Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар – жарқын істердің ұйытқысы

0 634

Жастар мәселесі жасампаз жолға қадам басқан Қазақстан үшін ең маңызды саясаттың бірі. Сол себепті елімізде жастар саясаты оң бағытқа қойылып, ел болашағы саналатын азаматтарға қолдау беріліп келеді. Елімізде жастар үшін атқарылып жатқан ірі жобалар мен бағдарламалар – жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан игілік. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыспен қамту, сапалы білім мәселесі жыл сайын мемлекет назарынан тыс қалған емес.

Қазіргі уақытта Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 429 103 адамды құраса, оның 120 902-і 14 пен 35 аралығындағы жастар. Яғни, шаһар тұрғындарының 28,3 пайызын жастар құрап отыр. Оның 64 008-і мектеп оқушылары мен студенттер.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру, жастардың қоғамдық бірлестіктерімен байланысын жүзеге асыру мақсатында 2023 жылы Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы 11 бағыт бойынша 9 айда 611 іс-шара ұйымдастырып, 29 186 адам қамтылды.
Сонымен қатар наурыз айынан бастап қала жастарын жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағына 329 жас уақытша жұмыспен қамтылып, қарқынды жұмыс атқарып келеді. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп дамуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Қ.Рысқұлбеков, «Жастар» аллеясы, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жұмыс істеп, бүгінгі таңда «Қарасу-2» каналының жағалауына тазалауда.
Ағымдағы жылдың 22, 29 сәуір күндері «Таза қала – таза жағалау» атты акция аясында қала жастары мен волонтерлары «Қарасу» (5) ықшамауданындағы «Әулиебастау» бұлағы маңын күл-қоқыстан аршып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Аталған акцияға 200-ден астам жас қатысты. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасақтары мен белсенді жастардың қатысуымен «Жастар және таза әлем», «Киелі табиғат» атты республикалық экологиялық акциялары өткізілді. Бұдан бөлек «World clean up Day» дүниежүзілік акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында қаланың белсенді жастары мен волонтерлары Талас өзенінің бойын күл-қоқыстан тазалады. Аталған акцияға 30-ға жуық жас қамтылды.
Қазақстан жастары қашанда ел болашағын қалыптастыруда шешуші рөл атқарған және атқарып келеді. Олар өздерінің ұмтылысы, білім мен инновацияға деген құштарлығымен, іскерлік рухымен және әлеуметтік белсенділіктерімен Қазақстан өмірінің әртүрлі аспектілеріне елеулі үлес қосуда. Негізгі статистика бойынша еліміздің 30 пайызын жастар құрап отыр. Бұл еліміздің әлеуметтік-мәдени және экономикалық дамуындағы жастардың маңызды рөлін көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нанымызды адалынан жейік, табан ақы, маңдай терімізбен табайық» деп жастарды еңбекқор болуға, адал жүруге шақырды. Түсіне білген адамға мұнда үлкен философиялық ой, парасат-пайым жатыр. Кейбір жастар жеңіл жолмен тез байығысы келеді. Оның арты әсте жақсылыққа апармайды. Ең бастысы жастарға еңбекқор болған кезде ғана нарықта бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндік болады деп кеңес берді. Оқу, білім алу, біліктілігіңді көрсету, солай адал еңбегіңмен өсіп-өнудің өзі үлкен бақыт.
Жастар белсенді, көзқарасы тың, энергиясы мол болғандықтан тәжірибесі аз болса да жұмысы өнімді болып, кез-келген процеске шынайы қызығушылықпен қатысады. Нақтырақ айтсақ, орталық тарапынан отбасының жағымды имиджін насихаттау мақсатында жас отбасылар арасында «QAZ IQ» интеллектуалды ойыны, жастарды зиянды әрекеттерден сақтау бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен және кинолог мамандармен бірлесе «Есірткіге жол жоқ!», «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты акциясы, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі», жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі спорттық және мерекелік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жастарды қоғамның өзекті мәселелерін шешудегі орны мен рөлін арттыра отырып, жаңа ұсыныстар мен тың идеялар туындатып, оны тиімді пайдалануға үйрету мақсатында «08 city» атты инновациялық жобалар байқауын ұйымдастырған болатынбыз. Жалпы байқауға облыс және қала аумағынан 20-дан аса команда қатысып, бақ сынасты. Жоба аясында жастар арасында сұранысқа ие және өз саласында тәжірибесі жоғары кәсіпкерлер мен менторлар бизнес жоба жазу және қорғау, ораторлық өнер бағыттары бойынша оқытылды.
Ағымдағы жылы 12 тамызда Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жеңіс» саябағында Халықаралық жастар күніне арналған «Болашаққа – үміт, жастарға – сенім» атты мерекелік іс-шара өткізілген болатын. Мерекеге орай облыс, қала көлемінде «Болашаққа – үміт, жастарға – сенім» мәдени-көпшілік іс-шарасы, «Water ball», «Вавилон мұнарасы», «Тауып көр» атты квест ойындар, «Қара нүкте» ойындары, кеңес беру алаңдары, «Жайдарман» ойындары, бұқаралық, спорттық іс-шаралары аталып өтілді.
Сонымен қатар «Би battle» атты заманауи бишілер арасында қалалық би байқауы ұйымдастырылды. Аталған шарада алдын ала іріктеуден өткен 8 команда бақ сынады. Қатысушылар жүлделі сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды. Іс-шара 300-ге жуық жас жанкүйер ретінде келді. Осы орайда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жастар арасында «Жайдарман» ойындары жобасын жүзеге асыруда. «Жайдарман» ойындары арқылы жастардың интеллектуалды ойлау қабілетін арттыру, оларды ұлтжандылық пен шығармашылыққа тәрбиелеу, сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – басты мақсат.
Финалдық ойындардың бірі – NOMAD лигасындағы ойын болмақ, онда жастар қала әкімінің кубогына лайықты команданы анықтады. NOMAD лигасына Қызылорда, Түркістан және Шымкент қалаларында іріктеу ойындарынан өткен 20-дан астам команда қатысты. Финалдық кезеңге өткен командалар арасынан Қызылорда облысының «Сұрап алмадық», Тараз қаласының «OIY» және Түркістан қаласының «Еркінабад» командаларын ерекше атап өтуге болады. Шарада жастар саясатының дамуына, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, зор үлес қосып жүрген қаламыздың белсенді жастары Алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар «MART» ойын сауық орталығында Халықаралық жастар күніне орай «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» өткізілді. Жәрмеңкеде жалпы саны 1 734 бос жұмыс орны ұсынылды. «Мансаптық орталық» филиалы 1 200 жұмыс орнын ұсынып, 27 жас мемлекеттік бағдарлама арқылы жолдама алуға жіберілді. «Отбасы банкінен» 19 жасқа депозит шоты ашылып, 40 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 200-ге жуық жас пен жергілікті тұрғын қатысты. Жыл басынан бері жастар ресурстық орталығы және Халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан 10 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі мен 31 кеңес беру алаңы өткізіліп, жұмыстар жүргізілді.
Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында әр сенбі күндері қала аумағындағы саябақтарда акустикалық ән кештері өткізілуде. Ағымдағы жылы өңір жастарын көптеген тың жобалар күтіп тұр. Атап айтсақ, жастарға патриоттық тәрбие беру, интеллектуалды тұрғыдан дамыту, оларды қоғамдық-мәдени ортаға тарту мақсатында түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай маусым айына арналған профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында қала әкімімен жоспар бекітілген болатын. «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Есірткісіз болашақ» акциясы өткізілді. Акция барысында қалалық мәслихаттың депуттары, жастар мен волонтерлар тұрғын үйлердің қабырғаларындағы есірткі құралдарын жарнамалайтын сайттардың сілтемелерін анықтап, 200-ден аса граффити жазуы өшірілді.
Бұдан бөлек мемлекетте әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталған. Орталық әлеуметтік-экономикалық мәселелер, жас отбасыларды баспанамен қамту, табыс деңгейін көтеру, білім алу мүмкіндігін кеңейту және өзге де бағыттар бойынша білікті мамандардың қатысуымен құқықтық кеңес беру алаңдарын ұйымдастырып отырады.
Жастардың саясат пен қоғамдағы рөлі де маңызды екені даусыз. Олардың саяси қозғалыстар мен ұйымдарға қатысуы жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ елді басқарудың жаңа идеялары мен көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы Қазақстан жастары – еліміздің бүгінгі және ертеңгі жетістіктерін айқындайтын серпінді де жасампаз күш. Олардың амбициялары, білім мен инновацияға деген құштарлығы, кәсіпкерлік рухы мен әлеуметтік белсенділігі оларды заманауи қазақстандық қоғамның ажырамас бөлігіне айналдырады. Олар өз өнерлері мен ой-өрісін шыңдай отырып, ел тарихында із қалдырып, өркендеуіне үлес қосуда.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген даналық сөзі бар. Қазіргідей жаңарған заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінеді. Ел азаматтары Отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге тиіс.
Қазір елімізде бірнеше тілді меңгерген, заманауи ақпараттық технологияларды білетін белсенді, белгілі бір мақсатқа ұмтылатын жас ұрпақ өсіп келеді. Бұл ұрпақты қолдап, әмбебап адами құндылықтар ұғымын қалыптастыру қажет екені рас. Сонда ғана белгілі бір топтардың, шектеулі адамдардың емес, жалпы қоғамның өркендеуіне мүдделі сауатты, өнегелі азаматтар өсіп шығады. Өз Отанын сүйетін, осы жердің тарихы мен тілін құрметтейтін, ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сыйлайтын, бірақ ортақ құндылықтары бар екенін түсінетін, өзара сенім мен түсіністік рухында тәрбиеленген азаматтар әрқашан әлемге ашық, ізденімпаз, білім мен ғылымға құмар, жат қылықтардан аулақ және өз халқын шын сүйеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастар – әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші, сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек», – деген сөздері жастардың қуатты және дамыған мемлекет құрудағы маңызды рөлін айқындайды. Күш-қайрат тасып тұрған шақта оны тек өз игілігіңе жұмсай білу өскелең ұрпақтың парасатты қадамы болмақ.
Сөздің түйіні, жастар – қозғаушы күш, елдің ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.