Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарты ғасырдан кейінгі жылы жүздесу

0 574

Тасын түртсең, тарихы төгілетін қазыналы Қаратаудың қойнауындағы ажарлы Ақкөл ауылының мөлдіреген суын ішіп, ауасының тұнығын жұтып өскен ұлдар мен қыздар елу жылдан кейін бас қосты. «Кездесу» деп аталғанымен, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын, тәлім мен тәрбиеге толы ерекше іс-шара өтті деп айтуға да болатын шығар. Өйткені кездесудің өзіндік өрнегі басым болды.

Жер аяғы кеңіген көктемнің жаймашуақ күнінде ұйымдастырылған жылы жүздесуде бас қосқандар – Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы Ақкөл орта мектебін 1974 жылы тәмамдаған түлектер.
Ұшқан ұялары – мектеп қабырғасында өткен кездесуге осыдан жарты ғасыр бұрын арман қуып, үлкен өмірге қадам басқан қыз-жігіттер келді. Көптен күткен кездесуде кластастар бір-бірімен құшақтасып, қауқылдасып, қалжыңдасып жатты. Амандық-саулық сұрасқан жетпісті алқымдап қалған ата-әжелердің әрқайсысы замандас-достарымен жүздесіп, бір жасап қалды. Бір ғажабы, бір партада отырғандарына жарты ғасыр уақыт өтсе де, сыныптастар бүгінге дейін бір-бірімен байланысын үзбеген.
Түлектер кездесуіне арналған салтанатты шараның шымылдығы мектепте түрілді. Білім ордасының мерекеге сай безендірілген залында меймандарды бірінші, он бірінші сынып оқушылары мен мектеп ұжымы «Армандастар» әнімен қарсы алды. Әрі қарай жиын мектеп оқушыларының шағын концертіне ұласты.
Мерейлі басқосуға арналған кездесу кешінде алғашқы сөз алған Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов 1974 жылы мектеп бітірген түлектерді құттықтап, арнайы дайындалған Алғыс хаттарын табыстады.
Келесі сөз кезегі осы білім ордасының ардагер ұстазы Р.Акимбековаға берілді. Ардагер ұстаз да өз түлектерін кұттықтай отырып, шәкірттеріне ризашылығын білдірді. Әрі ұстаздық өмір жолынан сыр шертті.
Ақкөл орта мектебін 1974 жылы бітірген үш сыныптағы 78 оқушының 56-сы қазақ сыныптарында, 22-сі орыс сыныптарында оқыған екен. Кездесуге жиналған түлектер арасынан сөз сөйлеген профессор, ғылым докторы (орыс сыныбының түлегі) Совет Қожабеков, отставкадағы полиция подполковнигі («Б» сыныбының түлегі) Қуаныш Сейдуалы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Талас ауданына еңбегі сіңген ардагер («Ә» сыныбының түлегі) Спандияр Назарбековтер де мектеп қабырғасында өткен қызықты кездер жайында естеліктерін айтты.
Сонымен қатар әр сыныптың старосталары өз сөздерінде орта мектепті бітірген кластастарының 80 пайызы жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіргенін тілге тілек етті.
Алтын ұядан жарты ғасыр бұрын түлеп ұшқан түлектердің әрқайсысы – әртүрлі мамандықты игеріп, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан, өз ортасында абыройға ие болған еңбек ардагерлері. Түлектер арасынан министр, бірнеше ғылым докторы, құзырлы орган өкілдері мен әртүрлі мамандық иелері шығып, жемісті еңбек еткен. Ел алдындағы еселі еңбегі еленіп, мақтаулар мен марапат алғандар да аз емес екен. Мәселен, 1974-тің түлектері арасында «Талас ауданының Құрметті азаматы», «Талас ауданының Құрметті ардагері» атақтарын иеленіп, тиісті министрліктердің, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, төсбелгімен наградталғандар бар. Олардың ішінен техника ғылымдарының кандидаты, PhD, профессор, Талас ауданының Құрметті азаматы («А» сыныбының түлегі) Алғағали Қартабаевты, зейнеткер ұстаз, Білім жэне ғылым министрлігінің, облыс әкімінің Мақтау грамоталарының иегері, Ақкөл ауылында, Тараз қаласында мектеп, гимназияларда ұстаздық еткен, директордың орынбасары қызметтерін атқарған («Б» сыныбының түлегі) Светлана Құрманбекованы, Талас аудандық полиция бөлімінде офицер лауазымында қызмет атқарған тұңғыш қыз баласы («Б» сыныбының түлегі) марқұм Айымжамал Байдуалиеваны, ұзақ жыл бойы құқық қорғау органдарында аса маңызды қылмыстық істерді жүргізу бойынша тергеуші болып жұмыс істеген («Б» сыныбының түлегі) Мұратбек Ноғайбековті ерекше атап өтуге болады.
Жиын барысында түлектер бір сәт балалық балдәурен шақтарын еске түсіріп, «ғалым да, шахтер да бас иетін» алғашқы ұстаздарды, білімнің әр саласынан дәріс берген мұғалімдерін шәкірттік сезіммен еске алды.
Сонымен бірге түлектер кездесулерін өте жоғары деңгейде өткізген Ақкөл орта мектебінің директоры Айман Тлеукееваға, білім ошағының ұжымына ризашылықтарын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар мектеп бітіргендеріне елу жыл толған ардагерлер мектептің биылғы түлектеріне үміт артатындарын жеткізіп, алдағы өмірлеріне ақ жол тіледі.
Мектепте өткен шаралар соңынан Ақкөл мешітінде қайтыс болған ұстаздар мен сыныптастар рухына арналып ас берілді. Құран оқытылып, еске алу тілектері айтылды.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.