Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастық жырларым Жамбылда жазылды

0 611

Олжас СӘНДІБЕК,
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивальінің лауреаты,
«Уәде» жыр жинағының авторы.
Астана қаласы

Адам өміріндегі ең бір ұмытылмас, көркем кезең оның жастық шағы, студенттік жылдары болса керек. Ал менің сол бір сәулелі сәттерім Жамбыл жерінде өтті. Мектепті де, жоғары оқу орнын да Таразда оқыдым. Қорғасындай балқып тұрған албырт, бозбала шағымда дұрыс адам болып қалыптасуыма сол кездегі ортамның өз әсері болғаны сөзсіз.

Студент кезімізде Ерлан Жүніс, марқұм Өрнек Құлекеев, Азамат Есалы, Хамит Есаман, Нұржан Әліш, Жұлдыз Бейсек сынды жастар топтасып бірге жүрдік. Бүгінде мені біреу Олжас Сәндібек ақын десе, ол сөз жоқ сол ортаның ықпалы әрі көп өлеңіме куә болған осы көне шаһар. Әулиеата төріне арман қуып келген біздің ұстаздан да жолымыз болды. Университет қабырғасында Мекемтас Мырзахметұлы, Ислам Жеменей, Ахан Бодықова, Сейсекүл Исматова сынды ұстаздардың тәлімін алдық. Ал өмірде Несіпбек Дәутайұлы, Елен Әлімжан, марқұм Болат Бекжан сынды ағалардың ақылын тыңдадық. Бір қарағанда барлығы да облыста жүрген қарапайым жандар болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл кісілер – жалғыз Жамбылдың ғана емес, берісі республиканың, арысы тұтас түркі халқының руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар. Жамбыл жерінен мықты ақындар шыққан, қазір де бар, болашақта да болатынына күмән жоқ. Себебі, ол жерде осындай мықты ұстаздардың мектебі қалыптасқан. Мен сыртта жүргенде үнемі сол ұстаздарымды сағынып жүремін.
Ал тамаша табиғаты, көркем келбеті, терең тарихы туралы әңгіме мүлдем бөлек. Сондықтан Таразға деген сағынышым басылған емес, барған сайын сағынып барамын. Себебі, оның әр көшесі, орталық алаңы, саябақтары, тіпті кейбір шағын бұрылыстарына дейін менің ең аяулы кезімді көз алдыма әкеледі. Сыртта жүрсем де Жамбыл облысының әр жаңалығына елеңдеп, жақсылығына шын қуанып жүремін.
Менің жанымда жағымды әсер мен жылы естеліктер қалдырған Жамбыл жұртшылығын 85 жылдық белесімен құттықтаймын! Абыройың асқақтай берсін, ақынның атымен аталатын аңыз өлкем!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.