Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар саясатының жарқын қадамдары

0 1  113

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың Жолдауының тарихи ерекшелігі – еліміздің жаңа демократиялық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» қағидаларына негізделгені. Президент құнды құжатта саяси реформалардың жаңа бағдарламасын, әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларды, ішкі, сыртқы саясат, қауіпсіздік мәселелерін айқындап, 5 бағдарды нақтылап берді.

Мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға, халқымыздың түпкілікті мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бағытты ұстанудың маңыздылығын, сондай-ақ біздің басты байлығымыз тәуелсіздікті сақтау, ұлттық бірегейлік негіздерін нығайту, мемлекетті трансформациялауға баса назар аудару қажеттігін айтқан. Бұл жөнінде Президент: «Қазіргі жастар басқаша. Маған ұнайтыны, қазіргі жастардың көбі мемлекеттен көмек күтпей, керісінше, өз еліне пайдалы болғысы келеді. Әрине, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, біз өз азаматтарымызды, әсіресе әлеуметтік осал топтарға әрқашан қолдау көрсетеміз. Бірақ өз әл-ауқаты үшін жауапкершілікті мемлекетке де, қоғамға да арту мүмкін емес», – деген болатын. Еліміздің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі жастар екені белгілі.
Жолдаудың мән-маңызы өте ерекше. Олай дейтініміз, бұл Жолдаудың жүгі қысқа мерзіммен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны бөлек. Біз келешекте әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталып, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Президент өз сөзінде: «Еліміздің басты құндылығы – адам», – деп адам игілігіне қатысты жаңа саяси жаңғыру идеясын көтерді. Бұл жолғы құжатта бұрын айтылмаған өзекті, өткір мәселелер алшы түсер сақаға құйылған қорғасындай көкейге қона кетті. Бір ғана мысал, Президент алға қойған міндет – білімді жастарды тәрбиелеу. Қазақстанның ең басты байлығы – алтыны, мұнайы, газы ғана емес, жаңарған өмірге сай жаңа сападағы білімді, еңбекқор халқы. Ел бастаған көсемі – кемел ойлы кемеңгер, халқы ел сүйсінген еңбеккер болса, еңсерілмес қиындық, алынбас асу жоқ.
Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Нанымызды адалынан жейік, табан ақы, маңдай терімізбен табайық», – деп жастарды еңбекқор болуға, адал жүруге шақырды. Түсіне білген адамға мұнда үлкен философиялық ой, парасат-пайым жатыр. Кейбір жастар жеңіл жолмен тез байығысы келеді. Оның арты әсте жақсылыққа апармайды. Ең бастысы, жастарға еңбекқор болған кезде ғана нарықта бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндік болады деп кеңес берді. Оқу, білім алу, біліктілігіңді көрсету, солай адал еңбегіңмен өсіп-өнудің өзі үлкен бақыт.
Қазіргі таңда Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 422 785 адамды құраса, оның 126 378-і 14 пен 35 аралығындағы жастар. Биыл жастар саясатындағы өзгерістерге байланысты жас мөлшері 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Яғни бұрын жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар енсе, қазір 35 жасқа дейін өсті. Демек, жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артты. Бұрын елімізде жастар категориясына 3 миллион 700 адам кірсе, қазір 5 миллион 700 мың адам жатады. Мұның өзі жастарға үлкен сенім мен зор үміт артылып отырғандықтың белгісі деп түсінемін.
Жолдау жүктеген тағы бір міндет – жастарды жұмыспен қамту. Қазіргі жұмыссыз жүрген жастарды кәсіппен баулып, жұмыспен қамту – ұлттың болашағына жасалып жатқан үлкен қадам. Қазіргі уақытта да мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне жастар белсенді араласып, елеулі орын алып келеді. Мемлекет өзінің әлеуметтік саясатына сәйкес жастардың білім алуы, баспанамен және жұмыспен қамтылуына қажетті бағдарламаларды қабылдады. Біздің мақсат – қолына диплом алып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жас түлектердің жұмыспен қамтылуын басты назарға алу. Одан бөлек, уақытша бос жүрген (NEET) жастардың білім алуына, оларды жұмыспен қамту және өз ісімен айналысуына түрткі боламыз. Бұл мақсатта біздің мекемеде «NEET жастары және жас отбасылар» секторы жұмыс атқаруда. Жастарға мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып отырғанының тағы бір айға-ғы – биыл жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайыздық шағын несие беріліп отыр. Осы уақытқа дейін орталық тарапынан 11 743 жасқа адрестік жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, 117-і орталық арқылы жолдама алып, тұрақты жұмыспен қамтылған және 95-і белсенді шараларға тартылды. Орталығымыздың мамандары қала маңында орналасқан «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Жиделі», «Қайнар», «Барысхан» алқаптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жұмыссыздықты жою мәселесі «Жастар практикасы», «Кәсіптік оқыту», «Қайта даярлау» және «Мемлекеттік грант беру» арқылы іске асуда.
Президент қоғамдағы біз бой алдыра бастаған дерттерді де баса айтты. Өкінішке орай, арамызда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге бейім үлкен де, жас та баршылық. Мұндай жаман әдеттен арылғанымыз жөн. Өйткені мұндай психологиямен ұзаққа бара алмаймыз. Сондықтан Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құрудағы әр тың идеясын құптаймын. Біздің ұрпақ әділ қоғамда, өркениетті елде өмір сүруі керек. Ол үшін тек адал еңбек еткен абзал. Еңбек еткен адам жаман өмір сүрмейтіні белгілі. Осы ретте хакім Абай да «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деп теріс жолға түспес үшін күпірлігімізді емес, шүкірлігімізді арттырып, жалқаулықты емес, еңбекқорлықты серік ету керек екенін ескертеді.
Ұлттың еңбекқор, жұмысқа қабілетті, заманға бейім болуы – мемлекет болашағына оң әсерін беретіні сөзсіз. Ежелгі грек философы Демокрит: «Еңбек үздіксіз үйренгендіктің арқасында жеңілдей түседі», – дейді. Бізге кере-гі – осы еңбек қағидасын күнделікті тәртіптен түсірмеу. Сонда ғана адами капиталдың әлеуеті арта түседі. Ал студент жастар қазірден теориялық тәлімдерін практикамен ұштастыруды қалыптастыру керек. Тәжірибе – еңбектің ең бастапқы жолы. Сондықтан Президент көтерген жаһандану мәселесінде біздің біліктілігіміз сынға түседі. Бұл тұрғыда мемлекеттің жаңа реформаларын қолдап, адами капиталымызды арттыруға мүдделі болуымыз керек. Сонымен қатар наурыз айынан бастап қала жастарын жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағына 100 жас уақытша жұмыспен қамтылып, қарқынды жұмыс атқарып келеді. «Жасыл ел» еңбек жасағы қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, «Жеңіс» саябағы, «Әулиебұлақ», «Жастар» аллеясы және т.б. қаладағы ықшамаудандар, каналдар мен арықтардың жағасындағы шөптерді ору мен тұрмыстық қалдықтарын жинау жұмыстарын жүргізуде.
Жастар белсенді, көзқарасы тың, энергиясы мол болғандықтан, тәжірибесі аз болса да, жұмысы өнімді болып, кез келген процеске шынайы қызығушылықпен қатысады. Сонымен қатар биылғы жылы өңір жастарын көптеген тың жобалар күтіп тұр. Атап айтсақ, жастарға патриоттық тәрбие беру, оларды қоғамдық-мәдени ортаға тарту мақсатында түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
Жастар мәселесі кез келген мемлекет үшін маңызды. Сол себепті жастарды жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік бағдарлама жасауды іске асыру аса өзекті. Ағымдағы жылы әртүрлі бағытта 321 жасқа консультациялық кеңестер беріліп, жастар мәселесін оңтайлы шешу мақсатында тиісті мекемелерге жолданып, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында жастарға кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, тұрғын үй, құқықтық, психологиялық түрлі бағытта кеңестер беру үшін түрлі сала мамандарын тарта отырып, 5 көшпелі кеңес беру алаңы ұйымдастырылды.
Президент мемлекеттік басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, ашықтық орнатуға баса мән беруде. Халықпен келелі кеңес құру, жұртшылықтың пікірін елеп-ескеріп отыру үрдісі қоғамдағы түбегейлі өзгерістерге жол ашып беретіні түсінікті. Ол өзгерістердің баянды болмағы саяси институттардың берік орнығуына, соның ішінде қоғаммен байланыс рөлінің артуына да тікелей байланысты. Қоғамдық пікірді зерделеу арқылы елдің әл-ауқатын арттыру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл ретте билік пен халық өзара диалог орнату арқылы белсенді жұмыс атқаруы керек.
Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде адами капиталды дамыту қажеттігіне, соның ішінде білім беру саласын нығайтуға үнемі назар аударып келеді. Сондай-ақ ұлттың әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқаратын білім беру саласының жай-күйіне назар аударды. Орта білім беру сапасын арттыру үшін 2025 жылға дейін апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу қажет екенін айтты. Жастардың білімі мемлекеттің қаруы саналатындықтан, олардың білім ала жүріп еңбек етуге, бизнес және кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашу ұсынылды. «Еңбекқор адам ең сыйлы адам болуы тиіс», – деген Президент сөзі бүгінгі күннің басты қағидасына айналса, халықтың әл-ауқатының көрсеткіші артады деп пайым жасауға болады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген даналық сөзі бар. Қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетінін ашық жеткізді. Ел азаматтарын, Отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырды.
Қазақстанның XXI ғасырда гүлденуі мен әлемге танылуын қамтамасыз етуге тиіс жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі. Мұндай миссия кәсіптік білімі, бәсекеге қабілетті, патриот және әлеуметтік тұрғыдан жауапты жастардың ғана қолынан келеді. Осыған байланысты мемлекеттің басым міндеті – мемлекеттік жастар саясатын уақыт талаптарына сай бейімдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналдыру. Осы орайда Жолдауға сәйкес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағдарлап, алдағы саяси өзгерістерін айқындап берді. Бес бағдарды қамтитын саяси құжатта Ел Президенті: «Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді», – деген еді.
Басты мақсатымыздың бірі – қоғам-да өркениетті саяси дәстүрді орнық- тыру. Ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Онсыз тұрақты әрі жан-жақты даму мүмкін емес. Еліміздің қазіргі жеткен жетістіктеріне, береке-бірлік пен еселі еңбектің арқасында қол жеткіздік, келешекте де кез келген сын-қатерге дайын болуымыз қажет.
Жолдауда айтылған ең өзекті мәселе – цифрландыру. Цифрлық технологиялардың жедел дамуы салалық проблемаларды шешуге ғана емес, сонымен қатар ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға ықпал етеді. «Жолдаудағы бес бөлімнен де цифрландыруға қатысты тапсырмаларды көруге болады. Бұған дейін де бізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік жобасы жүзеге асырылған. Бұл барлық салаларды қамтыған жоба болды. Бұл Жолдауда цифрландыруды экономиканы тұрақтандыруда, салық жүйесінде, мемлекеттік сатып алуда, жер қатынастарын реттеуде, ауыл шаруашылығында, отбасының цифрлық картасын жасауда, сот жүйесінде жетілдіру қажеттілігін қолдаймын.
Бүгінгідей геосаяси алмағайып заманда ел мүддесін бірінші орынға қоя отырып, мемлекетіміздің территориялық тұтастығы мен халқымыздың береке-бірлігін сақтау маңызды. Қазақстан – жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орын алып жатқан үлкен мемлекет. Әрине, осындай аймақты құрайтын республикамыздың ауылдары мен қалаларын, моноқалаларын, ауданаралық жолдарын заманауи талаптарға сәйкестендіру, инфрақұрылымды дамыту, сапасын көтеру – аса маңызды басымдықтардың бірі.
Еліміздің әр азаматы тәуелсіздіктің игілігін сезіну керектігін, жас ұрпақтың өз болашағына нық сеніммен аттауға тиіс екенін айтты.
Жолдау болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді. Ендеше, қуатты Қазақстанды бірге құрып, елдің әл-ауқатын жақсарту жолында жемісті жұмыс істеп, ерінбей еңбектенейік.
Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып, мен бұл Жолдау бүкіл халық үшін қуатты жұмылдырушы бастама болатынына сенімдімін. Осы Жолдаудың міндеттерін іске асыру Қазақстанның дамуындағы ауқымды серпіліс үшін мүмкіндік болады деп ойлаймын.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.