Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен «Жасыл Ел-Тараз» мекемесіне жаңа техникаларды табыстау рәсімі өтті.
Шара барысында сөз алған шаһар басшысы қала тазалығы ұдайы назарда екенін баса айтты.
– «Жасыл ел – Тараз» бүгінде тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Айталық, мекеме тарапынан шаһардағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан бірер жылдың бедерінде серіктестікті жаңа техникалармен қамтамасыз ету қолға алынды. Соның нәтижесінде былтыр мекемеге 8 жаңа техника берілді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жеткізілген көліктердің жұмысымен танысып, жүргізушілерімен тілдесті.
Айта кетерлігі, аталған мекемеге бүгінгі табысталған 9 техниканың жетеуі – қоқыс тасығыш «Камаз 65115» маркалы көліктер болса, екеуі – қыс мезгілінде жолдың шетіндегі қарды тазалауға, тиеуге арналған «Амкодор-37» маркалы техникалар.