Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарылмаған жарты тонна бомба табылды

0 164

Байзақ ауданындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада болған жарылысқа жарты жылдан асса да, әлі күнге дейін снарядтар табылып жатыр. Түймекент ауылының тұрғыны құмды алқаптан қауіпті қару тауып алғанын айтып, полицияға хабарлаған. Ұзындығы екі жарым метрлік жойқын жарылғыш зат әскери әуе күштерінің жарылмай қалып кеткен қаруы болып шықты.
Ал оқиға орны саналатын жер ескі әскери полигон болып шықты. Жарылғыш зат жатқан жерге жедел жеткен күштік құрылымдар снарядтың «ФАБ 500м-62» маркалы ұшақтан тасталатын бомба екенін айтып отыр. Қауіпті қару осыдан 60 жыл бұрын шығарылған екен. Алайда оның құмды алқапқа қалай тасталғанын әлі анықтай алмай жатыр. Жарылғыш заттың неліктен қараусыз қалғаны да жұмбақ. Қазір әскерилер бомбаны залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге алып кеткен. Полиция соғыс қаруын қоршаған ортаға қауіпсіз деп сендірді.
«Жерге жартылай көмілген авиациялық бомбаның салмағы – жарты тонна. 1962 жылы шығарылған снаряд жарылған жағдайда радиусы 200 метр жерді алып кетер еді. Оны саперлар асқан ұқыптылықпен арнайы техникаға артып, қауіпсіз аймаққа алып кетті. Жарылғыш зат жайлы хабарлаған тұрғынды марапатқа ұсынып жатырмыз», – дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
2021 жылдың 26 тамызында кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Салдарынан жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, Төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.
Жарылыстан кейін із-түссіз жоғалған 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаев әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.