Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жасанды интеллект қоғамды қалай өзгертеді?

0 31

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Бұл туралы ел Президенті күні кеше «Turkistan» газетіне берген сұхбатында арнайы атап өткен болатын.

– Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды.
Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, ол жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев биыл елімізде Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылатынын және осы бағытта өзге де көп шаруа атқарылатынын тілге тиек етті.
Жалпы, Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамытуға баса мән беруі алғаш рет емес. Айталық, Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да бұл мәселеге жете тоқталған еді. Құнды құжатта жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатқанын, сондықтан еліміз де бұған дайын болып, батыл әрекет етуі керектігін айтқан Президент Қазақстанды үш жылдың ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Расында, бүгінде ЖИ технологиясы түрленіп, қарқынды дамып келеді. Күнделікті өміріңізден де аңғарған боларсыз, банк қызметімен тұрақты байланыс, сауда-саттық үшін кері байланыс, өзара тиімді сөйлесу, қажет ақпарды жылдам табу, видео, сурет, түрлі визуал форматта ақпарат дайындау сынды көптеген қызметті қолдануға мүмкіндік бар.
ЖИ технологиясын игеру әлем елдерінде кеңінен тарап, білім беру саласында қалыптасып үлгерді. Біріккен Араб Әмірліктерінде жасанды интеллект пән ретінде оқыту міндеттелген, бағдарлама мектептің бастауыш сыныбынан бастап жоғары сынып оқушыларына дейін деңгей-деңгей бойынша оқытылады. Қытай да жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшы екенін көрсетіп, биылғы оқу жылынан бастап арнайы пән енгізді. Бағдарламаға сәйкес, енді 6 жасар баладан бастап ЖИ технологиясымен достасуға қадам жасайды.

Елімізде де ұстаздардың ЖИ технологиясын қолдану машығын дамытуға лайықталған жобалар кеңінен іске асып жатыр. Мысалы, 2024-2025 оқу жылында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен 180 мыңнан аса педагог ЖИ құралдарын қолданудың негіздері мен этикасын меңгеріп шыққан.
ЖИ-дің медицина саласында да мүмкіндігі өте мол. Медицина ғылымының докторы, профессор Сағындық Ордабековтің айтуынша, бүгінде ЖИ денсаулық сақтау саласына да дендеп еніп келеді екен.
– Медициналық бейнелеуде ЖИ құралдары компьютерлік томография (КТ), рентген сәулелері, магнитті-резонанстық томография (МРТ) және басқа да радиолог мамандар жіберіп алуы мүмкін мәліметтерді талдау үшін қолданылады. Өйткені мамандар кескіндердің зақымдалуы секілді кейбір ұсақ нәрселерді аңғармай жіберіп алуы ықтимал. Адамдардан айырмашылығы – ЖИ ешқашан ұйқыны қажет етпейді, шаршауды білмейді, демалыс сұрамайды. ЖИ-дің тиімділігі туралы мына бір практикалық тәжірибеден байқауға болады. Жапон дәрігерлері онкологиялық сырқатқа шалдыққан бір науқасты екі жыл қатарынан емдеп жаза алмаған. Қолданған емдері шипа болмай, амалы құрыған мамандар әлгі пациент туралы мәліметті Сингапур арқылы ЖИ-дің «бақылауына» жібереді. Бағдарламаның «ақылымен» әлгі науқасты емдеудің тәсілдерін өзгертіп көрген екен, шынымен де оның жағдайы жақсарып, беті бері қарай бастапты.
ЖИ-дің медицинада қолдануға қатысты тағы бір мысал келтірсек. Рентгенологтар көп уақытын науқастардың рентген кескіндерін зерттеуге жұмсайды. Бұл мамандық иесіне біліктілігін жетілдіру үшін көп жыл қажет. Соның өзінде де ауруды анықтау қиынға соғатын жағдайлар кездеседі. Өз көзқарасын дәлелдеу мақсатында ағат пікір білдіру немесе немқұрайлы қарау секілді адамға тән қасиеттердің кесірінен қателіктер жіберілуі мүмкін. Ал ЖИ сараптамалық бағдарлама сырқатты емдеудің жолын 100 пайыз сенімділікпен көрсетіп береді. Жалпы, медицинаның өзі – нақты ғылым емес екенін білеміз. Сол сияқты ЖИ де тек болжамды ұсыныс, бағыт береді. Мысалы, онкологиялық ауруды тексеруден өткізгеннен соң «мына науқасты химиотерапиямен емдеудің тиімділігі – 97 пайыз, сәулелік терапияның тиімділігі – 78 пайыз, дәрі-дәрмекпен емдеу – 56 пайыз» деп дәрігерге бағыт береді. Кейде қолданылатын дәрі-дәрмектің дозасына дейін көрсетеді. Тіпті қарастырылып отырған ем-домның неше жылға дейін сәтті болатынын да айтып береді. Әрі қарай емдеу тактикасын дәрігер өзі шешеді.
ЖИ-ді медицинада қолдануды Қазақстан да қолға алды. Денсаулық сақтау министрлігі «IBМ» компаниясымен бірлесе отырып, ЖИ-ді алдымен онкология саласында сынап көрді. Мұндай жоба АҚШ, Англия, Германия секілді әлемнің 15 елінде енгізілген екен. Бұл жүйенің тиімділігі сол – науқастың сырқат тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде сараптап айтып береді. Бірақ онымен келісу-келіспеу дәрігердің еркінде. Осылайша, ЖИ кеше ғана адамзат өркениетінің табалдырығында тұрса, қазір медицинаның бел ортасында жүр. Заманауи технологияны жете меңгеріп алсақ, оның денсаулық сақтау саласына берер пайдасы мол болмақ. Дамып, бүгіндері айтулы жетістіктерге жеткізіп отырған кемел медицинада ЖИ ерекше орын алатынына күмән жоқ. Бұл бағытта әлі де талай таңғаларлық жаңалықтар бола бермек, – дейді Сағындық Ордабекұлы.
Жамбыл медицинасында да ЖИ технологиялары кеңінен қолданылуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің сөзінше, өңірде жасанды интеллектіге негізделген жобалар, инфрақұрылымдық жаңғырту, кадрмен қамтамасыз ету және халыққа алғашқы медициналық көмекті жақындату бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– 2025 жылдың ақпан айынан бастап Жамбыл облысында ЖИ технологияларына негізделген телерадиология жобасы іске қосылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «WDSOFT» компаниясымен бірлесіп, ТМД елдерінде баламасы жоқ бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйені қалыптастырды. 32 медициналық мекеме бір желіге біріктіріліп, радиологиялық зерттеулер орталықтандырылған форматта жүзеге асуда.
Бұл жоба бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде ауруларды ерте анықтауға бағытталған. Жасанды интеллектінің көмегімен диагноз дәлдігі артып, емделушілердің өмір сүру сапасы мен ұзақтығы жақсарады.
2023-2027 жылдарға арналған ұлттық кешенді жоспар аясында машиналық көру және когнитивті технологиялар енгізілуде. «x-Eye Mammo» сүт безі қатерлі ісігін, «x-Eye Toraks» өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект, тіпті, 1 мм көлеміндегі түзілістерді де көре алады. Ал адам көзі тек 5 мм-ден кейін байқайды. Бұл – ерте диагностика мен уақытылы емдеудің кепілі.
Жамбыл облысында жүзеге асып жатқан жобалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған стратегиялық мақсаттармен толық үндеседі. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу диагностика сапасын арттырып, медициналық қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Сержан Сәрсенбекұлы.
Сонымен қатар өткен жылы «Jambyl» телеарнасы елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект арқылы қазақ ертегілеріне негізделген мультфильмдер топтамасын әзірледі. Бұл да – ЖИ мүмкіндіктерінің облысымызда жүйелі түрде енгізіліп жатқанының жарқын көрінісі. Жасанды интеллект арқылы жасалған мультфильмдердің жалпы саны 12 болса, әрқайсысының ұзақтығы 20 минутты құрайды. Топтамаға «Қарлығаш пен дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна» сияқты танымал қазақ ертегілері енгізілген. Бұл топтамалар тек телеарна эфирінде ғана емес, сондай-ақ «Әжемнің әңгімесі» өңірлік жобасы аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жай ғана атаулы жыл емес, ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи белес екені белгілі. Себебі жасанды интеллект бүгінде жаһандағы сан салаға серпін беріп, олардың нақты қозғаушы күшіне айналып отыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, керісінше оны ұлттық мүддеге бағындыра отырып, дамудың даңғыл жолына қадам басты. Сондықтан бұл жылдан күтілетін үміт өте зор.
Бұл тұрғыда Жамбыл облысында қолға алынған жобалар Президент айқындаған стратегиялық мақсаттардың нақты жүзеге асып жатқанын анық аңғартады. Әсіресе, ЖИ мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы халыққа медициналық көмекті қолжетімді ету, сапалы білім беру және ұлттық құндылықтарды заманауи форматта ұсыну облысымыз үшін үлкен жетістік әрі болашаққа жасалған берік қадам екені сөзсіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.