Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жас өреннің хаты елеусіз қалмады

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков Самвелдің сауалына жауап берді

0 193

Күні кеше әлеуметтік желіде №40 гимназиясының оқушысы 12 жасар Самвельдің Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке жазған хаты жарияланған болатын. Шаһарымыздың кішкентай тұрғыны өз хатында: «Мен достарыммен бірге велосипед тебуді ұнатамын. Алайда, қаламызда скейт алаңы жоқ. Осыған байланысты Сізден қаламыздың жас өрендеріне арналған вело-скейт алаңын салып беруіңізді өтінемін. Менің осы хатыма назар аударасыз деген ойдамын» деп жазды.

Бақытжан Әмірбекұлы жас өреннің хатын елеусіз қалдырмай, оған бірден жауап қайтарды. Шаһар басшысы өз сөзінде жасөспірімдердің тынығып, серуендеуі үшін бірнеше ірі жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғанын атап өтті.
– Сенің әлеуметтік желі арқылы менің атыма жазған хатыңды оқыдым. Шынымды айтсам, мектеп оқушысы бола тұра, қаламыздың өміріне бейжай қарамай, белсенді араласқаныңа қуанып қалдым. Әрине біз үшін өзіңдей талапты жастардың пікірі өте маңызды. Өйткені болашақта осы әсем қаламыздың дамуына, көркеюіне үлес қосып, еңбек ететін – өздеріңсіңдер.
Бүгінде қала жастары және өзіңнің қатарластарың спортпен шұғылданып, серуен құруы үшін ауқымды екі жобаны қолға алып отырмыз. Оның бірі – «Әуежай» аумағынан Айша бибі көшесіне дейінгі Тәуке хан көшесі бойында орналасатын сызықтық саябақ. Бұл жобада арнайы скейт аумағы мен веложолдар қарастырылған. Нысан құрылысын келер жылы бастап, 2027 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал екінші жобамыз – «Гидрокешен» аумағындағы «Таза тыныс» сквері. Мұнда ашық аспан астындағы арнайы жаттығу алаңы мен демалыс орны салынып, балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалады. Бұл сквердің құрылысы басталып кетті.
Құрметті жас дос, Самвел!
Сенің оқуда озат болып, спортта биік белестерді бағындыруыңа тілекшімін! Алдағы бәсекелерде Тараз қаласының атынан қатысып, тек жеңіспен оралатыныңа сенемін. Егер уақытың болса сенің идеяларыңды тыңдап, болашақта мамандық таңдауыңа, бос уақытты тиімді өткізуге қатысты өзімнің де кеңестеріммен бөлісу үшін кездесуге шақырамын, – деді қала әкімі өз жауабында.
Шаһар басшысының жасөспірімнің ұсынысын ескеріп, оған ашық әрі тұшымды жауап қайтаруы – билік пен қоғам арасындағы сенім көпірін нығайтудың жарқын үлгісі. Қала әкімінің Самвельдің өтінішін елеусіз қалдырмай, диалогқа дайын екенін көрсетуі ел ертеңі саналатын өскелең ұрпаққа үлкен демеу екені сөзсіз. Мұндай жылы қарым-қатынас жастардың белсенді азаматтық көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етеді. Осы арқылы әрбір тұрғын, мейлі ол бала болсын, қала дамуына өз үнін қосып, өзгеріске себепкер бола алатынына көз жеткізіп отырмыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.