Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастарды жұмыспен қамту – жарқын болашақ үшін

0 232

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникациялар» факультетінің бітіруші студенттері жұмыс берушілермен кездесті.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Өңірдегі іргелі оқу орнын жыл сайын сан саланың мамандары бітіретіні белгілі. Олардың жұмысқа орналасуына кепілдік беріле ме? Мұндай жауапкершілікті оқу орны өз құзыретіне алмағанымен, студенттердің сапалы білім алуы мен жақсы маман атануына бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Сол үшін де университет басшылығының бастамасымен жыл сайын жұмыс берушілермен жәрмеңке өткізіледі. Аталмыш факультетте бұл үрдіс уақытынан бұрын басталып отыр. Кездесуге карьера және кәсіби даму орталығының директоры Расима Амандосова, «Тараз Хаб» ЖШС коммерциялық директоры Нурила Медерова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалының директоры Шолпан Кемелбекова, қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкері Айман Алимбаева және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Басқосудағы басты мақсат – бітіруші студенттердің жұмысқа орналасуына көмек көрсету және жұмысқа қабылдауға мүдделі тараптардың талабымен таныстыру.

Жиынды педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, «Ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникациялар» факультетінің деканы Гаухар Мұратова ашып, жүргізіп отырды. Өз кезегінде қалалық жұмыспен қамту орталығының өкілі Айман Алимбаева мекеменің қызметі жайында баяндады.
– Азаматтарды тұрақты жұмыс орнына орналастыру мен уақытша жұмыс орындарын ұсыну – мекеменің басты міндеті. Орталықта әзірге еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, жұмыс беруші азаматтардың бөлек санаттағы азаматтарын (жетім балалар, мүгедектер, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар) жұмыспен қамту үшін квотаны орындайды. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Орталыққа 16 жастан бастап зейнетақы жасына дейінгі барлық азаматтар келіп, көмек сұрауға құқылы, – деп жұмыс берушілермен келісімге келу арқылы жастарды жұмыспен қамту орталықтың басты міндеті екенін айтты.

Осыдан кейін мамандарға тапшы жұмыс берушілер қызметкерлерге қойылатын басты талаптары жайында баяндады. Байқағанымыздай, олардың болашақ маман иелеріне қойған талаптары аса қиын емес. Кездесуді қорытындылаған жұмыс берушілер заман ағымына сай мамандықтардың ерекшелігіне тоқталып, жаңа технологияларға бейімі бар студенттерді жұмысқа қабылдауға дайын екенін жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, білімді студентке кез келген мекеменің есігі ашық дегенді мақұлдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.