Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар бұзақылыққа неге барады?

0 1  997

Бүгінде кәмелет жасына жетпей жатып қылмысқа баратындардың саны артқаны байқалады. Мұндай оқиғалардың көпшілігінің бастауында әлімжеттік тұратыны да анықталған. Көбіне бір-біріне күш көрсету оқу-білімсіз жүрген, айналысатын ісі жоқ жасөспірімдердің арасында орын алады деп жатамыз. Бірақ қазіргі таңда түрлі деңгейдегі білім ошақтарының өзінде мұндай оқиғалардың жиілеп кеткендігі алаңдатып отырған жайы бар.

Жасөспірімдердің қылмыстары арасында қатыгездік пен зорлық-зомбылық әдетті іске айналып бара жатыр. Сонымен қатар жасөспірімдер зорлық-зомбылықты шегінен асырып жасайды. Жасөспірімдер қылмыс жасау барысында келеңсіз жағдай бола қалса адам өлтіру, ауыр дене жарақатын, қарақшылық жасауға дейін барады. Жастар арасындағы қылмыстар ер балалар мен қыз балалардың нашақорлық, таксикомания және алкогольдік әсерімен жасалады. Қазіргі таңда мастықпен жасалатын қылмыстар айтарлықтай жиі кездеседі. Әрбір 5-ші қылмыс жасөспірімдердің алкогольдің немесе нашаның әсерімен жасалатыны хақ. Қазіргі таңда қыз балалардың қылмыс жасауы жиі кездесіп жатады. Тіптен әлеуметтік желілерден қаракөз қарындастарымыздың ер балаларша жұдырықтасып жатқанын да көріп, терең күрсінетін болдық.
Алдын ала жоспарланып, дайындалып, техникамен жабдықталған қылмыстар өте қатты көбейіп бара жатыр. Бұл қылмыстарды көбіне топтасып жасайды. Жастардың тең жартысы топ ішінде қылмыс жасап темір тордың артына кетіп жатады. Кәмелетке толмағандардың жасайтын қылмыстардың арасында ерекше орын алатыны – бұзақылық.
Оның бірден-бір дәлелі – ата-ананың қолдауының жоқтығынан, ата-ана үйінде дұрыс тәрбие беріп, жастарды барынша қолдап отырса, өз ақылдарын қазіргі өмірмен ұштастырып тікелей ашық байланыс құрып әңгімелессе, бала ешқашан жаман жолға түспейді.
Күні жуырда облысымыздың өзінде мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік көрсетудің салдарынан бір адам қаза тапты, кінәлілер ұсталды. Енді шалалықпен жасаған қылмыстары үшін жастық шақтарын темір тордың ар жағында өткізеді. Темір тордың ар жағында түрлі қазақ бауырлардың отырғанын көзбен көріп, сөзбен естігенде ет жүрегің елжірейді тіптен.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, алдымен әр ата-ана өз баласының тәрбиесін жіті қадағалауда ұстауы қажет. Сол кезде ғана елімізде жасөспірімдер қылмысы азайып, бала болашағы жарқын болады. Бала көргенін істейтіні рас. Осы мақсатта алдыңғы буын өкілдері ертеңгі ұрпаққа дұрыс жолды сілтегені дұрыс. Жақсы іс пен жаман істің айырмашылығын түсіндіріп, олардың соңы қандай жолға апарарын да бала бойына сіңіре білу керек. Ұрлық, адам ұру, тәуелді зиянды дүниелер және басқа да балаға қылмыскер атағын әкелетін әрекеттерден аулақ ұстағанымыз абзал. Қылмысқа толы елдің болашағы да жоқ екендігін есте сақтайық!

Мерей САРМАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының
3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.