Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар – қоғамның қозғаушы күші

0 375

Жастар мәселесі – кез келген, оның ішінде жасампаз жолға қадам басқан Қазақстан үшін ең маңызды саясаттың бірі. Сол себепті елімізде жастар саясаты оң бағытқа қойылып, ел болашағы саналатын азаматтарға қолдау керек. Сөзіміздің айқын дәлелі – Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының соңғы жылдардағы жұмысы мен жеткен жетістігі десек болады. Облыс орталығы тұрғындарының 20,7 пайызы 18 бен 29 жас аралығындағы адамдар. Біздің мақсат – осы топтағы әрбір жанға көмек көрсету, олардың болашағына сенім ұялату. Бұл бағытта орталықтың ішінде «Қабілет», «Шөлдала ENERGY», «Арай» «Азимут», «Бәйтерек» сынды аула клубтары қамтылған. Онда сол аймақта тұратын кез келген жас пен жасөспірім келіп, бос уақытын бізбен көңілді өткізуіне мүмкіндігі мол.

Мәселен, түрлі танымдық, шығармашылық іс-шаралар мен бұқаралық спорттар жиі өткізіледі. Одан бөлек, әр адамның жеке қабілетіне қарай шахмат, қолөнер, домбыра үйірмелері және де саяси көзқарас қалыптастыру мен ораторлық пікірсайыс топтары бар. Жалпы ағымдағы жылы орталық мамандарының ұйытқы болуымен «Мәдени-шығармашылық», «Рухани-адамгершілік», «Құқықтық», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», «Психологиялық-танымдық», «Діни», «Жастарға кеңес», «Әскери-патриоттық», «Экологиялық мәдениет», «Этносаралық келісім», «Спорттық» бағыттары бойынша 20 іс-шара өткізіліп, 9000-ға жуық жас қамтылды.
Әрине, біздің жұмысымыз тек жоғарыдағы іс-шарамен шектеліп қана қоймайды. Қолына диплом алып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жас түлектердің жұмыспен қамтылуын басты назарға аламыз. Одан бөлек, NEET, яғни бос жүрген жастардың білім алуына немесе бір іспен айналысуына түрткі боламыз. Мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып отырғанының тағы бір айғағы – биыл бизнес гранттардың 72 пайызы жастардың үлесінде болмақ. Осы жылы жыл басынан 1034 жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, 2 айда оның 200-ден астамы еңбекпен қамтылды. Орталық мамандары қала маңында орналасқан «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Жиделі», «Қайнар», «Барысхан» елді мекенінде түсіндіру жұмысын жүргізді. Нәтижесінде сол аймақтағы кәсіпкерлік нысандарынан ашылған 50 жаңа жұмыс орнына жастар тартылуда. Жұмыссыздық мәселесі жастар практикасы, кәсіптік оқыту, қайта даярлау және мемлекеттік грант беру арқылы іске асуда. Жаңашыл идея ұсынған жас кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грант көлемі биыл 400 еселенген АЕК артқаны тағы бір қуантты. Бұл еліміздегі ісін дөңгелетіп, қатарластарына үлгі боламын деген жандарға үлкен мүмкіндік болмақ.
Бұдан бөлек, мемлекетте әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталған. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, жас отбасылардың баспанамен қамту, табыс деңгейін көтеру, білім алу мүмкіндігін кеңейту. Орталық бұл бағытта да арнайы білікті мамандардың қатысуымен құқықтық, медициналық кеңестер ұйымдастырып отырады.
Ақын Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін» деген өлең жолдары қай кезде де өзектілігін, маңыздылығын жоймақ емес. Күш-қайрат тасып тұрған шақта оны тек өз игілігіңе жұмсай білу өскелең ұрпақтың парасатты қадамы болмақ. Ал ел ертеңі мен және менің қатарластарым десек, біздің жарқын болашақ үшін қабылданып жатқан қадау-қадау жобаларды мүлт жібермей, оны сіздерге түсіндіру, ұғындыру – орталықтың міндеті.
Сөздің түйіні, жастарға әрдайым жол ашық. Басқалай болуы да мүмкін емес. Өйткені ертеңгі ел басқару тізгіні бүгінгі қыз-жігіттерге берілетін үлкен аманат болмақ.

Ержан Жылқыбаев,
Тараз қаласының әкімі

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.