Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасанды интеллектінің медицинадағы мүмкіндігі

0 2  013

Жалпы цифрлық технологияларды дамыту ісінде Қазақстан оңтайлы бастамаларды қолға алғанына біраз жыл өтті. Десе де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында еліміз цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс екенін атап өтті. Яғни «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізуіміз қажет. «Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі», – дей келіп, цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін еместігін айтқаны белгілі.

ЖИ-дің жүйелі түрде еніп жатқан саласының бірі медицина десек, қателеспейміз. ЖИ ауруды анықтауда, емдеуде, алдын алуда, профилактикалық бағытта алар орны бірте-бірте нақтыланып, анықталып келеді. ЖИ-дің әлем медицинасына тигізер ықпалы қандай? Жасанды интеллект дәрігерлердің орнын баса ала ма?
Қазір көз ілеспес жылдамдықпен дамыған ғылым да, жаңа технологиялар да көңілге күмән ұялатқанымен, уақыт жағынан үнемді екенін айтып жүргендер көп. Әлбетте, соңғы технологияның басқа да түрлерімен көп жағдайда адам өміріне араша түскен ақжелеңділердің ұшан-теңіз еңбегінің арасында ерекше ықпалы бар екеніне көз жеткізіп келеміз. Әйтпесе мидың қатпар-қатпар қуысында не болып жатқанын басты ашпай-ақ анықтап жатпас та едік. Ішкі құрылыста бауыр мен бүйректің, өкпе мен жүректің жағдайына қанықпас та едік. Бірақ бір ескерерлігі, ЖИ-ді де адам басқарады. Ал басқара алмаса, тағы қиын. Мәселен, электронды медициналық карталар. Білім саласындағы электронды күнделік тәрізді бұл да талай дәрігердің өкпе-ренішіне арқау болды. Бұл туралы «Northwell Health» желісінің президенті Майкл Доулинг өзінің «Денсаулық сақтау саласындағы қайта жүктеу» атты кітабында ерекше тоқталып атап өтеді. Ол талай дәрігердің өкпе-назын тудырды. Бұл карталар науқас туралы егжей-тегжейлі мәліметті сақтап, тіпті бақылап, көріп отыруға мүмкіндік береді. Оның қиыншылығы да жоқ емес. Дәрігер науқас қабылдауға арналған уақытының көп бөлігін әлгі картаны толтыруға, компьютерге енгізуге жібереді. Ең қажетті, маңызды, негізгі мәліметтерді базаға салу ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін. Бірақ ол да бірте-бірте ретке келтіріледі.
Медициналық бейнелеуде ЖИ құралдары компьютерлік томография (КТ), рентген сәулелері, магнитті-резонанстық томография (МРТ) және басқа да радиолог мамандар жіберіп алуы мүмкін мәліметтерді талдау үшін қолданылады. Өйткені мамандар кескіндердің зақымдалуы секілді кейбір ұсақ нәрселерді аңғармай жіберіп алуы ықтимал. Адамдардан айырмашылығы – ЖИ ешқашан ұйқыны қажет етпейді, шаршауды білмейді, демалыс сұрамайды.
Эрик Тополь «Кемел медицина» кітабында: «Жетілдірілген жасанды интеллект дәрігерлерді күнделікті қайталанатын ұсақ шаруалардан босатуы мүмкін. Сонда олар науқастарға көбірек көңіл бөле алады. Мұның бәрі дәрігердің жұмыстан жалығуын азайтып, медициналық қызмет көрсету сапасын арттырады», – дейді. Осы ретте Эрик Тополь экономикалық зерттеулердің ұлттық бюросы жүргізген зерттеу нәтижесін мысалға келтіреді. Оның қорытындысы көрсеткендей, дәрігердің науқасты қабылдау кезіндегі қосымша бір минутының өзі аурудың қайта асқыну мүмкіндігін 8 пайызға азайтатын көрінеді. «Ауруға шалдыққан науқас үшін ең бастысы – адам көңілі. Оларға жаны ашитын, қалай қиналып жүргенін түсінетін дәрігер қажет. Дүниеде сырқаттан жаман нәрсе жоқ, мұндай сәтте адам өзін жалғыз сезінеді. Ал оны уайымдайтын дәрігер болмаса, жағдай тіпті нашар. Сол себепті денсаулық сақтау саласында алдымен адамгершілікке көңіл бөлуіміз қажет», – деп айқын айтады Эрик Тополь «Big Think» сайтына берген сұхбатында. Ал ЖИ-дің адамдық сезімнен жұрдай екені көпке аян. Сондықтан Эрик Тополь бұл технология қаншалықты тиімді болғанымен, дәрігер мен науқастың қарым-қатынасына кері әсер етуі де мүмкін екенін ескертеді. Майкл Доулингтің де пікірі осыған саяды. Ол «Big Think» сайтына берген сұхбатында: «Жасанды интеллект қазір жан-жақты дамып келеді. Десе де, науқастарға ең алдымен технология емес, дәрігерлердің, яғни адамдардың көмек көрсететінін ұмытпаған жөн», – деген ой білдіреді.
Күнделікті атқарылатын жұмыстардың көмегімен ЖИ тиімділігін анықтауға болады. Бұл технология жалықтыратын міндеттерді адамдардан гөрі жылдам әрі дәл орындайды және үзіліс те жасамайды. ЖИ-дің тиімділігі туралы мына бір практикалық тәжірибеден байқауға болады. Жапон дәрігерлері онкологиялық сырқатқа шалдыққан бір науқасты екі жыл қатарынан емдеп жаза алмаған. Қолданған емдері шипа болмай, амалы құрыған мамандар әлгі пациент туралы мәліметті Сингапур арқылы ЖИ-дің «бақылауына» жібереді. Бағдарламаның «ақылымен» әлгі науқасты емдеудің тәсілдерін өзгертіп көрген екен, шынымен де оның жағдайы жақсарып, беті бері қарай бастапты.
ЖИ-дің медицинада қолдануға қатысты тағы бір мысал келтірсек. Рентгенологтар көп уақытын науқастардың рентген кескіндерін зерттеуге жұмсайды. Бұл мамандық иесіне біліктілігін жетілдіру үшін көп жыл қажет. Соның өзінде де ауруды анықтау қиынға соғатын жағдайлар кездеседі. Өз көзқарасын дәлелдеу мақсатында ағат пікір білдіру немесе немқұрайлы қарау секілді адамға тән қасиеттердің кесірінен қателіктер жіберілуі мүмкін. Ал ЖИ сараптамалық бағдарлама сырқатты емдеудің жолын 100 пайыз сенімділікпен көрсетіп береді. Жалпы медицинаның өзі – нақты ғылым емес екенін білеміз. Сол сияқты ЖИ де тек болжамды ұсыныс, бағыт береді. Мысалы, онкологиялық ауруды тексеруден өткізгеннен соң «мына науқасты химиотерапиямен емдеудің тиімділігі – 97 пайыз, сәулелік терапияның тиімділігі – 78 пайыз, дәрі-дәрмекпен емдеу – 56 пайыз» деп дәрігерге бағыт береді. Кейде қолданылатын дәрі-дәрмектің дозасына дейін көрсетеді. Тіпті қарастырылып отырған ем-домның неше жылға дейін сәтті болатынын да айтып береді. Әрі қарай емдеу тактикасын дәрігер өзі шешеді.
ЖИ көмегімен жұмыс істейтін медициналық құрылғылардың ішінен электрокардиография аппаратын алуға болады. Мысалы, Ұлыбританияның «BTL» компаниясы өндірген ЭКГ аппараттары науқастың жүрек ырғағын тері арқылы тіркеп, оның нәтижесін қағаз лента бетіне шығарып қана қоймай, патологиялық ауытқуы бар-жоғын талдау жасап, қағазға басып шығарады. Бұл ЭКГ талдаушы функционалдық диагностика дәрігерінің жұмысын біршама жеңілдетеді. Егер дәлдік пен толықтырулар қажет болса, дәрігер толықтырып жазады.
Хирургия саласында 2000 жылы АҚШ-тың «Intuitive Surgical» компаниясы шығарған «Da Vinci» ЖИ көмегімен жұмыс істейтін робот-хирург пайдаланылса, нейрохирургияда «гамма-нож» көмегімен күрделі оталар жасалып жатыр. Бұл да ЖИ-дің адам қуантар жетістігі.
Жүрек мониторлары сияқты медициналық құрылғылар өмірлік маңызды белгілерді бақылай алады, ал ЖИ осы құрылғылардан деректерді жинап, сепсис сияқты күрделі жағдайларды анықтайды. Мәселен, бір зерттеуші-ғалым IBM бағдарламасы көмегімен шала туған нәрестелерді болжау үшін ЖИ үлгісін әзірледі, ол ауыр сепсисті анықтауда 75 пайыз дәлдік танытты.
Жуырда Қытайдың Хэньян қаласында науқастарға нақты диагноз қоя алатын жасанды интеллект жұртшылыққа таныстырылды. Әлгі бағдарламалық жүйе 4-8 секундтың ішінде 100 клиникалық жағдайды сараптап, әрқайсысына жеке диагноз қойып шыққан. Сонда ақылды технология екеуінде ғана қателік жіберіпті. Қалғанында дәрігердің қойған диагнозымен бірдей қорытынды шығарған. Интеллектуалдық компьютерлік бағдарлама науқас туралы мәліметтерді бірнеше секундта өңдеп береді. Әрі ғаламтордағы сол ауруды емдеу тәсілдері жөніндегі соңғы зерттеулерді, ғылыми дәлелденген мақалаларды автоматты түрде талдап, соның негізінде ауруды емдеудің жолын нұсқай алады.
Жаңа дәрі-дәрмектің ойлап табу – көбінесе ең ұзақ және ең қымбат кезеңдердің бірі. Жасанды интеллект жаңа препараттарды әзірлеу құнын екі жолмен азайтуға көмектеседі: тиімдірек дәрілік конструкцияларды жасау және келешегі зор жаңа дәрілік комбинацияларды табуда ұтымды екенін көрсетті.
Иә, қазір адам айтса нанғысыз ақылды технологиялар өмірімізге дендеп ене бастағанын көріп отырмыз. Соның бірі – адаммен деңгейлес ойлай алатын ЖИ жүйесі. Ол қазірде денсаулық сақтау саласына, яғни медицинаға батыл енді және дәрігерлердің еңбегін біраз болса да жеңілдете түсті. ЖИ-ді дәрігерлерге, зерттеушілерге және олар қызмет көрсететін пациенттерге пайда келтіру үшін пайдалану қарқыны мен салалары тұрақты түрде өсіп келеді. Уақыт өте келе ЖИ заманауи медицинаны қалыптастыратын және қолдайтын цифрлық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі бөлігіне айналатынына күмән жоқ. Мойындауымыз керек, ЖИ адамдардан да асып түсіп, оның ақыл-ойы жете бермейтін жағдайларда көмекке келіп отыр.
ЖИ-ді медицинада қолдануды Қазақстан да қолға алды. Денсаулық сақтау министрлігі «IBМ» компаниясымен бірлесе отырып, ЖИ-ді алдымен онкология саласында сынап көрді. Мұндай жоба Америка, Англия, Германия секілді әлемнің 15 елінде енгізілген екен. Бұл жүйенің тиімділігі сол – науқастың сырқат тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде сараптап айтып береді. Бірақ онымен келісу-келіспеу дәрігердің еркінде. Информатика мен информатикадағы соңғы жетістіктер заманауи денсаулық сақтаудың ажырамас бөлігіне айналуда. Қорыта айтар болсақ, ЖИ кеше ғана адамзат өркениетінің табалдырығында тұрса, қазір медицинаның бел ортасында жүр. Заманауи технологияны жете меңгеріп алсақ, оның денсаулық сақтау саласына берер пайдасы мол болмақ. Дамып, бүгіндері айтулы жетістіктерге жеткізіп отырған кемел медицинада ЖИ ерекше орын алатынына күмән жоқ. Бұл бағытта әлі де талай таңғаларлық жаңалықтар бола бермек.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымының докторы, профессор

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.