Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасанды интеллект қоғамдық құндылықтарға қалай әсер етеді?

0 410

ХХІ ғасырда инновациялық технологиялар қоғамның барлық саласына жаппай еніп қана қоймай, қалыптасқан құндылықтарды өзгертті. Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласынан бастап, медицина, қаржы, құрылыс, коммуникация және саяси қоғамдық салаларға жасанды интеллектіге негізделген технологиялар жаппай кірікті.

Адамзаттың дамуында алғаш бу машинасының, электр тогының қолданысқа енгізілуі күрделі өзгерістердің бастамасы болған болса, ХХ ғасырда жасанды интеллектіге негізделген технологиялар алдыңғы шепке шықты. 2023 жылы интернеттегі Google ақпараттық іздеу жүйесінде «жасанды интеллекті» ұғымы қолданушылар тарапынан ең көп сұралған тақырып болды. Бүгінде аталған технологиялық жаңалықтар елімізде де кеңінен қолданысқа еніп жатыр. Енді жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың қоғамдық құндылықтарға қандай өзгерістер мен мүмкіндіктер алып келетіндігін талдап көрелік.
Жасанды интеллект – адамның табиғи зияткерлігіне компьютерлік бағдарламалық машиналар арқылы жасалған имитация. Өзге ақпараттық іздеу модельдерімен салыстырғанда, жасанды интеллект ақпаратты талдау, салыстыру және өзге де аналитикалық қабілеттерге ие болғандықтан, қолданысқа тез енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіге негізделген технологияларды оқытатын факультеттер ашу қажеттігін, болашақта аталған технологияның маңызы артатынын атап өтті.
Бүгінде адамзат баласы ақпараттың аздығынан емес, керісінше ақпараттың тым көп болғанынан жапа шегіп жатыр. Себебі, соңғы 50 жылда жинақталған ақпарат көлемі соңғы мың жылдық кезеңмен бірдей ауқымда. Барлық салада жасанды интеллект технологияларының ықпалы, рөлі, маңызы туралы көп айтылып жатыр. Сәйкесінше, қандай да бір зат бойынша ақпарат көбейсе, арасында негізсіз, жалған ақпараттар мен түрлі стереотипке негізделген ойлар да бірге болатыны заңды. Сол себепті, жасанды интеллекті технологияларының шынайы әлеуетін қоғамда кеңінен талқылау орынды деп білеміз. Технологияның жасанды интеллект аталу себебі, келесі төрт қабілетіне байланысты:
• Ауқымды ақпараттық база кез келген жаңа тапсырманы белгілі бір уақыт көлемінде орындай алуы. Мысалы, IBM компаниясының бағдарламасы шахмат ойынын 115 минутта меңгеріп, тәжірибелі ойыншыны жеңгені дәлел.
• Ақпаратты талдай алу қабілеті. Сәйкесінше, ЖИ әрбір қолданушының сұранысы бойынша, ерекше ақпараттық алгоритммен жұмыс істей алады. Белгілі бір уақыт көлемінде қолданушыны толық зерттеп алып, нақты не қажет екенін біле алатын сенімді көмекшісіне айналады.
• Өз қателігінен өзі сабақ алу қабілеті. Бұл қабілеті өте маңызды. Себебі, уақыт өткен сайын әлеуеті артып, күрделі сұрақтарға нақты жауап бере алатын болмақ.
• Шығармашылық қабілеті. Яғни, ауқымды ақпаратты талдау арқылы визуалды статистикалық мәліметтер, жаңа идеялар, мәтіндер мен тіпті музыка жазу қабілеті.
ХХІ ғасыр – ақпарат қана емес, технология ғасыры. Соңғы ширек ғасырдағы адамзат қолданысына енген технологиялық жетістік өткен екі жүз жылдық кезеңмен пара-пар. Күнделікті өмірімізге еніп жатқан смартфоннан бастап, сутегі, күн энергиясымен жүретін көліктер, онлайн төлем жүйесінің артуы, қашықтан білім беру, емдеу, психологиялық көмек көрсету сынды қоғам өмірінің басым бөлігі цифрлану барысында пайда болды. Біз мұны соңғы ширек ғасырдағы цифрлық технологиялық дүмпу деп атаймыз. Адамзат тарихында технологиялық жетістіктерге жету және оны қолданысқа енгізу ерте кезеңдерден бастау алады. Ғылым мен білімнің дамуы қоғамға көптеген игілік мен мүмкіндік алып келеді. Алайда жаппай қоғамдық қолданысқа енгізіліп жатқан жаңалықтардың әлеуметтік теңдікті қалыптастырудағы рөлі толық зерттелмей, қоғам назарынан тыс қалуда. Мысалы, Еуропада орта ғасырда су көліктерінің жаппай дамуы отарлық саясатқа алып барды, бу машинасының кеңінен қолданылуы, сәйкесінше, ауқымды капиталға ие азшылық қалыптастырып, жұмысшы табын құрды. Бұл тұрғыда жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың әлеуметтік теңдік қалыптастыруға ықпалы қандай болмақ?
Қазіргі таңда жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың бір саласы – чатботтар, яғни сұрақ-жауап форматындағы құрылым жоғары сұранысқа ие. Аталған платформа тегін және ақылы негізде қызмет көрсетеді. Алайда болашақта кәсіби қызмет көрсететін, толық қалыптасқан форматтары тек ақылы негізде ғана қолжетімді болатынын ескерсек, әлеуметтік негізде капиталистік азшылық пен массалық тұтынушылар арасында таптар бөлінісіне алып келу ықтималдылығын көреміз. Бұл тақырып ауқымды зерттеуді талап етеді. Жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың қолдану аясы кешенді болғандықтан, жасанды интеллектілі бағдарлама негізінде жұмыс істейтін бағдарламалар түрі өте көп. Алайда OpenAI компаниясы әзірлеген чатбот (сұрақ-жауап) форматында жұмыс істейтін СhatGPT моделі қазір жоғары сұранысқа ие болып отыр.
Америкалық OpenAI компаниясы 2022 жылы 30 қарашада алғаш рет жасанды интеллектіге негізделген диалог форматында жұмыс істейтін ChatGPT платформасын таныстырды. Басты ерекшелігі мәтінмен жұмыс істейтін, қарапайым бірақ бірегей жоба болуында еді. Алғашқы бес күннің өзінде бір миллионнан аса қолданушы қолдауына ие болды. Қазірде OpenAI компаниясы, 3.0, 3.5 және 4.0 cынды бағдарламаларын жариялады. Әрбір нұсқасы жаңа толықтырулармен және ауқымды функциялар қосқанымен ерекшеленіп, бейне жасау, фото, музыка жазудың жоғары деңгейіне жетіп отыр. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар саласында ауқымды нарық қалыптасып, басқа да Google, Microsoft және өзге компаниялар жасанды интеллектіге негізделген платформаларын әзірлеуге кірісті. Тіпті, бұл салада қарқынды бәсеке басталды деуге болады. Алайда қолданушылар саны бойынша OpenAI компаниясының көші алда. OpenAI компаниясы 16 қаңтарда өзінің маркетплейсін жариялады. Қазірдің өзінде 100-ден астам түрлі салаға қажетті бағдарлама бар. Ғылыми зерттеулер саласында соңғы алты айда елуден аса жасанды интеллектіге негізделген платформалар жарияланды. TechIndustry болғандықтан, бірі екіншісінен артық жасағысы келеді. Арасында өте керемет те, негізсіз нашар бағдарламалар да бар. Қазір елімізде ғана емес, әлемде жасанды интеллект платформаларын жұмыс, оқу, зерттеу бойынша қолданудың этикалық негіздері, қауіпсіздігі, философиялық ерекшеліктері сынды көптеген сұрақ туындап жатыр. Бұл тұрғыда келесідей маңызды шарттарға назар аударғанымыз жөн.
Біріншіден, ChatGPT немесе басқа да бағдарламалар сіз үшін ешқашан мақала, диссертация, кітап жазып бермейді. «Ендігі таңда ғылыммен айналыспауға болады, кітапты да, зерттеуді де арнайы бағдарламалар жаза береді» деген ой негізсіз, жалған. Қандай да мәтін жазып бергенмен, антиплагиат бағдарламалары арқылы оңай анықталады.
Екіншіден, жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдану үшін танымдық тұрғыда келесідей түсініктерді қалыптастырған жөн:
• Жасанды интеллектіні «жетекші», «құпия профессор» ретінде қолдануға болмайды. Бірақ, «ассистент», «көмекші» ретінде ұқыпты қолдануға болады. Сәйкесінше, көмекшіміз істеген жұмыс мұқият тексеруді талап етеді.
• Жасанды интеллектіге ешқашан зияткерлік (интеллектуалдық) жұмысты сеніп тапсыруға болмайды. Бірақ, қандай да ауқымды жұмыстың мәні бойынша құрылымдық талдау немесе белгілі бір тақырып аясында брэйншторминг жасауда, физикалық тапсырманың мәнін өзгертпейтін жұмысты тапсыра беруге болады. Құрылым жасауға болады, контент жасатуға болмайды.
Үшіншіден, ХХІ ғасырда ғылымда ақпараттың, датаның жоқ болуынан емес, тым көп болуынан кедергілер туындауда. Мысалы, Google-ға қандай да бір тақырыбыңызға жазсаңыз, бір секундта жүз мыңдаған ақпарат тауып береді. Бұл тұрғыда жасанды интеллекті негізінде жұмыс істейтін бағдарламалар (мысалы, literal, litmaps, researchrabbit, etc) шартты түрде екі мың беттік құжаттан сіздің тақырыбыңызға байланысты ақпарат жазылған 3-4 бетті нақты тауып бере алуымен таптырмас көмекші бола алады және көп шаруаны аз уақытта бітіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ескеретін маңызды жайт, жасанды интеллектіге негізделген технологиялар тек ақпараттық талдау, ғылыми-зерттеу саласына ғана емес, сонымен қатар әскери, қауіпсіздік, медицина, қаржы салаларына да белсенді түрде кірігуде. Халық арасында жасанды интеллекті технологияларының ықпалын асыра бағалаушылар да өте көп. Бірі роботтар жұмысымызды тартып алады десе, екіншісі мемлекеттер арасындағы соғыстарда роботтар қолданылады деген сыңайдағы пікірде. Алайда мойындайтын бір факті бар, жасанды интеллектіге негізделген технологиялар сіздің жұмысыңызды тартып алмауы мүмкін, бірақ соңғы технологияны жетік меңгерген келесі бір маманның жұмыс орныңызды тартып алуы әбден мүмкін. Сондықтан, ешқашан жаңа технологияны меңгеру кеш емес.

Нұрболат НЫШАНБАЕВ,
саясаттанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.