Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастарға жаңа алаң керек

0 181

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бұл былтырғы Жастар жылында көп айтылған сөздің бірі болды. Келешегінен үміт күттірер топқа жасалған игілік аз емес. Алайда еленбеген тұстар да баршылық. Редакциямызға жуырда BMX-пен, яғни велосипедпен түрлі экстремалды трюктер жасаумен айналысатын жастардың көшбасшысы қайырылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Дионисий ПЛЯШЕШНИК

16 жастағы Кирилл Назарецтің өткен жылдың ақпанынан бері осы экстремалды спорт түріне қызығушылығы артқан. Бүгінде ол айналасына велоспортқа құмар жүздеген жасты жинап та үлгеріпті. Салауатты өмір салтын ұстаным еткен мұндай жастарға жағдай жасалса, шаһарда қос аяқты көліктерін сайлап отырғандардың саны 500-ден асып жығылатын көрінеді.

– Велоспортпен айналысып жүргеніме бір жылдан аса уақыт болды. 2019 жылдың ақпан айында BMХ велосипедін сатып алдым. Содан бері бұл көлік менің серігіме айналды. Алғашында оңай болған жоқ. Бірақ ұдайы жасаған жаттығулар өз нәтижесін берді. Қазір айналамда 100-ден аса жасөспірім бар. Замандастарымның қызығушылығы қуантады. Дегенмен қала тұрғындары арасында осы спорт түрі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек сияқты. Себебі кей кезде тәртіп сақшылары біздің саябақтардағы жаттығуларымызды тоқтатып тас-тайды. Бұл, ең бірінші кезекте, экстремалды спорт түрлеріне арналған скейт-алаңның жоқтығынан. Ал Таразда осы спортты серік еткендер өте көп. Қолайлы жағдай жасалса, талай асуды бағындырар едік, – дейді жас спортшы.

Жалпы әлемде экстремалды спорт түрлері үлкен танымалдылыққа ие. Ал интернетте скейтбордис-тер мен роллер спорт шеберлерінің видеоларын тәулік сайын миллиондаған адам тамашалайды. Тараздық спортшылар үшін де бүгінде жалғыз мотивация – ғаламтор. Оның ішінде «Youtube» пен «Instagram». Өкініштісі сол, көздерінде от ойнаған, жүрек жұтқан жас спортшыларда экстремалды трюктермен шұғылданатын арнайы алаң жоқ. Олар қазір шаһардағы скверлер мен саябақтарды спорт алаңына айналдыруға мәжбүр. Велотрюкпен қатар, скейтбордингпен айналысатын спорт шеберлерінің де жағдайы осындай.
Велосипед мотокросы, веломотокросс немесе «BMX» ағылшынша «Bicycle Motocross» деп аталады. Бұл спорт түріне арнайы BMX велосипедін пайдаланады. Алғашқы ВМХ велосипеді батпақты жерлердегі жолсыз жарыстар үшін 1960 жылы құрастырылған болатын. Бүгінгі күні ВМХ Олимпиадалық спорт түрі болып саналады, сондай-ақ қалалық жастардың сүйікті спортына айналған.

Веломотокростың пайда болуының бірнеше нұсқалары бар. Негізін қалаушы – америкалық Гарри Тернер. Ол мототрассаларды бағындыру үшін ұлына арнап ересектерге арналған кішкентай велосипед ойлап тапқан. BMX бірнеше стильге бөлінеді. Олар стрит, флеш, вёрт және дёрт деп аталады. ВМХ-тің алғашқы сайыстары өткен ғасырдың 70-80 жылдары ұйымдастырылған. Сондықтан да ол жаңа спорт түріне жатпайды. Америкалық фристайл қауымдастығы (AFA) сол кезеңде бұл спорт түріне үлкен қолдау көрсете бастайды. Нәтижесінде жүздеген шабандоздар, вёрттің жанкүйерлері бірігіп AFA дәстүрлерін ұстануды ұйғарады. Қорғаныс киімдерін кию дағдылары да сол кезеңнен басталған. AFA мүшелері 4 топқа бөлініп сайысқан: 13 және одан төмен жастағы балалар, 14-15, 16-18 жастағы жасөспірімдер, 19 жастан жоғары бозбалалар. Бұл спорттың ең танымал өкілдерінің қатарында Мэтт Хоффман, Дэннис Маккой, Рик Торнның есімдері ерекше аталады. 1989-1991 жылдар аралығын BMX спорт түрінің дағдарыс кезеңі деп атауға болады. Себебі осы жылдары спортшылар велосипедтердің қосалқы бөлшектеріне көп шығындалып, банкротқа ұшыраған. Ал одан кейінгі кезеңдерді BMX-тің жаңа дәуірі деп атауға болады. Хоффман сынды әуесқойлардың арқасында бұл экстримге толы жаңа спорт түріне қызығушы қалталы азаматтардың қарасы көбейді. Интернеттің дамуы да өзінше әсер етті. Жаңа бағыттар пайда болды. АҚШ пен Еуропада теңдессіз экстремалды алаңдар ашылды. Ал Ресейге бұл спорт түрі 1990 жылдары келіп, ТМД елдеріне кеңінен тараған. Жыл сайын әлемде бұл спорт түрінен ондаған ірі фестивальдер өтеді. Ал Қазақстанда BMX Астана, Алматы, Атырау, Павлодар қалаларында жақсы дамыған.

Ал скейтбординг – скейтбордта сырғанап, сонымен бірге әртүрлі трюктер жасайтын экстремалды спорт түрі. Скейтбордингпен айналысатын адамды скейтбордист немесе скейтер деп атайды. Скейтборд тақтайы дека деп аталады. Оның бүгілген ұштарын «ноуз» және «тэйл» деп атайды. Дека қатты қысылған және бір-бірімен желімденген үйеңкі қабаттарынан жасалады. Кейбір декалардың астында баспалдақ таянышымен сырғанауға қажетті тағы бір қосымша пластик қабат болады. Деканың ұзындығы орташа – 80 сантиметр. Оның ені әртүрлі болады – 19-21 см аралығында.

Скейтбординг 1930 жылдардың соңы мен 1950 жылдардың басында суда толқын болмағанда, сёрфингпен айналыса алмаған калифорниялық сёрферлер ортасында пайда болды. Алғашқы скейттер бекітілген дөңгелектері бар тақтайлар мен жәшіктер болған. Кейіннен ол жәшіктер қазіргі кезде қолданылып жүрген тығыздалған ағаш қабаттарынан жасалған тақтайларға ауыстырылды.

1960 жылдардың басында сёрфингке арналған тақтайларды өндірушілер скейтборд өндірісін бастайды. Осы кезде «Skateboarder Magazine» журналының арқасында скейтбордингтің танымалдылығы арта түсті. 1965 жылы бірнеше чемпионаттар өткізілді. Бірақ 1966 жылы скейтбордингтің танымалдылығы төмендеп, тек 1970 жылдардың басында арта бас-тады. 60-жылдардың ортасы мен 70-жылдардың басында қазіргі «Vans», «Burton» сынды танымал скейтбордтық фирмалар дами бастады.

Скейтбординг Қазақстандағы ресми спорт түрлерінің арасында жоқ. Бірақ түрлі жарыстарда көзге түсетін балалар елде скейтбордингтің дамуына ешқандай қолайлы жағдай болмаса да, бұл спорт түрін өз беттерімен меңгеріп алғанын шеберліктерімен дәлелдеп жүр.

Барлық экстремалды спорт түрлерінің арасында скейтбординг ең қиыны болып есептеледі. Сол үшін де адам өміріне аса қауіпті. Скейтбордингпен айналысқанда жарақаттанбау үшін қорғаныс киімдерін кию міндетті. Әсіресе, бұл жаңадан бастаған скейтбордистерге қатысты.

Негізінен Таразда экстремалды спорт түрлерімен айналысатын жастарға қажетті жағдайды жастар орталықтары мен облыс әкімдігіне қарасты жастар саясаты мәселелері басқармасы жасауы тиіс. Бұл ретте қос мекеменің басшылары тараздық әуесқойлардың спорттық қызығушылықтарымен таныс екенін, алайда арнайы орын болмағандықтан, бұл бағытта тиісті шаралар өткізуге қауқарсыз екендерін айтып бақты. Басқарма басшысы Серікбол Берікқожа жыл басында көше ойындарына, оның ішінде экстремалды спорт түрлеріне арналған сайыстар өткізуді жоспарға енгізгенін, бірақ карантиндік шектеулерге байланысты бөлінген қаражатты бюджетке қайтаруға мәжбүр болғанын да ашық айтты. Дегенмен осы уақытқа дейін, әсіресе, өткен Жастар жылында жас спортшылардың қалауы қараусыз қалғаны күмілжітеді. Әсіресе, қазіргідей карантин кезеңінде жастардың бос уақытын ұйымдастыру үшін арнайы алаң салынса, қалада жиі тәртіп бұзатын, полиция тізімінде тұрған жасөспірімдердің қатары азаяр еді. Талай спортшы әлемдік фестивальдерге жолдама алып, жарқ етіп көрінер еді. Әуесқой спортшы, тараздық Кирилл Назарецтің айналасына жиылған жүздеген жастың арасынан талай талант топ жаратын еді. Мұндайда «біз өз таланттарымызды тани алып жүрміз бе?» деген заңды сауал туады. Бүгінде елден жырақ кетуді жоспарлаған жастардың қарасы аз емес. Ал Тараз – еліміздегі ақыл ағыны бойынша көш бастап тұрған шаһар. Мықты мамандар да, спортшылар да, өз ісінің шеберлері де мұнда ұзақ тұрақтамайды. Оған тиісті мекемелердің жастардың сенімінен шыға алмауы себеп болуы мүмкін. Қысқасы, біздің жастарға экстремалды спорт түрлерімен айналысатын арнайы орын немесе алаң ауадай қажет. Мүдделі мекемелер осы мәселені назарға алса дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.