Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасанды интеллект жаһанды жаулай ма?

Қазақ ғылымының рөлі қандай болмақ?

0 356

Ғылым мен технология үздіксіз дамып келе жатқан қазіргі таңда жасанды интеллект, яғни AI (Artificial intelligence) технологиясы адамдарды қызықтыратын әрі алаңдататын салалардың бірі болып отыр.

Жаңа технологиялар цифрлы әлемдегі жаңа шыңға айналғандықтан, «Жасанды интеллект адамзатты жоя ма?» деген пікір де күшейіп тұр. Белгілі технологиялық көшбасшылар жасанды интеллект әлемді жаулап алуы мүмкін екенін ескертті. Бірақ басқа зерттеушілер бұл мәлімдемелерді ғылыми фантастика ретінде бағалайды.

Қауіп қайдан келеді?

Жақында АҚШ Конгресінде өткен жиналыста OpenAI жасанды интеллект стартапының бас директоры Сэм Альтман өздерінің бұл техникасы адамзатқа қауіп төндіретінін ескертті. Альтман ChatGPT чат-боттары сияқты жасанды интеллект технологиялары дезинформация және зиянды манипуляция сынды мәселелер туындататынын айтты.
Мәселен, Google, Microsoft және OpenAI адам сенбейтін технологияларын көпшілікке жариялады. Бұл технологиялар пайдаланушымен күрделі тақырыптарға сөйлеседі. Қарапайым мәтіндік сұраулар негізінде кескіндерді жасайды. Осыдан кейін жасанды интеллект туралы пікірталас тіпті де қыза түсті. Кейбір адамдар «жасанды интеллект болашақта адамға зиянын тигізуі мүмкін, тіпті қандай да бір жолмен бүкіл қоғамды басқаруы мүмкін» деп санайды.
«Жасанды интеллект берілген тапсырманы адамдарға қарағанда жылдам әрі дұрыс орындайды. Ең қорқыныштысы, роботтар жалған жаңалықтарды, жалған электронды пошта тіркемелерін, жалған ақпараттарды жасай алады. Жасанды интеллект дәуірінде біз адамзат өркениетінің түбіне жететін дүниені өз қолымыздан жасап алуымыз мүмкін», – дейді Илон Маск.
«AI технологиясының дамуы IT жанкүйерлеріне тамаша шабыт беруде. Жасанды интеллект қазірдің өзінде біздің өмірімізге дендей енуде. Бірақ оның артында адамзат баласы тұр. Жасанды интеллект дербес ойлау қабілеті болса ғана қауіпті. Онда қазір айтылып жүрген қауіп бергі жағы ғана болып қалады», – дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің IT факультетінің студенті Болашақ Толқынбек.
Ал күнделікті тұрмыста біз жасанды интеллектінің көмегіне жиі жүгінеміз. Өйткені қазірдің өзінде жасанды интеллект адамзаттың сеніміне әбден ие болған. Көптеген сараптау, талдау, есептеу, кескіндеу қызметтері осы AI технологиясы арқылы жүзеге асады. Бірақ оның барысында адамдар жасанды интеллект салдарынан алаңдарлық мәселеге тап болуы мүмкін.
«Бірінші кезекте ЖИ жұмыссыздық мәселесін тудыруы мүмкін. Жасанды интеллектінің арқасында түрлі интеллектуалды толық автоматтандырылған жүйелер орындай алатын жұмыстардың көбеюі көптеген дәстүрлі салаларда жұмыс орындарының қысқаруына және экономикалық күйзелістерге әкелуі ықтимал. Жеке деректердің қауіпсіздік мәселесі де туындайды. AI әлемінде көптеген дерек сақталады, осы арқылы ол адамдардың жеке құпиялылығы мен жеке деректер қауіпсіздігіне қатер төндіре алады. Адамның ойлау санасы жасанды интеллектінің кесірінен шектелуі мүмкін. Медицина, қаржы, өнер және басқа да салаларда AI технологиясы көптеген шешімдерді бір жақтылы етуге мүмкіндік беріп, бұл адамдардың ойлау және түсіну қабілетіне қауіп төндіруі ықтимал», – дейді Future of Life институтының атқарушы директоры Энтони Агирре.
Биыл PSOS GROUP және REUTERS жариялаған сауалнама нәтижесіне сәйкес, америкалықтардың көпшілігі «жасанды интеллект (AI) технологиясының қарқынды дамуы адамзат болашағына қауіп төндіруі мүмкін» деп алаңдайды екен. Open AI зерттеу орталығының ChatGPT чат-боты ең тез қарқынмен дамып келе жатқандықтан, Microsoft және Google сынды техникалық алпауыттарға бәсекелестік туғызып отыр. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 61 пайызы жасанды интеллект адамдарға қауіп төндіреді деп санайды, ал 22 пайызы мұнымен келіспейді. 17 пайызы болса әлі қорытынды жасауға дайын емес екенін айтты.

Таяқтың екінші ұшы…

AI санасы адам санасынан асып түсуі мүмкін. Қазір адамдар көптеген ақпараттарды ескі заман сияқты қағазға түсіріп немесе жаттап әуре болмауы үшін «Ауқымды деректер» (Big Data) технологиясын ойлап тапты. Осы арқылы әртүрлі деректер түрінен құнды ақпаратты жылдам алу мүмкіндігі ауқымды деректер технологиясы арқылы жүзеге асып жатыр. Ал компьютерлік көру болса, компьютерлерге адамның көзі сияқты бақылау және тану мүмкіндігін беруі. Сонымен қатар ол нысаналарды анықтау, қадағалау және өлшеу, әрі қарай графикалық өңдеуді жүзеге асыру үшін адам көзінің орнына камералар мен компьютерлерді пайдалануды білдіреді. Күнделікті тұрмыста алыстан басқару және құпия құлып түрлері сандар кезеңінен өтіп, «Дыбысты тану» технологиясына аяқ басты. Дыбысты тану технологиясы – жасанды интеллектіге тану және түсіну процесі арқылы дауыстық сигналдарды сәйкес мәтінге түрлендіруге мүмкіндік беретін жоғары технология.
«AI дамуы кейбір жұмыс орнын жұмыссыз қалдыруы мүмкін болғанымен, ол жаңа мүмкіндіктер мен өзгерістерді әкеледі. Жасанды интеллект дәрігерлерге диагностика мен емдеу әдістерін таңдауда көмектесе алады, бірақ соңғы шешімді әлі де болса дәрігерлер қабылдауы керек. Бұл ынтымақтастық режимінде адамдардың көшбасшылығын сақтай отырып, жұмыс тиімділігі мен дәлдігін жақсарту үшін AI көмегін пайдалана аламыз. ЖИ бір адамның жұмысын тартып алмайды, керісінше, бір адам AI арқылы көп жұмыс атқаруға мүмкіндік алады. Мәселен, Қытайда жасанды интеллект поэзия жанрын меңгеріп, өлең шығаратын дәрежеге жеткен. Бұл оның шығармашылық қабілетінің пайда болу кезеңіне аяқ басқанының белгісі. Ендеше, ертең ЖИ күрделі есептер мен формулаларды шешу деңгейіне жетер болса, онда «Ауқымды деректер» дәуірі жаңа бір даму кезеңіне аяқ баспақ», – дейді Google-дың алдыңғы зерттеушісі Сара Хукер.
Жасанды интеллектінің қабілеті ерекше болғанымен, оны адамзатпен салыстыруға болмайды. Роботтардың пішінін, санасын қалыптастырған – адам, ондағы ақпараттардың барлығын ойлап тауып, орнатқан да – солар. Адам баласына дербес ойлану қабілеті, сезім мен түйсік тән. Сондықтан адамзат өркениетінің ең асқақ шыңы – жасанды интелект болса, оның иесі де біз болып қалуға тиіспіз.
«ЖИ-дың пайдалы тұстарынан пайдасыз тарабы көбірек. Егер AI адамдарға қарағанда ақылдырақ бола түсер болса, онда олар өзін-өзі жетілдіруге, меңгеруге тырысуы мүмкін. Бұл – бүгінде алаңдаушылық тудыратын жайт. Біз олардың аз көлемді пайдалы жағын көргенімізбен, соңындағы үлкен қауіпті әлі бағалай алмай отырмыз. Сондықтан да адамзат өз-өзін де жетілдіріп отыруды ұмытпауы керек. Әрине, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланудан қашпаған дұрыс. Адамзат дұрыс қолдана білсе, бұл технологияның алып келетін пайдалы жағы өте көп. Бірақ оны қауіпті мақсаттарға пайдалануға адам баласының өзі ұмтылуы мүмкін», – деді жасанды интеллект зерттеушісі Йошуа Бенджио.
Естеріңізде болса, «Я робот» фильмінде роботтардың адамзатты жаулап алуға талаптануы көрсетіледі. Егер жасанды интеллект шынымен де біздің өркениетке шабуыл жасаса, қандай жолдармен жасауы мүмкін? Алдымен телекоммуникациялық орталықтарды өз қарамағына алып, сол арқылы электр энергиясын өндіретін генерация көздерін, одан соң «Ауқымды деректер» жүйесін меңгеруі мүмкін. Одан кейінгі кезекте, кинодағыдай адамдарға қызмет етіп жүрген «темірқұлдарға» адамдарды тұтқындау туралы әмір беріп, оларды оқшаулауы ықтимал. Ал одан кейінгі сценарийлерді алуан түрлі етіп ойлап таба беруге болады. Мәселен, қару жүйесін басқару арқылы зымыран дрондармен шабуыл жасау, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратып, адамзат арасында дүмпу туғызуы мүмкін. Бұл қазір фантастика болып көрінгенімен, соңғы бір ғасырдағы технологиялардың геометриялық прогрессиямен қарыштай дамығанына қарап, ақиқатқа айналар күні алыс емес екенін түсінуге болады.
Алайда елімізді Алла аман сақтап, Қазақстан ғылымы тек дұрыс бағытта дамысын деп тілейміз.

Тасқын ҚАЙНАР

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.