Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жасыл ел-Тараздың» алдында ауқымды міндеттер тұр

0 642

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-нің былтырғы жылы атқарған жұмыстарының нәтижесі мен биылғы жоспарлары бойынша кеңес өтті.

Әуелі сөз алған мекеме директоры Азамат Әбішев өткен жылы атқарылған ілкімді істер жөнінде баяндады.
– 2023 жылдың жоспарына сәйкес, қаланы абаттандыру және көгалдандыру мақсатында №15 «Ұлы дала» ықшамауданында шағын футбол алаңы салынып, шаһардың 78 аялдамасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ мекеме тарапынан қаланың су бұрқақтарына техникалық қызмет, оның ішінде су бұрқақтардың сорғы жабдықтарын (насостар) орнату, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Сонымен қатар облыс орталығының қысқы тазалық жұмыстарына мекемеден 50 бірлік техника жұмылдырылды. Қыс бойы жауған қарды тазалау, жинау, тасымалдау үшін мекеме қосымша техникаларын жалға алады. Бұған қоса материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында жергілікті бюджет есебінен 7 бірлік арнайы техника мен 2 арнайы шөп оратын трактор сатып алынды.
Мекемеде тәулік бойы жұмыс атқаратын диспетчерлік қызмет ұйымдастырылған. Ол өндірістік салада атқарылып жатқан жұмыстарды, әсіресе қысқы қар тазалау жұмыстарын бақылауда ұстайды. Жүргізушілер мен жұмысшыларға арнайы киім және демалыс бөлмесі қаралған. Олар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Кезекшілік кестеге сәйкес қысқы уақыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында мекеме қоймасына 7 000 текше метр құм және 1 400 тонна тұз қажет. Қазіргі уақытта қоймада 4 500 текше метр құм және 300 тонна тұз бар. Қалған материалдарға қосымша сатып алу жұмыстары өтуде. Сонымен қатар серіктестіктің автокөліктер мен арнайы техника саны 110 бірлікті құрайды. Оның 9-ы жөндеуге жатса, 21 техника жұмыс істемейді және 80 бірлігі пайдалануда. Сондай-ақ 21 көлік жалға беріле-ді, – деген Азамат Тұрсыналыұлы серіктестіктің ағымдағы жылы алға қойған жоспарларын да тілге тиек етті. Оның айтуы бойынша, биыл серіктестіктің қаржы-шаруашылық жағдайын жақсарту мақсатында дебиторлық берешекті өндіруді жандандырып, қала мекемелеріне ақылы қызметтер көрсетіп, өзіндік кіріс көзін көбейту жоспарланып отыр екен.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі шаһарды көгалдандыру және тазалық жұмыстары маңызды міндет екенін баса айтты.
– Қазіргі таңда облыс орталығын көгалдандыруға айрықша мән берілуде. Былтыр бұл бағытта шаһар бойынша 20 мыңнан аса тал отырғызылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Әсіресе шаһар аумағын көпжылдық әсем гүлдермен көмкеруді көздеп отырмыз. Ең бастысы, оның сапа-сы мен уақытылы суарылуына ерекше назар аударуымыз қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы өзге де міндеттер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.