Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар. Діни сенім. Болашақ.

0 335

Еліміздің көк байрағы желбірегеннен бері ата-баба дәстүрі көш түзеп, халқымыз еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа бет алды. Бүгінде күллі әлем таныған тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.

Болашақта ел тізгінін ұстайтын жастар тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, елге қалтқысыз қызмет етсе, мемлекетіміздің экономикасы қарқынды дамиды әрі бәсекеге қабілеттілігі артып, өркениет көшінен қалмайды.

«Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті, алғыр әрі жалынды жастардың қолында. «Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, жастар – қоғамның тірегі. Білімді ұрпақ ұлтының болашағын бұлыңғыр етпейді, өйткені мемлекеттің ертеңi жастардың қолында. Ал жастардың заманауи білім алуына жағдай жасап, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстатуды мақсат еткен мемлекет пен Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында еліміздегі білім саласы жылдан-жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

Дегенмен кейде үлкен үміт артып отырған жастарымыздың бүгінгі рухани келбеті қандай деген сұрақ туындайды. Бүгінгі жас буын өте еліктегіш, болып жатқан өзгерістерді ой елегінен өткізбей қабылдап, бойға сіңіріп үлгереді. Соның салдарынан ұлттың болмысы мен мәдениетіне жат түрлі саяси, діни ағымдар идеологиясының құлы болып, өзінің дәстүрлі рухани құндылықтарынан бас тарту көріністері болып жатқаны да жаңалық емес. Жастардың эстетикалық, діни көзқарастарын қалыптастыруда бүгінгі ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор екені баршаға мәлім. Себебі ғаламтор желісіндегі сансыз ақпараттар жастардың өмір сүру салтына, жүріс-тұрысына, тіпті киім киісіне де тікелей әсер етіп отыр.

Бүгінгі таңда ұлтжанды әрі иманды ұрпақ қалыптастыру, рухани тірегі мықты, намыс-жігері мол жастарды тәрбиелеу өзекті мәселеге айналып отыр. Жастардың рухани әлемінің байлығы олардың өзі үшін ғана емес, бүкіл қоғам өмірі үшін де маңызды. Себебі жас ұрпақтың ұстанған бағытынан, оның келбеті мен дүниетанымынан, саналы ғұмыр кешуге деген ынтасынан қоғам мен мемлекеттің тұтас дамуы анықталады.

Адамдарды азғындықтан, сезімдік жадаулықтан құтқаратын бір күш бар. Оның аты – дін. Дін тек белгілі бір талап, тәртіп, дәстүр, заңдылықтарды орындаумен шектелмейді, дін жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, адамның ішкі жан дүниесін байытып, өнегелі көзқарас пен әрекет қалыптастырады. Дінде адамның жан дүниесіне ықпал ететін құдірет бар. Қазіргі кезеңде дін – қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасағанмен, бүгінде кейбір жастарымыздың жат діннің жетегінде жүргеніне налисың. Ал сол теріс пиғылды ағымдарға қарсы күресудің ең ұтымды жолы – ұлттық болмысымыз бен табиғатымызға етене асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Себебі жалпы адамзаттың рухани дамуының түп негізі мәдениет, әдебиет, дін, салт-сана, тіл деген ең негізгі құндылықтардың беріктігіне келіп тіреледі.

Қай заманда болмасын өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу – адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің бірі. Мемлекет жастарға жан-жақты жағдай жасап, үлкен мүмкіндіктер туғызып отырғандықтан, тәуелсіз елдің ұланы сол қамқорлықты тиімді пайдаланып, азаматтық жауапкершілікпен жарқын болашаққа қызмет етіп, жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуы керек.

Егемен елімізді дүниежүзінің дамыған елдерімен теңестіріп, тұтқасын ұстайтын, біздің дарынды да қабілетті ұландарымыздың ең басты бағдаршамы – ұлттық құндылық, ең негізгі ұстанымы рухани ізгілік болғаны жөн. Олар халқымыздың қанындағы әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік секілді құндылықтар мен асыл қасиеттерді ұлықтап, рухани азық етсе нұр үстіне нұр болар еді.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің
директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.