Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасай бер, Жаз-ата ауылы!

0 565

Жуырда Мойынқұм ауылындағы Б.Момышұлы атындағы стадионда «Мәдениет – асыл қазынам» атты Мойынқұм ауданының мәдениет күні өтті. Шара қонақтары әуелі 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына құран бағыштады.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу әрі жас ұрпақтың санасына бабаларымыздың салт-дәстүрі мен өмір дағдысын сіңіруді мақсат тұтқан шараның шымылдығы «Жаз-ата жайлауындағы» театрландырылған, салт-дәстүрді дәріптейтін «Келіндер сәлемі» мен «Тұсаукесер» көріністерімен түрілді. Сондай-ақ 16 автокөліктен жасақталған керуен, «Алтыбақан», қолөнер шеберлерінің ауылы, ауылшаруашылық жәрмеңкесі, өңір тарихынан сыр шерткен көрме шараның көркіне сән қосты.
Сонымен қатар шара барысында аудан тұрғындары мен қонақтары аударыспақ, көкпар ойындары мен қазақ күресі мен қол күрес және Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы Шотай Тайбағаровтың құрметіне қой қырқудан өткізілген жарыстарды тамашалап, арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татты.
Айтулы іс-шарада облыс әкімдігі мәдениет және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мен аудан әкімі Әлихан Балқыбеков сөз алып, ізгі лебіздерін жолдады. Сондай-ақ өңір дамуына үлес қосқан бірқатар азамат «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.  

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
журналист
Мойынқұм ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.