Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жас ғалымдар неге аз?

0 427

Ғылымды дамытуды жаңа деңгейге шығару қажет. Өйткені осыған дейін елімізде ғылымды басқару ісі нақтылы жолға қойылмаған. Бүгінде отандық ғылымда жас ғалымдардың саны көп емес. Дамуға серпін беретін әлеуетті ғылыми институттар да өте аз. Отандық ғылымды дамыту мәселесін бақылауына алған Президент саладағы күрмеуі тарқатылмаған мәселелерді шешудің тың механизмін қарау керектігін айтқан болатын.

Былтыр Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтарын айқындады. Осы басқосуда Мемлекет басшысы қай заманда да дамудың басты кілті ғылым екенін атап өткен.
– Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әрине, олқылықтың орнын толтыру ең алдымен ғылыми әлеуеттің мүмкіндігін айқындаудан басталатыны шындық. Расымен де, еліміздегі ғылыми әлеует пен ғылым саласы қожыраған. Тіпті кезінде елімізде өзінің ғылыми дәлелдемелері арқылы әлемді аузына қаратқан зерттеу институттары мен орталықтардың қазіргі жағдайын айтудың өзі қиын. Әрине, бәрі емес. Жасыратыны жоқ, мұндағы ғалымдар қазір болмашы ғана гранттардың есебінен күн көріп келеді. Қаржыландыруды айтпағанда, қазынаның есебіндегі ғылыми орталық ғимараттарының өзінің қабырғалары қақырап, әйнектері шатынап кетуге шақ тұр. Шынын айтқанда, орталықтағы бірнеше институттың жағдайын шалғайдағы ғылыми мекемемен салыстыруға мүлде келмейді. Шалғайдағы ғылыми мекемелердегі ғалымдардың саны азайып кеткен. Көбі зейнет жасына жеткен. Ал жастардың мұндай мекемелерге баруы екіталай екенін ел біледі. Себебі ондай мекемелерде ғылыммен айналысу мүмкін емес. Әлеуметтік жағдай қарастырылмайды да. Қазір елімізде шамамен 23 мыңға жуық ғылыми кадр бар. Олардың 36 пайызы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар үлесінде екен.
Алайда ғалымдардың жалпы санын алсақ, бір миллион адамға шаққанда тек 1 172 ғалым бар. Бұл, өз кезегінде, қаржыландыруға байланысты өзгеруі де ықтимал. Әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру кем дегенде жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы көлемінде болуы керектігі айтылады. Мемлекет басшысы ғылым саласына жастарды тарту керектігін, оларды барынша ынталандыру қажеттігін айтып отыр. Бірақ мұндай механизм біздің елде жоқ. Соның кесірінен ғылым жолындағы жастар өзге салаға ауысып, кейбірі шетел асып кетіп жатыр.
Осы бір келеңсіздіктің кедергісін ыдырату ісін бүгінде қайта жасақталып жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы қайырып отырғанға ұқсайды. Академияның президенті Ақылбек Күрішбаевтың жуырда ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшелерімен және Астана қаласы ЖОО, ҒЗИ басшыларымен болған кездесуде біршама өзгерістердің болатындығын айтты.
«Біз ең алдымен ежелден қалыптасқан ғылымды басқару жүйесін шайқалтып алудан сақтануымыз керек екенін түсінуіміз қажет. Яғни бұл арада академия ғылыми мекемелерді бір ведомстводан екіншісіне ауыстырып, тек нұсқау беретін екінші мемлекеттік уәкілетті органға айналмауға тиіс. Қазіргі жаңарған академияның өзіндік бірегей миссиясы бар, ол ғылымды басқару саласында кеткен жүйелі олқылықтардың орнын толтыруды көздейді», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, академияның жаңа миссиясы мен негізгі алғышарттар бар. Ол қатарға отандық жетекші ғалымдардың күш-жігерін бір арнаға біріктіру, еліміздің ғылыми-техникалық даму бағыттарын барлық мүдделі тараптардың сындарлы талқылауына тиісті жағдай жасау және ғылыми потенциалды іс жүзінде олардың нәтижесі айқын сезінетіндей нақты міндеттерді шешуге бағыттау болмақ. Сонымен қатар академия талантты жастарды тарта отырып, экономика мен қоғамның дамуына елеулі интеллектуалдық үлес қосуға қабілетті тәжірибелі ғалымдардың басын қосатын ғылыми орталыққа айналдыру көзделіп отыр.
Шынымен де, әлемдік дамуда көш соңында қалмаймыз десек, ең алдымен ғылымды дамытуымыз керек. Жасыратыны жоқ, қазір ғылыми атағы бар, бірақ ілім-білімге мүлде қатысы жоқ адамдар көбейіп кетті. Еліміздің ғылым көкжиегі өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдарға шөліркеп отыр. Сол себепті отандық ғалымдар құрамын жаңарту – нақты қажеттілік. Сондықтан Ғылым академиясы өздерінің межелеп отырған басымдықтарын берік ұстап, салаға жастарды көптеп тартуы қажет.
Бұл мақсатта Ұлттық ғылым академиясы ғалымдардың жанынан жас ғалымдардың басын бір арнада тоғыстыратын құзыреті бар орталық құрудың да маңыздылығы турасындағы пікір айтылды.
«Еліміздің жас ғалымдарының басын біріктіретін Жас ғалымдар академиясын құру мәселесі жастар тарапынан көтеріліп келеді. Бұл бастаманы академия басшылығы толықтай қолдап отыр. Себебі жастарға да үлкен мүмкіндік туары сөзсіз. Қазірдің өзінде Ұлттық ғылым академиясы еліміздің барлық өңірлерінен 500-ден астам жас ғалымның тізімін жасады. Енді осы жастарымыз өздерінің ашық дауыс беруі негізінде Жас ғалымдар академиясының президентін сайлай алады. Содан кейін ҚР Ұлттық ғылым академиясы ұстанатын 4 негізгі ғылыми бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі», – дейді Ұлттық ғылым академиясының Пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуанар Әлиханов.
Ғылыми орта мен ғалымдардың әлеуетін көтеру мәселесі кеше Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен алқа отырысында да көтерілді.
«Бүгінде ғылым мен бизнестің тығыз интеграциясы, мемлекет, ғылым және жеке капитал арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді моделін құру қажет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық ғылым академиясының алдына негізгі міндеттер қойып отыр. Ғалымдар мен ЖОО-лардың профессор-оқытушылар құрамының атынан біз Мемлекет басшысы мен Үкімет қойған міндеттерді шешуге бар күшімізді салатынымызға сендіргім келеді», – деп түйіндеді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар министр Қазақстан ғылымы мен ғалымдарын дәріптеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқандығын да айтып өтті. Ғылыми қоғамдастықты ынталандыру үшін ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге арттырылғанын, іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ді тікелей қаржыландыру енгізілгендігін баяндаған Саясат Нұрбек 2024 жылға жоспарланған міндеттемелерді ведомство ЖОО және ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп шешуге кірісіп кеткенін жеткізді.
Қорыта келе айтпағымыз, еліміздің ғылым көкжиегін көтеру үшін тың бастамалардан бөлек, бар жобаларға басымдық бере отырып жастардың әлеуетін біріктіру ауадай қажет. Ғылым саласын қаржыландырумен қатар, сала мамандарын ынталандыру қағидасы да қажетті деңгейде жүргізілсе, шетел асып кетіп жатқан жас ғалымдардың елге оралуына да жол ашылмақ. Отандық ғылымның төңірегіне білгір де білікті нағыз маманды тарту да басты талап болуға тиіс.

Бердібек ҚАБАЙ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.