Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жастардың бір минут уақыты бос болмауы керек»

0 347

«Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді қазақ даналығы. Ал ғылым-білім саласында қажырлы еңбегімен, тың жаңалығымен танылған академик Сағат Жүнісбековтің көргенінен бөлек, түйген-білгені де аз емес. Ол техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, ҚР Ұлттық жаратылыстану академиясының Жамбыл филиалының төрағасы, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, «Білім саласының құрметті қызметкері», «Қазақстанның құрметті инженері» атағынан бөлек, ғылымға сіңірген еңбегі үшін медальдармен марапатталған. Сағат Сұлтанұлы бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Механика және машина жасау» кафедрасының профессоры. Жастайынан көп ізденіп, талмай еңбектенген академиктің ғылым-білім саласындағы жаңашылдық және қоғамдағы ахуал жайында айтар ойы бөлек. Біз бұған сексеннің сеңгіріне келсе де, шәкірт тәрбиелеуден қол үзбеген ұстазбен жүздесіп, сұхбаттасқанда көз жеткіздік.

– Сағат Сұлтанұлы, кейінгі буынның бәсекеге қабілетті болып, майталман маман атануына апаратын төте жол – кемел білім мен өзіндік көзқарасы және табандылығынан екенін білеміз. Дегенмен бізде білім саласында жаңа басшы келсе, міндетті түрде тың жобасын іске асыруға кіріседі. Сіздіңше, білім беру саласындағы ұдайы өзгеріс пен жаңашылдық жастардың білімді әрі табысты болуына жол аша ма?
– Өмір бір орында тұрмайды. Сондықтан көш соңында қалмауды ойласақ, жаңашылдыққа ұмтылу қажет. Білім саласында еңбек ететін басшылардың ескінің бір кемшілігін байқап, жаңашылдыққа ұмтылатыны содан. Бірақ көп жағдайда солар ескінің мазмұнды екенін ескермей жатады. Іргелі ғылым деген бар. Оған математика, физика, химия, биология деген негізгі пәндер кіреді. Кеңістіктегі өзгерістерді түсіну үшін оқушы осы пәндерді жетік меңгеруі қажет. IT, сандық технологияға басымдық береміз деп білімнің түп негізін жоққа шығаруға болмайды. Әрине, жаңа дәуірде цифрландыруға қадам басқанымыз дұрыс-ақ. Бірақ оның жай ғана құрал екенін түсінгеніміз ләзім. Негізгі пәндерді шетке ысырсақ, біздің атқарып жатқан жұмыстарымыздың барлығы желге ұшады. Жаңа технологиялардың көмегімен он адамның жұмысын бес адам ұршықша иіреді деп мақтанамыз. Осы жайға екінші жағынан қарасақ, жұмыс орындары азаяды емес пе? Қайталап айтамын, IT-технология деген – тек құрал ғана. Оның да өзінше ғылыми негіздері бар екені рас. Бірақ біз әуелі ғылымның өзегі саналатын негізгі пәндерді жетік білмесек, бәрі бекер. Негізгі пәндер арқылы жастар кеңістікте ненің, неден және қайдан пайда болатынын біліп өседі. Қоршаған ортаны танып-біліп, ғылыми тұрғыдан зерделеген жастардың ойы жүйрік, көзқарасы кең, танымы терең болады. Сонымен қатар бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, бар мен жоқтың қадірін түсінеді. Мысалы, қазақтың «Жеті жарғы» заңдар жинағы шықпай тұрып, бізде заң деген ұғым да болмады. Сол қандай мазмұнды еді. Заң пайда болғанға дейін де қазақ өмір сүрді ғой. Білімді болғанының арқасында елдігін сақтап қалды. Білім жастарды еңбекке баулиды. Уақыт зулап, әне-міне дегенше сексен жасқа толыппыз. Бұл да кездейсоқ дүние емес деп ойлаймын.
– Білімді адамның болмыс-бітімі, тәрбиесі де өзгеден ерек болады дейсіз ғой. Осы тұста өзіңіздің еңбек жолыңызды еске түсірсек…
– Мен 1942 жылы 25 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт тауының етегінде орналасқан Атбұлақ ауылында диқанның отбасында дүниеге келгенмін. Балалық шақтың жаймашуақ күндерін сонда өткіздік. Шаруа отбасында туған соң, жастайымнан еңбекке араластым. Сонда байқағаным, Кеңес үкіметі идеологияны бірінші орынға қойыпты. Ұстаздарымыз да бізді білімді азамат болса, осылар көгерсе екен деп тәрбиелейтін. «Қазығұрттың басында кеме қалған. Ол әулие болмаса, неге қалған?» деген сөз бар ғой. Біз бала кезден үлкендердің аңыз-әңгімелеріне ұйып өстік. Әлі есімде, төртінші сыныпқа барған балаларды ұстаздар Қазығұрттың басына жаяу алып шығатын. Кейін: «Сендер Қазығұрттың бауырына жаяу шықтыңдар, енді сендер азаматсыңдар, жігітсіңдер», – деп арқамыздан қағатын. Қысқасы, біздің тұсауымыз сол жерде кесілетін. Содан кейін өзімізді үлкендердің қатарына қосылдық деп есептейтінбіз. Иә, мен бала кезімнен озат оқушылардың қатарында болдым. Бірақ оныншы сыныпта үздіктерге берілетін медальден емтихан тапсырмау үшін бас тарттым. Сонда біздің сыныптағы бес озат оқушының төртеуі мен секілді медаль алмаймын деп шешім қабылдады. Бізге оның қажеті не? Біз емтиханнан ұятты биік қойдық. Содан Шымкент қаласындағы Қазақ технологиялық институтының «Тамақ өндірісі машиналары мен аппараттары» мамандығына оқуға түстім. Ол заманда бүгінгідей бос уақыт жоқ, оқу жылының жартысы мақта терумен өтетін. Еңбек адамды тәрбиелеп қана қоймайды, ойлау жүйесін өсіреді. Денсаулыққа пайдалы тұсы тағы бар. Шаруалар Қазығұрттың бауырына мақта егетін. Біз соны теріп өскенбіз. Мақта теруге бала кезден машықтанғанның бірі – мен. Есесіне, соның арқасында ұстаздардың көзіне түстім. Студенттердің барлығы қыркүйектің жиырмасынан желтоқсанның онына дейін оқуға бармай, мақта теретін. Бес жыл мақта теріп жүріп білім алдық. Мен бір күнде 140 келіге жуық мақта терсем, өзге өңірден келген балалар 40 келіден асыра алмайтын. 1959 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газеті менің мақта тергенім жайлы «Кішкентай чемпион» деген мақала жазды. Осыдан он жыл бұрын 70 жас тойыма келген жора-жолдастарыммен біраз сыр ақтарғанбыз. Сонда бір досым: «Сағат мақтаны мұрнынан қан кеткенше теретін», – деп айтып қалды. Қарап отырсам, мақта тергенімнің арқасында білімімді одан әрі шыңдауға жол ашыппын. Біз екінші курста «Материалдар кедергісі» деген сабақ өтетінбіз. Сол пәннен Мәскеуден келген ғылым кандидаты Виктор Андреевич Колесников деген кісі дәріс оқитын. Ол әрі кафедра меңгерушісі еді. Бізді бірінші курстан мақтаға алып барған да Колесников. Өзі мені қасына шақырып, мақта тергеніме мәз болатын. Біз мақта теруде басқа топтарды ілестірмейтінбіз. Колесниковтің «Материалдар кедергісі» деген сабағын екі жыл өттік. Мен екі жыл «бестік» алдым. Колесников мені: «Хорошо работает и хорошо учиться», – деп өзге студенттердің алдында беделімді бір саты жоғарылатып қоятын. Ашығын айту керек, ауыл баласы болған соң алғашқыда орыс тіліне шорқақтау едім. Орыс тілін жетік білмегеннен қызыл дипломнан қағылдық. Ал кафедрада оқуын тек қызыл дипломмен бітірген студенттер қалатын. Бірақ Колесников көк диплом алғаныма қарамай, институттың ректоры, танымал академик Сұлтан Сүлейменовтен сұранып алып қалды. Кейін әскерден келген соң дәл сол «Материалдар кедергісі» сабағынан дәріс оқып жүріп, орысшаны жетік меңгеріп алдым. Мұнымен тоқтап қалмай, 1969 жылы М.И.Калинин атындағы Ленинград политехникалық институтына (қазіргі Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университеті) «Материалдар кедергісі» кафедрасының аспирантурасына қабылдандым. 1972 жылы «Құрылыс механикасы және материалдар кедергісі» мамандығы бойынша диссертация қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атандым. Ал 1985-1987 жылдары осы институттың докторантурасын тәмамдап, 1991 жылдың ақпанында докторлық диссертациямды қорғадым. 1994 жылы «Машинатану және машина бөлшектері» мамандығы бойынша профессор деген ғылыми атақ алдым. Өзім докторлық диссертация қорғап, онға жуық шәкіртімді аспирантурада оқыттым. Ленинградтағы Юрий Лягин деген профессор: «Мына қазақ бала еңбекқор еді, әлі сондай», – деп риза болды. Ал одан бұрын 1974-1998 жылдары Тараздағы бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының кафедра меңгерушісі, кейін институттың оқу-тәрбие жөніндегі проректоры болып жұмыс істедім. Мен өзім дарынды, талапты балаларды Колесников сияқты кафедраға алып қалдым. Ал 1998-2008 жылдары Алматы қаласындағы «Қайнар» университеті Жамбыл филиалының директоры болдым.
– «Онға жуық шәкіртімді аспирантурада оқыттым» деп қалдыңыз. Сізді үлгі тұтып, ғылым жолын таңдап, артыңыздан ерген шәкірттеріңіз аз емес шығар…
– Мұғалімнің білімі, жүріс-тұрысы, адамгершілігі, көзқарасы, таным-түсінігі – бәрі-бәрі студентке үлгі болуы керек. Мен сондықтан онлайн форматта оқу дегенге қарсымын. Дәстүрлі оқу форматында балалар ұстазға еріп, үлгі алады. Мұғалім секілді білімді, парасатты болсам деген түйсік қалыптасады. Сондықтан мен де өзімнің ұстазым Колесников секілді соңымнан ерген білімді студенттердің Ленинградта оқуына ықпал еттім. Қарап отырсам, өмірімді ғылымға, шәкірт тәрбиелеуге арнаппын. Осы бағытты таңдап, ұстазымның жолын жалғағаныма еш өкінбеймін.
– «Қасіретті қаңтар» оқиғасы қалың жұрттың есінде мәңгі сақталатыны анық. Осы оқиғада жұртты сабырға шақырған зиялы қауым өкілдері бас көтерген, алаңға шыққандардың негізгі бөлігі жастар деп отыр. Айтыңызшы, біздің жастарға не жетпейді? Әлде басқа күштер әсер етті ме?
– Бұл өте күрделі сұрақ. Мысалы, біз бала кезден идеологияның құрсауында болдық. Партияға, комсомолға, пионерге қабылдандық. Біз комсомолдан өту үшін ауыр көлікке мінгесіп, Төле би деген ауылға баратынбыз. Содан оқушыларды аудандық комсомол комитетіне бір-бірден кіргізіп, комсомолға қабылдайтын. Жиырма бала барсақ, міндетті түрде бірер бала комсомолға өтпейтін. Негізі, комсомол дегеннің өзі «коммунистік партияның адал көмекшісі» деген мағына береді. Міне, идеология! Біз соны құлағымызға құйып алдық. Себебі тарихты жетік білгеніміз жоқ. Әрине, қазір біздің сол саясатқа көзқарасымыз басқа. Бірақ сол дәуірде ойымызда шеруге шығу деген түсінік мүлдем болмапты. Айтпағым, жастардың бір минут бос уақыты болмауы керек. Олардың тәрбиесіне атүсті қарасақ, келешегіміз де бұлыңғыр тартады. Шындығында, бұрынғы мен қазіргіні, ескі мен жаңаны салыстыруға мүлдем болмайды. Өзім білім саласында жүрген соң, жастармен жиі пікірлесемін, ой-өрісін байқаймын. Үнемі «Материалдар кедергісі» (сопромат) пәнін білмеген студенттен кейін жақсы құрылысшы шықпайтынын ескертіп отырамын. Білікті маман беріктік, қатаңдық дегенді білсе, ешқашан үйдің шатыры ұшпайды. Үйдің іргесі мен төбесі де берік болады. Оның өз есебі бар. Мен осының барлығын студенттерге барымды салып үйретіп жүрмін. Несін жасырамыз, қазіргі балалар түсіндірген тақырыбыңды бірден қабылдамайды. Соны көріп, менің жаным ауырады. Меніңше, сол жастар мектепте негізгі пәндерді жақсы оқымаған. Егер білсе, ЖОО түскенде қиналмас еді. Олардың миында ақпарат көп, жады әлеуметтік мәселелерге толып қалған секілді. Адамның барлық ақпаратты қабылдайтындай шексіз мүмкіндігі жоқ қой. Менің қызымның баласы Англиядағы мектептің бірінде оқиды. Бір қызығы, онда оқушылардың сабақ уақытында смартфон ұстауына тыйым салынған. Немерем смартфонды тек сенбі мен жексенбіде қолға алады екен. Цифрландыру заманы дегеніміз – балалардың қолына гаджеттер беріп, қарап отыру емес. Міндетті түрде тәрбие жұмыстарын жүргізген дұрыс. Кешегі жағдайды жалпақ жұрт көрді. Сол оқиға баршамызға сабақ болды. Ақтөбеде өрт сөндірушінің көлігіне жас баланың жармасып, терезесін сындырып жатқан сәті бейнекамераға түсіп қалыпты. Басқа-басқа, өрт сөндіру көлігінде несі бар? Бұл дегеніміз сауатсыздық, жабайылық. Көлік кері жүрсе де түспей, терезесін сындыруға ұмтылғаны фильмдердегі кейбір көріністен аумайды. Кейбір адамдар алаңға шыққан жұмыссыз жастар деп жатыр. Бұл – жай ғана сылтау. Жұмыс көп, арба сүйресе де ақша табуға болады. Бар гәп – тәрбие мен идеологияда.
– Бүгінде ата-ана мектепке баласын жіберіп, ұстазға сенім артса, мұғалім әр баланың тәрбиесіне ата-анасы жауап беруі керек дейді. Бұл мәселе жайында не айтасыз?
– Әдетте күйбең тірліктің қамымен жүрген ата-ананың баласына қарайласуға уақыты болмай жатады. Олар жұмыспен әлек. Қазір 80 мың теңгемен күн көретін заман емес. Бүгінде әлеуметтік жағдайдың төмендегі жасырын емес. Қымбатшылық қысып тұр. Бір ғана ауыл шаруашылығы саласын алып қарайық. Бұрын Тараздан Алматыға шығар жолдың бойында бидай өсетін. Қазір жоқ. Егілмей қалды. Өңірде қызылша да баяғыдай өнім бермейді. Білікті мамандар аз. Кадрлардың қадірін білмедік. Баланың тәрбиесіне үйде ата-ана, мектепте мұғалім жауап беруі керек. Біз «патриотизм» деп құр айқай мен бос ұраннан ары аса алмай отырғанымыз өкінішті.
– Сіздер білімге баулып, ақылын айтып, тәрбие берген ұстаздарды ерекше құрметтедіңіздер. Содан мұғалімге қарап бой түзедіңіздер. Ал бүгінде ұстаздардың беделі түсіп кеткендей. Соңғы жылдары білім саласындағы мамандардың жалақыларын көбейтуде. Сіздіңше, мұғалімдер сол сенімді ақтап, жақсы нәтиже көрсете ала ма? Сонымен қатар жекенің меншігіндегі мектеп пен ЖОО туралы пікіріңіз қандай?
– Бізде балабақша, мектеп, колледж бен жоғары оқу орындары өмір мектебіндей болуы тиіс. Ал жекеменшік білім мекемелері бизнеске айналып кеткендей. Бұл – өте қиын жағдай. Жастар ақысын төлеп отырған соң, білімі таяз болса да оқудан шығара алмайсың. «Үштік» баға қоясың. Ұстаздардың кәсіби деңгейін көтермей, іс алға баспайды. Мұғалім идеологиялық көзқарасы мықты әрі өз мамандығының патриоты болуы қажет. Бұрын біздің мұғалімдер үлгерімі төмен студенттерді «сенен маман шықпайды» деп оқудан шығарып жіберетін. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» деген қанатты сөз текке айтылмаған. Бүгінгі мұғалімдер соған лайық болуы қажет. Ата-аналар баласына күнделікті бір мезгіл уақытын бөлсе, жұмысы үзіліп қалмайды. Баланың киімі көк, қарны тоқ, тәртібі дұрыс болуы керек. Баланы ата-ана, ұстаз, қоғам, орта тәрбиелейді. Бұрын еліміздегі институттар орташа 700-ден 1000 балаға дейін қабылдайтын. Оқу бітірген соң жақсы мамандар жерде қалмайтын. Бүгінде елімізде 130-ға жуық ЖОО бар екен. Бұрыннан қалыптасып, оқу-техникалық базасы қажетінше жабдықталған 55 ЖОО бар болса, қалғаны жекенің меншігіндегі білім ошақтары. Әрине, оның ішінде беделділері де бар дейміз. Дегенмен онда коммерция жүрген соң, қолдамаймын. Білім саласында талай жыл еңбектеніп, нәтижесінде 2008 жылы Тараз техникалық институтын аштық. Бірақ 2014 жылы жабуға мәжбүр болдым. Себебі оқуға келмейтін студенттер бар еді. Сол жаныма бататын. Институт тек техникалық бағытта мамандар даярлаған соң, студенттердің саны 900-ге жетпеді. Шамам келмегені рас. Өркениетті мемлекет құру үшін экономиканы ілгерілетуге мықтап күш салу керек. Экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін өндірісті өрістеткен абзал. Ал өндіріске міндетті түрде білікті мамандар қажет. Бұл аксиома ешқандай дәлелді қажет етпейді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.