Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастардың жарқын жұмысы жан жадыратады

0 922

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деген сөзі мемлекет пен жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды.

Жасыратыны жоқ, республика-мыздың барлық өңірлерінде жастар белсенділігі күшейіп келеді. Жастар әлеуметтік және қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылып жүр. Ел Президентінің Қазақстан жастарына деген сенімі жоғары екенін, бүгінгі қыз-жігіттеріміздің интеллектуалдық белсенділігін жоғары бағалайтындығын білеміз. Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру – біздің қолымызда, яғни жауапкершілігімізде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беру керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ.
Бүгін елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Жастар саясатына қатысты сан түрлі пікірлер мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқылануы оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындығын аңғартады. Статистика агенттігінің жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4,5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл дегеніміз – жалпы халықтың 30 пайызы жастар деген сөз. Ендеше, еліміздің ертеңгі болашағы жастардың бүгіннен бастап қандай тәрбие алуы мен отансүйгіштік қасиеттің дамуы аса маңызды.
Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда зор құрбандықтарға душар болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де – жастардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар.
Жастар мәселесі – кез келген ел үшін, оның ішінде жасампаз жолға қадам басқан Қазақстан үшін ең маңызды саясаттың бірі. Сол себепті елімізде жастар саясаты оң бағытқа қойылып, ел болашағы саналатын азаматтарға қолдау керек. Елімізде жастар үшін атқарылып жатқан ірі жобалар мен бағдарламалар – жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан игілік. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыспен қамту, сапалы білім мәселесі жыл сайын мемлекет назарынан тыс қалған емес.
Қазіргі уақытта Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 428 294 адамды құраса, оның 126 378-і 14 пен 35 аралығындағы жастар. 2022 жылы 14-29 жас аралығындағы, 29 жасқа дейінгі 76 175 жас болса, қазір 35 жасқа дейінгі жастар санатымен салыстырғанда 50 203 жасқа ұлғайған. Яғни қала халқының 29,9 пайызын жастар құрап отыр. Қала жастарының 54 809-ы мектеп оқушылары мен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру, жастардың қоғамдық бірлестіктерімен байланысын жүзеге асыру мақсатында қалалық жастар ресурстық орталығы «Рухани-адамгершілік», «Құқықтық», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», «Психологиялық-танымдық», «Діни», «Жастарға кеңес», «Әскери-патриоттық», «Экологиялық мәдениет», «Этносаралық келісім», «Спорттық», «Волонтерлық» бағыттары бойынша жұмыстар атқарып келеді. Аталған 11 бағыт бойынша 316 іс-шара ұйымдастырылып, 13 512 адам қамтылды.
Әрине, біздің жұмысымыз тек жоғарыдағы іс-шарамен шектеліп қана қоймайды. Қолына диплом алып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жас түлектердің жұмыспен қамтылуын басты назарға аламыз. Одан бөлек, NEET санатындағы, яғни бос жүрген жастардың білім алуына немесе бір іспен айналысуына түрткі боламыз. Тараз қаласына 11 743 жұмыссыз, NEET санатындағы жастардың тізімі анықталған болатын. Анықталған 11 743 жасқа тізім бойынша адрестік жұмыстар жүргізіп, әлеуметтік портреті әзірленді. Бұл мақсатта біздің мекемеде «NEET жастары және жас отбасылар» секторы жұмыс атқаруда. Қаңтар айынан бастап орталыққа жүгінген жұмыссыз жастардың 1 371-і тұрақты жұмыспен қамтылып, 1 453-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Жастарға мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып отырғанының тағы бір айғағы – биыл жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайыздық шағын несие беріліп отыр. Осы уақытқа дейін орталық тарапынан 11 743 жасқа адрестік жұмыстар жүргізілді. Орталығымыздың мамандары қала маңында орналасқан «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Жиделі», «Қайнар», «Барысхан» тұрғын алқаптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар наурыз айынан бастап қала жастарын жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағына 150 жас уақытша жұмыспен қамтылып, қарқынды жұмыс атқарып келеді. «Жасыл ел» еңбек жасағы қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, «Жеңіс» саябағы, «Әулиебұлақ», «Жастар» аллеясы және өзге де қаладағы ықшамаудандар, каналдар мен арықтардың жағасындағы шөптерді ору мен тұрмыстық қалдықтарын жинау жұмыстарын жүргізуде.
Қасым-Жомарт Кемелұлының «Нанымызды адалынан жейік, табан ақы, маңдай терімізбен табайық» деп жастарды еңбекқор болуға, адал жүруге шақырды. Түсіне білген адамға мұнда үлкен философиялық ой, парасат-пайым жатыр. Кейбір жастар жеңіл жолмен тез байығысы келеді. Оның арты әсте жақсылыққа апармайды. Ең бастысы, жастарға еңбекқор болған кезде ғана нарықта бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндік болады деп кеңес берді. Оқу, білім алу, біліктілігіңді көрсету, солай адал еңбегіңмен өсіп-өнудің өзі үлкен бақыт .
Жастар белсенді, көзқарасы тың, энергиясы мол болғандықтан, тәжірибесі аз болса да, жұмысы өнімді болып, кез келген процеске шынайы қызығушылықпен қатысады. Нақтырақ айтсақ, орталық тарапынан отбасының жағымды имиджін насихаттау мақсатында жас отбасылар арасында «QazIQ» интеллектуалды ойыны, жастарды зиянды әрекеттерден сақтау бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандарымен және кинолог мамандармен бірлесе «Есірткіге жол жоқ!» атты акциясы, «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты акциясы, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі», жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі спорттық және мерекелік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында әр сенбі күні қала аумағында, саябақтарда акустикалық ән кештері өткізілуде.
Ағымдағы жылы да өңір жастарын көптеген тың жобалар күтіп тұр. Атап айтсақ, жастарға патриоттық тәрбие беру, интеллектуалды тұрғыдан дамыту, оларды қоғамдық-мәдени ортаға тарту мақсатында түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, мемлекетте әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталған. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, жас отбасыларды баспанамен қамту, табыс деңгейін көтеру, білім алу мүмкіндігін кеңейту және өзге де бағыттарға зор мән беріледі. Орталық бұл бағытта да арнайы білікті мамандардың қатысуымен құқықтық, медициналық кеңестер ұйымдастырып отырады.
Қазір елімізде бірнеше тілді меңгерген, заманауи ақпараттық технологияларды білетін белсенді, белгілі бір мақсатқа ұмтылатын жас ұрпақ өсіп келеді. Бұл ұрпақты қолдап, әмбебап адами құндылықтар ұғымын қалыптастыру қажет екені рас. Сонда ғана белгілі бір топтардың, шектеулі адамдардың емес, жалпы қоғамның өркендеуіне мүдделі сауатты, өнегелі азаматтар өсіп шығады. Өз Отанын сүйетін, осы жердің тарихы мен тілін құрметтейтін, ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сыйлайтын, бірақ ортақ құндылықтары бар екенін түсінетін, өзара сенім мен түсіністік рухында тәрбиеленген азаматтар әрқашан әлемге ашық, ізденімпаз, білім мен ғылымға құмар, жат қылықтардан аулақ және өз халқын шын сүйе алады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек» – деген сөздері жастардың қуатты және дамыған мемлекет құрудағы маңызды рөлін айқындайды. Күш-қайрат тасып тұрған шақта оны тек өз игілігіңе жұмсай білу өскелең ұрпақтың парасатты қадамы болмақ.
Сөздің түйіні, иә, жастар – қозғаушы күш. Жастар – елдің ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақтың кепілі.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.