Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасанды интеллект білім сапасын арттыра ма?

0 355

Бүгінде жасанды интеллект барлық салада қолданыла бастады. Дегенмен қоғамда сұрақ көп. Жалпы жасанды интеллект адамзат игілігіне қызмет ету үшін не істеу керек? Осы орайда жасанды интеллектінің білім саласына пайдасы туралы жазуды жөн көрдік. Оның ішінде білім беру саласының дамуына қалай әсер етеді? Пайдасы мен зияны қандай? Жасанды интеллект инновация құралының елімізде дамуы қарқынды жүріп жатыр ма? Білім сапасын арттыруға көмектеседі ме?

Әлемдік тәжірибеде жасанды интеллект адамдардың өмірін айтарлықтай өзгерткенін көптеген табысты IT-жобадан білеміз. Бір ғана мысал, Оңтүстік Кореяда роботтар оқушыларға ағылшын тілін үйрете бастады. Интеллектуалды чат-бот қосымша оқушылармен түрлі тақырыптар бойынша пікірталастар мен әңгімелерге қатысуға мүмкіндік береді. Бұл олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Жалпы білім саласында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануда АҚШ, Қытай, Сингапур сияқты жетекші елдер көш бастауда. Дегенмен басқа да көптеген ел бұл салада белсенділік танытып, білім беруді жақсартуға ұмтылуда. Қазақстандағы білім беру саласына жасанды интеллектіні ендіру қарқынды даму үстінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында цифрландырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, ақпараттық технологияларды енгізу арқылы IT-секторында жасанды интеллект (AI) технологиялары бойынша жетекші ел болу міндетін алға қойған еді.
Жасанды интеллект білім беру саласында күн сайын маңызды рөл атқарып, білім мен оқытуға деген көзқарасты түбегейлі өзгерте алатын перспективаларды ұсынуда. Қазіргі тенденцияларды талдай отырып, жасанды интеллект әкімшілік тапсырмаларды автоматтандырып қана қоймай, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын әрбір оқушының, студенттің қабілетіне сай бейімделуін қамтамасыз етіп, оқытудың жаңа мүмкіндіктерін жасайды деп айтуға болады. Машиналық оқыту алгоритмдерін пайдалану арқылы үлкен деректерді талдай отырып, білім деңгейінің әлсіз жақтарын анықтап, оқытудың ең тиімді әдістерін ұсына алады.

Жаңашылдыққа жол ашады

Президент тапсырмасы аясында елімізде «2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту» тұжырымдамасында жасанды интеллектіні енгізудің қазіргі жағдайы мен бағыттары егжей-тегжейлі сипатталған жоба бекітілмек. «Ашық НҚА» порталында жарияланған Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері бойынша, еліміздегі 24 жоғары оқу орны мен ғылыми орталық жасанды интеллект саласындағы қандай да бір зерттеулермен немесе әзірлемелермен айналысады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, машиналық оқыту және жасанды интеллект мамандарының қауымдастығы құрылады. Мектептер мен университеттер оқу бағдарламаларына жасанды интеллект модульдерін қосуда. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Nazarbayev University сияқты оқу орындарында дерек өңдеуге және терең зерттеу алгоритмдерін оқытуға арналған NVIDIA DGX-1 station сияқты суперкомпьютерлер мен жабдықтар бар.
Өңірімізде білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні дамытуға қадам жасалуда. Мәселен, биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасындағы жасанды интеллект институты ашылды.
Жасанды интеллект институт директоры Нұрлан Құлмырзаев аймақта білім саласында жасанды интеллектіні енгізуде жасап жатқан жұмыс аз емес екенін айтты.
– Қазақстанда жасанды интеллект білім беру саласына белсенді түрде енгізілуде. Студенттерге қолдау көрсету үшін чат-боттар, онлайн емтихандарға дайындалу және тексеру жүйелерін, студенттердің қабілетіне сай бейімдейтін оқуды басқару платформаларын пайдаланатын жүйелер құрылуда.
Ал өңірімізде Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы ынтымақтастық аясында жасанды инттеллект институты ашылды. Бұл жастардың арасында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, компьютер ғылымы, бағдарламалау және жаңа технологияларды үйренуге қызығушылығы өте жоғары екенін көрсетті. Біз студенттерге тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан салада жұмыс істеуге қажетті практикалық дағдыларды да ұсынамыз. Бұл қадам облыстың және жалпы еліміздің технологиялық әлеуетін дамытуға үлес қоса отырып, жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы уақытқа дейін Оңтүстік Кореядан бірнеше профессор келіп, білім алушыларға дәріс өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. Алдағы уақытта да Сеултех университетінің ең үздік профессорлары осында келіп, дәріс бермек. Жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік саласын оқу мен игеруге деген ұмтылыс болашақ үшін маңызды, – дейді ол.
Қазіргі таңда жасанды интеллект негіздері Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарына енді. Бір айта кетерлігі, мектепте информатика пәнінде жасанды интеллект негіздерін түрлі мазмұндағы оқулықпен оқытып жатқандықтан, тестілеу кезінде оқушыларға қиындық туғызып жүргені белгілі. Бұл Қазақстанда білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу біршама перспективаларымен қатар, қиындықтары да бар екенін байқатады. Бұл ретте тағы да маман пікіріне сүйендік.
– Жасанды интеллект оқушының қабілетіне қарай бағдарламаны бейімдеуге, әкімшілік тапсырмаларды автоматтандыруға, бағалауды жақсартуға және академиялық өнімділікті болжауға көмектеседі. Дегенмен білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу белгілі бір қиындықтарды да тудырады. Олардың бірі – деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету және жасанды интеллект алгоритмдерін пайдалану барысында этикалық дилеммаларды шешу қажеттілігі. Негізгі мәселенің бірі – цифрлық теңсіздік. Бұл – өңірлер мен оқу орындары арасындағы ресурстардың айырмашылығы яғни жаңа технологиялармен қамтылмауы. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігі ескіріп, жаңа технологиялармен жұмыс істеу үшін қайта даярлау қажеттігі туындап отыр. Бұл деректермен және алгоритмдермен жұмыс істеу негіздерін білуді ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект технологияларына байланысты ықтимал тәуекелдер мен шектеулерді түсінуді де қамтиды, – дейді IT-маман Нұрлан Серікұлы.
Жаһандық статистика жасанды интеллектінің білімге оң әсерін тигізгенін байқатады. Мысалы, McKinsey консалтингтік компаниясының бағалауы бойынша, жасанды интеллект технологияларын енгізу есебіне сүйенсек, әлемдік білім беру индустриясының кірісінің өсуі алдағы үш жылда 4%-ға дейін жетуі мүмкін. Зерттеу сонымен қатар генеративті жасанды интеллект оқушылардың оқу процесіне белсенді қатысуын арттыра алатынын көрсетті.
– Жалпы жасанды интеллект Қазақстанның білім беру жүйесіндегі сапалы өзгерістердің катализаторы болу әлеуеті бар, бұл оқушылардың сыни ойлау дағдыларын, бейімділік пен шығармашылықты дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде XXI ғасыр сын-қатерлеріне дайын анағұрлым инновациялық экономика мен қоғамды құруға көмектеседі. Дегенмен бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін технологиялық инновациялардың, білікті мамандардың және оқу процесінде жасанды интеллектіні пайдалануды реттейтін нақты этикалық негіздің үйлесімі қажет, – дейді Нұрлан Серікұлы.

Мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді

Соңғы уақытта жасанды интеллект оқытудың инновациялық әдістерін енгізу, білім беру бағдарламаларын әзірлеудің негізгі факторына айналды. Қалаға қарасты Қызылжарма ауылындағы С.Әлжіков атындағы №144 мектепте информатика пәнін оқытуда жаңа технологиялар қолданылуда. Информатика пәнінің мұғалімі Айбек Оразбахов осы салада облысымызда алғашқылардың бірі болып жасанды интеллектіні сабақта сәтті пайдалануда. Оның инновациялық бастамасы 2024 жылы республикалық «Педагогикалық идеялар» фестивалінде шеберлік палитрасы физика-математика, информатика бағытындағы пәндер бойынша жүлделі 1-орын иеленген еді. Жасанды интеллектіні алғашқылардың бірі болып білім беру процесіне қолданған жаңашыл ұстаздың пікірін білдік.
– Менің жобам TechAI деп аталады. TechAI – бұл білім беру саласындағы оқыту мен бағалау процесінде төңкеріс жасайтын жасанды интеллектіге негізделген қуатты құрал. Бұл құрал мектептерде әртүрлі таңдау сұрақтарын, бос орындарды толтыру тапсырмаларын, жоғары деңгейлі сұрақтарды және «Блум таксономиясы» сынақтарын қоса алғанда, әртүрлі бағалау түрлерін жылдам және оңай жасауға мүмкіндік береді. TechAi көмегімен мұғалімдер кез келген мәтінді бір рет басу арқылы викторинаға айналдыра алады, сонымен бірге оларды экспорттамас бұрын жасалған материалдарды өңдеуге және өзгертуге мүмкіндік алады. TechAI – интеграцияланған әзірлеу құралы, бұл бағдарлама қайталаудан және монотондылықтан аулақ бола отырып, бірнеше секунд ішінде жұмыс парақтарын жасауға мүмкіндік береді, – дейді информатика пәні мұғалімі Айбек Оразбахов.
IT маман бұл платформа мұғалім мен оқушының уақытын айтарлықтай үнемдейді дейді. Сонда қалай дерсіз?
– Ең бірінші артықшылығы, бұл – мұғалімдердің уақыт үнемдеуі. TechAI мұғалімдерге сабақ жоспарын құруға, жобаларды табуға және басқа да көптеген тапсырманы санаулы секундтарда орындауға мүмкіндік беру арқылы оқу тапсырмаларын айтарлықтай жеңілдетеді, бұл күніне орта есеппен 2,5 сағатты үнемдейді. Екіншісі, платформа проблемалық мінез-құлықты басқарудың тиімді стратегияларын ұсынады, сонымен қатар сынып пен үйде оқытуды жақсартуға арналған кеңестер мен амалдарды ұсынады. TechAI оқушылармен кері байланыс беру процесін жеңілдетеді, оқушылардың мотивациясы мен жетістігін ынталандыру әдістерін ұсынады. Сонымен қатар оқытушылар бірден сабақ жоспарларын, мақалаларды, ақпараттық бюллетеньдерді және олардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келетін басқа оқу мазмұнын жасай алады, – деп түсіндірді Айбек Қалданұлы.
Жалпы педагогтардың инновацияға көзқарасы, сонымен қатар инновациялық технологиялардың қаншалықты қажет екенін білдік.
– Жалпы жасанды интеллект білім беруде өте пайдалы, өйткені жасанды интеллект әрбір оқушының қабілеті мен стиліне сай оқуға көмектесе отырып, қолдау көрсетеді. Сондай-ақ мұғалімдердің жүктемесін азайту арқылы күнделікті тапсырмаларды автоматтандыруға және оқушылардың үлгерімі туралы нақты мәлімет беруге қабілетті. Жасанды интеллект оқушылардың түрлі қажеттіліктеріне сай оқу материалдарын бейімдей алады, бұл білім беруді одан сайын қолжетімді және тиімді етеді. Менің жұмысым басқа мұғалімдерді оқу үдерісіне инновациялық әдістерді енгізуге шабыттандырып, жақын болашақта мұндай тәсілдер бүкіл облыс пен республика мектептері үшін қалыпты жағдайға айналады деп сенемін. Менің платформам мен жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып оқыту әдістері басқа аймақтардағы оқу орындарының назарын аударып үлгерді, оқытуда жасанды интеллект енгізудегі платформаның мүмкіндіктерін кеңейту арқылы зерттеу жұмысымды жалғастырамын, – дейді Айбек Қалданұлы.
Демек, жасанды интеллект – Қазақстанның білім беру жүйесін түбегейлі өзгерте алатын, оны икемді, тиімді және қолжетімді ете алатын қуатты құрал. Дегенмен бұл әлеуетті жүзеге асыру үшін жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізудің технологиялық және әлеуметтік аспектілерін де ескеретін кешенді стратегияларды әзірлеу қажет.

София Хайруллақызы,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.