Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын

0 210

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын.

Әрине, Мемлекет басшысы атап өткендей, ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Осылайша халқымыз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізді. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де білгір жастардың қолында. Олардың ертеңгі сенімі де – сол жастардың мойнында. Өйткені қай заманда болса да, қоғамның қозғаушы күші – жастар.
Қазіргі жастар – ел келешегінің іргетасын қалаушылар. Сондықтан олар жан-жақты, сауатты, ерік-жігері мол азамат болып өсуге тиіс. Жастары белсенді елдің ертеңі де жарқын болады. Олар қоғамдағы барлық салаға атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етулері қажет.
Жастар ұлтымыздың сапасын жақсартып, өз тарихымызды жазады. ХХІ ғасыр – мүмкіндіктер дәуірі. Қолға қару алып, жауға шабатын заманнан өтіп, жауларымызды сөзбен емес, іспен жеңетін заман. Білім алу арқылы шексіз мүмкіндіктерге жете аламыз.
Бұл бағытта Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы тарапынан жылдар бойы кітап арқылы оқырмандардың, жастардың жан-жақты білім алуымен қатар, ғылыми, кәсіби, мәдени дәрежесінің дамуына әсер ету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, түрлі ақпараттық, көпшілік-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күніне орай Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен «Art & Science: білімге деген құштарлық» Jambyl book fest кітап фестивалі өткен болатын. Сонымен қатар кітапхана мен Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – руханият тірегі» атты кездесу кеші өтті. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін мұндай шаралар алдағы күндері де өз жалғасын табады.

Гүлбану ЖАКИПБЕКОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап
ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.