылған. Өткен жылы жаңа 520 жәшік сатып алынып, тозығы жеткендерімен алмастырылды. Бұдан бөлек, шаһар аумағындағы осы аталған алаңшаларда полиэтилен қалдықтарын жинау, шығару, қайта өңдеуге жіберу қызметімен «Kaz Ecology» компаниясы мен «Бахыт» жеке кәсіпкерлігі айналысады. Қалалық әкімдік тарапынан тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешу үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Hasanat group», «Байтақ болашақ», «Инсипром», «Ecoplatform», «ТазаБиоИнвест» сынды бірқатар компанияға нақты ұсыныстар берілген. Алайда Тараз қаласындағы қоқыс шығару тарифінің төмендігі және тұрмыстық қалдықтардың салыстырмалы түрде аз көлемі инвесторлардың қызығушылығын танытпай отыр.
«Жасыл ел-Тараз» мекемесі тарапынан 2024 жылы полигонға сұрыптау кешенін орнату міндеттемесінің орындалуы қамтамасыз ету мақсатында Белоруссиядағы «Сифания-Экотехника» компаниясының баға ұсынысы зерделенді. Компания ТМД елдеріне және Еуропалық Одаққа қалдықтарды қайта өңдеу жабдықтарын жеткізеді. Мұндай жабдық Қостанай, Жаңаөзен және Ақтау қалаларында жұмыс атқарып отыр. Сұрыптау кешенінің өндірістік қуаты жылына 100 мың тонна қатты қалдықты сұрыптауға мүмкіндік береді. Аталған кешенді орналастыру үшін қалдықтарды сұрыптау цехын (ангар) салу керек. Аталған жоба жүзеге асса, 70-ке жуық жұмыс орнын ашып, серіктестік өзіндік кірісін 20 пайызға ұлғайтуға, шағын және орта бизнесті кеңінен дамыта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заманауи кәдеге жарату және өңдеу бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға жол ашады.
Әрине, бұл мекеме тарапынан атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алда тұрған межелі міндеттер жетерлік. Басты мақсат – қалада тазалық орнатып, тұрғындардың жайлы тұрмысына қолайлы жағдай туғызу.

Аман Есен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.