Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарқын болашақ жолындағы қарышты қадам

0 220

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында дамудың басты бағыттары айқындалды.

Жолдауда еліміздің демографиялық ахуалының және ұлт саулығының оң өзгерістері туралы кеңінен айтылды.
– Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты, – деді Президент.
Биылғы Жолдауда зиянды еңбек жағдайында жұмыс жасайтын азаматтарға да ерекше назар аударылып, Президент өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отырғандығын атап өтті. Сондықтан Үкіметке 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырды. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталмақ.
Бұдан бөлек, маңызды құжатта ірі өндіріс орындарынан халық денсаулығына келетін қауіптің алдын алу үшін Үкіметке кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдау жүктелді. Себебі ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Осыны ескерген Мемлекет басшысы ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керектігін жеткізді. Бұл өз кезегінде халықтың денсаулығын қамтамасыз етуде өз үлесін қосатын болады.
Елімізде енді жаңа экономикалық өзгерістерге жол ашылмақ. Бұл тұрғыда жасанды интеллектің тиімділігі зор. Соның арқасында еңбек нарығын күшейтіп, табысты арттырудың алғы шарттары ұсынылады. Жолдауда елімізде орын алатын экономикалық өзгерістермен қатар, су тапшылығы да сөз болды. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Сонымен қоса ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікке де қолдау артып, келер жылдан бастап ең төменгі айлық-табыс 85 мың теңгеге көтеріледі.
– Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 104 триллион теңге болды. Ал шетелден тартылған инвестиция 28 миллиардқа жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы саудада да 136 миллиард доллармен бұрын-соңды болмаған санға қол жеткізген ел жаңа экономикалық үлгіге өтеді, – деген Президент бұл мақсатты орындау үшін өзгеріс тариф саясатын түбегейлі қайта қарауды тапсырып, экономикадағы ірі монополистерге міндет жүктеді.
Президент ақша-несие саясатындағы күрделі мәселені де атап көрсетті. Айталық, елімізде банктер мол табысқа қол жеткізуде. Ресми мәлімет бойынша, олардың өткен жылдағы табысы 1,5 трлн теңгені құрайды. Олар қалай көп табысқа жетеді? Халықты несиелеу арқылы ма? Экономикаға қосар үлесі қандай? Тұтынушы несиесін көбейтсе, неге бизнесті қаржыландырмайды? Осындай мәселелер нақты айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Шикізат үшін шетке жалтақтамай, елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыру керек», – деп, өндірістің барлық сатысын елде дамытуды қамтамасыз ету керектігін шегелеп айтты.
– Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуы тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек, – деді Президент.
Ішкі нарық демекші, оның көлемін көбейтіп, әлеуетін біріктіру үшін бір жерден басқаруды жолға қою керек. Ал бұл ретте, төлем жүйелерінің тұрақтылығын сақтау өзекті. Сарапшылар да бұл ұсыныстың тиімділігін алға тартады.
– Елімізде екі қор биржасы жұмыс істейді. KASE және Астанадағы қаржы орталығында құрылған қор биржасы. Көп жағдайда бір-бірінің көшірмесі екені рас. Қор нарығы дамымаған ел үшін 2 бірдей қор биржасын ұстау логикаға сыймайды, – деген Президент Үкіметке экономикалық өсімді 6-7 пайызға арттыруды міндеттеді. Сондай-ақ 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемі 2 есеге ұлғайып, 450 млрд долларға жеткізілмек.
Жолдаудың негізгі бағыты экономикаға бағытталғанымен, барлық экономикалық іс-шаралардың нәтижесі халықтың жағдайына тікелей әсер етуі тиіс. Әрине, мұнда айтылған халықтың әлеуметтік тұрмысы, соның ішінде жұмыссыздық мәселесі көбірек шешім тапса дейміз. Әсіресе бұл аймақтар үшін маңызды. Ел әлеуеті айқын көрінетін әлеуметтік салаға келгенде, Мемлекет басшысы балалар мен жастарға айрықша тоқталды. Бастапқы білім беру капиталы мен жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыстың түбегейлі қаралуын міндеттеді.
– Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын, – деді Президент.
Құнды құжатта айтылған көп міндеттің ішінде «Отбасы банк» қызметін қайта қарау, басты назарды аудандар мен моно-қалаларға, ауылдарға аудару бар. Сондай-ақ ел ішіндегі 21 банктің қатарына бәсекені арттыру үшін сенімді деген үш шетелдік қаржы ұйымын тарту ұсынылды. Мемлекет басшысы аталған міндеттің бәрі үш жыл ішінде жүзеге асатындығын жеткізді.
Саясаттанушылардың айтуынша, енді әкімдердің билігі күшейіп, тәуелсіз бола түседі. Мемлекет басшысы аудандар мен облыстық қала деңгейіндегі әкімдердің сайлауын тағайындап отыр. Екіншіден, аудан әкімдеріне нақты елдімекендердегі қордаланған мәселелерге орай бюджетті жасақтауды өздеріне тапсырды. Үшіншіден, Президент тапсырмасы бойынша, министрлер мен әкімдер салалық шешімдерді орындауда және дайындауда біршама тәуелсіздікке қол жеткізеді. Тиісінше, оларға артылатын міндет те артады. Яғни жасалып жатқан реформалардың нәтижесі үшін тікелей жауапты болады.
Аудан әкімдерінің бюджет тәуелсіздігіне қол жеткізуінің артықшылықтары өте көп. Енді бір жылдың ішінде өңірлер блоктық бюджетке өтіп, жергілікті аудан бюджеттері НДС алатын болса, онда республикалық қазынаға қол жаю тоқтайды. Әр ауданның әкіміне, оның іскерлігіне көп нәрсе байланысты болады.
Жоспарлы бюджет – әр салаға нақты бөлінген қатып қалған тәртіп. Онда тек берілген нәрсені игерумен бас қатырасыз. Мысалы, сіз аудан әкімісіз. Қыста мұз қатты да, құбырлар жарылып, халық сусыз қалды. Бірақ сіз оны тез жөндеп, халыққа су бере алмайсыз. Себебі, бюджетте құбыр емес, жол жөндеу қарастырылған. Жолдың ақшасын суға бағыттай алмайсыз, облыстағы Қаржы басқармасы рұқсат бермейді. Ал егер шотта ақша жатса, сіз оны құбыр жөндеуге салып жіберсеңіз, сотталасыз. Халық ол ішкі процестерді білмегендіктен, әкімді керең, мемлекетті соқыр деп ойлайды. Күйінеді, көшеге шығады. Осыны туындырып отырған – бюджеттік ескі жоспарлы жүйе ғана. Ал блоктық бюджет идеологиясы басқаша. Әкімге сенім шкаласы бойынша белгілі бір қаржы лимиті, мысалы 100 миллион теңге бекітіледі. Осы қаржы көлемінде ол өз шешімі негізінде әрекет ете алады. Яғни, кез-келген жағдайға дайын, кұбыр жарылса да, желден шатыр ұшып кетсе де, ол оны тез арада жөндей алады. Артынан, белгілі бір уақыттан кейін облысқа есеп беріп, ненің қайда жұмсалғанын көрсетеді.
Осы жүйеге аудан әкімдерін сайлау идеясы сұранып тұр. Беделі кіршіксіз, тұрғындар сенетін, қолынан іс келетін азаматты халық өзі таңдап, сайлауы керек. Ондай көзі жанып тұрған жас маман өз ауданын үш жылдың ішінде адам танымастай етіп өзгерте алады. Жергілікті бюджетке корпоративті, жеке табыспен бірге НДС салығы да берілмек. Демек, әр аудан әкімі бұдан былай өз жерінде бизнестің көп болғанына, олардың салық төлеуіне мүдделі. Көп салық жинадың ба, ол ақша өзіңде қалады. Ал бюджеттік қоржын бұрынғыдай болмайды. Баяғыдай тек бюджеттің бергенін ғана жеп, игеріп отыратын тиімсіз кездер артта қалмақ. Аудандар бизнесті тарту, қызық локациялар ашу, креатив бойынша бір-бірімен бәсекелесе бастайды. Осы ретте жолдар да түзеліп, түрлі кәсіптің пайда болатыны анық.
Жолдаудағы толғақты мәселенің бірі – АЭС салу.
– Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Қазақстанда АЭС салу тақырыбы аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналған. Оған қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданады, – деді Президент. Бұл енді расында қоғам болып талқылап, мамандардың пікіріне жүгіне отырып шешім шығаратын өзекті мәселе.
Сонымен қатар, Президент бұл жолғы Жолдауында Транскаспий бағытын дамыту қажет екенін тағы да сөз етті. Жаңа Көлік министрлігінің құрылуы да осы бір проблеманың оңтайлы шешілуін қамтамасыз етуден туындаған болуы керек.
– Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар, – деді Мемлекет басшысы бұл туралы.
Құнды құжатта айқындалған бағыттар өңіріміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Ендеше елдің ертеңіне алаңдаған ел Президентінің жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап және оның орындалуына біз де бірлесе атсалысайық!

Айжан Шахабаева,
Ә.Бөкейханов атындағы
№1 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.