Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жаны жайсаң жандардан үйренгенім көп»

0 166

Мен «Ақ жолға» ойда жоқ жерде жұмысқа алындым. Мұның алдында Талас аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінің редакциясында он жылдай тер төгіп, әдеби қызметкерден редактордың орынбасарына дейінгі қызмет баспалдақтарынан өткенмін. Сонымды ескерді ме, өзіме ылғи да қамқорсып, жылы қабақ танытумен жүретін басылымның бас редакторы Әлдихан аға Қалдыбаевтың алдына барғанымда, өзімді жылы қарсы алды. Оны аз десеңіз… Есік пен төрдей үлкен үстелі үстіндегі шұқшиып оқып отырған қағазынан басын көтеріп, көзілдірігін былай қойды да, ұсынған қолымды ықыластана қысты.

Көзімнің қиығын салып едім, оқып отырғаны менің ауылдан жолдаған бір мақалам екен. Ағам сонымды сезіп қалып:
– Мынауың – «Нағыз нарықтың адамы» әдемі жазылыпты. Газеттің бүгінгі нөміріне жібергелі отырмын. Осындай адам өмірде бар ма, өзі? – деп соның жайын өзімнен тәптіштеп сұрай бастады. – Одан-бұдан құрап, жоқтан бар жасайды екен. Қақпан салып, қасқыр, шиебөрі, борсық аулай ма-ау! Диірмені де, моншасы да бар. Мұндай іскер адам нарыққа өтпелі кезеңнің қиындығын да еңбегімен еңсерері анық қой!
Қысқасы, алдына кіруден қарадай үркіңкіреп келген ағайым қарапайым болса да, қарабайыр емес. Әртүрлі жайлардан хабардар. Менің газетте жұмыс істеуге көптен бері құмартып жүргенімді де жақсы білетін болып шықты. Аудандық газетте қызметтеніп жүргенімде, әлдебір мәселелерге байланысты бірер мәрте тікелей өзі тапсырма бергені де бар-ды. Құдай сәтін салса, қиын емес екен. Ағаның алды ақ жайлау болды да қалды сол күні. Ол бер жағы ғой…
Әлдихан аға:
– Мына мақалаңнан кейін сені жұмысқа алмау әділетсіздік те болар. Бүгін желтоқсан айының соңы ғой. Жаңа жыл мейрамы дегендей… Баймахан, сен
былай етші. Қаңтар айының алғашқы жұмыс күнінде кел маған. Тілшілік бір орын босап еді. Соған өзіңді лайықты көріп отыр- мын. Сол күні бұйрық та шығарып қоямын, – деп қолымды жылы да жұмсақ алақанының аясына салып құшырлана бір қысып қойды. – Ал енді ақ жол саған!
Бұл 1997 жылдың желтоқсан айының соңына таман болған жайт еді. Өмірімдегі ең бақытты кү-нім де осы болар, сірә! Бас редактор уәдесінде тұрды! Он шақты күннен кейін қаңтар айының 5-і күні облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі қызметіне қабылдандым. Әлдекең сол тұста менің жоғары білімім жоқтығына да қараған жоқ. Жеке бөлме де берді. Жазу мәшіңкесі, қағаз, қалам, телефон дейсің бе, бәрі де бар. Тек өкіртіп жаз да отыр. Солай етуге де мәжбүрмін. Осы қызметімде қаламын ба, жоқ па, ол енді өзіме белгіленген екі айлық сынақ мерзімінен сүрінбей өту-өтпеуіме де байланысты.


Шыны керек, бірден өкірте жазып кете алған жоқпын. Өйтетіні, бір-жар уақытым әріптестеріммен танысып, білісуіме кетті. Мұнда аудандық газеттегідей шығармашылық еркіндік жоқ екен, бұрнағыдай ойыңа келгенді жазып, авторлар атынан мақалалар ұйымдастырудан басқа, күн сайын аткөпір болып түсетін оқырмандар хаттарын қорыту, орысша мәтінді қазақшаға тәржімалау, түрлі басылымдардан жер-жиһанның жаңалығын жиып-теріп, жүйелеп беріп отыру секілді қосымша жұмыстар мойын бұруыңа шамаңды келтіре қоймайды екен. Ара-арасында облыс әкімі қатысатын іс-шаралардың ақпараттық есебін жазып беруіңе де тура келеді.
Одан бұрынырақта аудандық газетке жарияланған көлемді мақалаларымды қайта қарап, ұсынып, «Ақ жол» бетіне шығарып, атым аймаққа біртіндеп таныла да бастады. Қысқасы, редакцияның мен араласпайтын жұмысы қалмауға айналған. Бастапқыдай емес, басшылар да тапсырманы үйіп-төгіп беретін болды.
Бір жолы облыс әкімі А.Тшановтың жекешелендіру мәселесіне байланысты жиыны өтті де, басшылардың оны жазып келуге мені жібермесі бар емес пе? Оны енді бірдеңе етіп жазып берермін-ау деп ойлағанмын. Сөйтсем, мәселе мен ойлағаннан гөрі қиынға соқты. Мәжіліске түске дейін-ақ барып келіп, мақала жазуға отырғанымда, оған қатысты деректерді жарытып жинай алмағанымды бір-ақ білдім. Жиын орыс тілінде өткен еді. Өзімнің ұққан, түсінген жайларымды қағазға түсіре қояйын десем, жазып алған деректерімнің бірі бұлай, бірі олай кетіп тұр. Әрі күмәнділеу. Өзің түсінбеген нәрсеңнен былайғы жұртқа түсінікті етіп бірдеңе шығарудан қиыны жоқ екен. Осынымды айтып, бас редактордың алдына барудан басқа амалым жоқ секілді. Ол кісі «Бір ауыз орысша білмесең, облыстық газетке әукеңді созып нең бар еді? Көтере алмас шоқпарды беліңе байлап…» деген секілді уәжін алға тартса ше…
О, ғажап, айтқаным айдай келді. Бетімнен басқандай болып бастығымның алдына барғанымдағы жағдай дәп өзім ойлағандай болды да шықты… Ол маған ләм-мим деп тіс жармады, бетіме тіктеп қарамады да. Жүзі күреңіткен күйі алдындағы әлдебір қағазға көзілдірігінің үстінен сүзе қарап, тапжылмай отырды да алды. Менің жаным тызақтап, «жиын ресми тілде өтті, орысша онша біліңкіремейтін едім, енді қайттім» деп айтқан сөзім құр дөй далаға кетіп жатты… Ал енді… ғайыптан тайып, бастығыма «тіл бітсе» айтары жоғарыдағы жайлар ғой. Оның несін ежіктеп жатсын! Жетеме сонда барып бірдеңе жетейін деді. Газет болса шығып жатыр, оның жұмысын тоқтату мүмкін емес, тіпті ақылға да сыймайды. Өзіме тапсырылған міндет – әлгі ақпараттық есепті кешке дейін жазып, ұсыну ғана ғой! Соны білмес саппасың да мен болып тұрмын. Жазуым тайпалған жорғадай болып жатса, басшыларым өзіме сынақ мерзімін белгілеп не қылсын-ау!
– Кешіріңіз! – дедім де, кері айналып кетуге айналдым.
Басекеңнің сонда да орынтағынан міз бағып, қозғалар түрі көрінбеді. Бұдан шығар жол біреу ғана – әлгі мақаланы қалайда тездетіп жазып, ұсынуым керектігін шамаладым. Әлгіндегі жиын барысында облыс әкімінің баспасөз хатшысы Рахметбек Өзбековтің әлдебір сандарды блокнотына түртіп алып жатқанын көзім шалып қалғаны бар-ды. Мына тығырықтан құтқаратын біреу болса, ол да әзірге сол ғана! Түскі асқа шықпай тұрып, алдына барып үлгердім-ау! Өзі де бір жүзі жылылау, сұлуша келген жігіт-тұғын. Жағдайымды бірден түсіне қойды. Жиналыста көтерілген мәселелерді тәптіштеп айтып, жазып алған мәліметтерін қоса ұсынды. Ол кезде онымен кейін бір газетте бірге жұмыс істейтінімді білген де, сезген де жоқ едім.
Қайтып оралсам, редакция іші құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Менен өзгелері бұйырмыш түскі астарына әлдеқашан шығып кеткен болды. Ал менің мойныма түскі асың не… қолымдағы пора-пора қағаздарда жазылған мәліметтерді бір жүйеге келтіріп, рет-ретімен қағазға түсіру дейтін ғазауат тірлік өз-өзінен жүктелді де қалды. Жазу мәшіңкесін зыр қақтыратынымның пайдасы тиейін деді. Есікті іштен кілттеп алып, жазуға отырдым.
Залдан түскі астан оралған әріптестерімнің дабыр-дұбыры естілген тұста мақаламның орта шенінен асып та қалған едім. Ол әрі газеттің бүгінгі нөміріне түсейін деп тұр. Содан да болар, оның «хабарын» білмек болып келген-ау, біреулер есігімді қағып біраз тұрды да, мен ләм-мим деп дыбыс бермегеннен кейін қайтып кетті. Есесіне тықылдап, зыр қаққан жазу мәшіңкемнің үні құлақ құрыштарын қандырған болар-ау!
Екінді ауа ойымдағы барымды сарқып жазып біттім, көлемі газеттің бір бетін алатындай көлдей мақала дайын болды. Сонымды қолыма ұстап, бастығымның алдына алып-ұшып жеттім. «Мені іздеген адам бар ма өзі» дегендей, есік көзінен де имене аттап, кірдім. Бас редакторым жеті-сегіз беттік мақаламды қолына алып, ыждағаттап оқуға кірісті. Анадай жердегі орындықтың бірін нұсқап, «отыра тұр» дегендей ишара жасады – болған-біткені осы ғана. Баяғысынша ләм-мим деп жақ та ашпады. Сол түйілген қалпы. «Не айтар екен, біткен жерім осы болмаса игі» деп қыпылдаумен отырмын. Мақаланың орта шенінен асқаннан кейін ғана барып, ол кісінің ептеп жүзі жылиын деді. Әл-әзір қаламына қол жүгіртіп, жазған-сызған дүниемнің үтір, нүктесін де өзгерте қойған жоқ. Көзілдірігінің үстінен сүзіле қарап әлі оқып отыр.
Бір заматта «уһ» деп иінінен жеңіл демін алғандай болды. Мына жақта менің екі жүзді алмас кездіктің үстінде қыпыл қаққандай күйде отырғаным сонда ғана есіне түсті ме, қолындағы мақала жазылған қағаздың үстін сыдырта бір сипап өтті де: «Нормально!» – деді риза болғандай кейіпте. Сөйтті де бас жағына шиыра қолын қойып: «Машбюроға апарып тапсыр», – деді. Сондағы жүрегімнің ілкі лүпіл қаға қуанып кеткенімді тілмен айтып жеткізуім қиын.
– Рақмет! – дедім есіктен шыға бере.
Бастығымның жүзі жадырап, маңдайының терін төсорамалымен сүрткіштеп қала берген. Сол тұста «жорналшымын» деп таңдайым тақ-тақ еткенде анандай, жазу ісіне келгенде мынандаймын, сенім үдесінен шыға алар ма екенмін деп уайым жеген менің де, «дипломы болмаса да қызметке алғанымда, бұл бала өзімді сүріндіріп жүрмес пе екен» деп күмәнданған оның да иығымыздан бір жүк түскендей бір жеңілдеп қалғанымыз анық еді. Шамасы, ол кісі де менің жазуымда мін болмаса екен деп Құдайына қой айтумен отырды. Көңілінде басқа ой болған жоқ. Жанының тазалығы, мөлдірлігі әрбір қимыл-қозғалысынан-ақ тайға таңба басқандай айқын танылып тұратын еді-ау!
Осындай жұмыс, осындай сынақ бір күнмен шектеліп қалмады. Мұндаймен күнара дерлік бетпе-бет келетін болдым. Жайшылықта, түскі ас кезінде де есігімді ішінен кілттеп алып, мақала жазатынды шығардым. Осындайымды білетін жерлесім, тілші Әділбек Баққараев: «Баймаханның есігін ойып, алақандай тесік жасап, ас-ауқатын да сол арқылы беріп тұру керек. Түрмедегідей. Қашан көрсең де қолы босамайды ақыры», – деп әзіл қашырып та жүрді. Сынақтың аты – сынақ, қалай дегенде де! Оның бір айынан аман-есен өттім. Аянбай еңбек еткенімнің нәтижесі болар, айлық жалақым да қаламақысымен қоса алғанда, Ақкөлдегіге қарағанда қомақтылау болып шықты. Алғашқы айлығымды (түгел үш сомдық ақша еді) есепшінің қолынан алғанымда, шамасы жарты қоржындай болды-ау өзі де! Оны қойныма тығып, қолы суықтау әлдебіреу қағып кете ме деп айнала-төңірегіме үркектей қарап, аман-есен үйге жеткізуім де оңай болған жоқ. Қазір есіме түссе, күлкім келеді.
Бары-жоғы 4 мың сом ғой! Тек… аудандағыға қарағанда, екі еседей көп-тұғын. Осылай көшке ілесіп те кеттім.
…Жаңа орта. Жайлы қызмет. Әсіресе редакция орналасқан үш қабатты зәулім ғимарат әркімнің-ақ көз құртын аларлықтай. Іші де ұядай жылы. Міне, осындай жылы ұяда жұмыс істейтін ағалардың да жүздері жылы, пейілдері кең болатын. Әсіресе Рахметілда аға Құдабаевтың алды ақ жайлау-ды. Ол кісі жауапты хатшы-тұғын. Редакция қызметкерлерінің ішкі тәртібі де – сол кісінің мойнында. Алайда ол кісі қашанғыдағыдай кеңпейіл, ақжарқындығына, жайсаңдығына бағып, жылы-жылы сөйлеп, әркімнің-ақ іші-бауырына кіріп, күллі мекемеге жылуын, шуағын шашатын да жүретін секілді. Сол тұста ақжолдықтар шетінен мәдениетті, биязы, сыпайы көрінуші еді…
Рахметілда ағамен қабырғалас отыратын Әбдуәлі ағаның жастарға бүйрегі бұратын да тұратын. Не мәселені де әш-пұшқа келтірмей қопара жазып тастайды. Әсіресе құқық саласындағы жағдайды саралауға келгенде қаламы жүрдек-ақ. Мораль тақырыбында да қамшы салдыра қоймайды.Бақытияр ағамыздың өткен тарихымыз бен ата-бабаларымыздың шежіресін тереңнен қозғауымен аты аймаққа танылып үлгерген-ді. Ал Елен аға әдебиет пен мәдениет саласының мәселелерін шемішкеше шағады. Олардың бізден 20-30 жастай үлкендігі бар болатын. Осы топ пен біздің буын өкілдерінің дөп ортасынан Тұрсынхан Толқынбаев ағамыздың төбесі қылаңытады. Екі жақпен де байланысы жоқ оның. Нағыз еңбек торысы. Исі Әулиеата өңірінде экономика мен ауыл шаруашылығы салаларының ұңғыл-шұңғылына жетік ондай жорналшыны қолыңа майшам алып іздесең де таба қоюың екіталай. Неше алуан сараптамалық мақалаңды екі-үш сағаттың бедерінде жазып та тастайтын.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында, ана тіліміздің жағдайы төменшіктеп тұрған тұста батыл һәм батыра жазған айтулы «Азаматтық диалектикасы» атты мақаласымен газет тарихында аты-жөні айқын таңбаланып қалған Рахметбек Өзбеков ше… Міне, осындай алыптары бар «Ақ жол» газетінің мұртын балта кеспейтіндей күйде еді. Үлгі тұтар, тәжірибесінен үйренер тарланбоздар жетерліктей-тұғын.
Сол кездегі сарыауыз балапан, жас жорналшылар – біздер, міне, осындай сөзі сыпайы, өзі биязы, алақаны аялы ағалардың қамқорлық, демеуімен бірден-бірге жетілдік емес пе? Әлдекең бастаған топтың – Бақытияр Әбілдаұлы, Рахметілда Құдабаев, Әбдуәлі Әлиев, Елен Әлімжан ағалардың арасындағы шынайы қарым-қатынастарды тілмен айтып жеткізу де мүмкін емес. Олар осы тобымен баспасөз саласына бір мезгілде келіп, бел шеше араласқан ғой. Араларынан қыл өтпейтін достықтарын айтсаңызшы! Әрқайсысы әр тараптан, түрлі өңірлерден келді дейтіндей емес, бір атаның балалары сияқты. Өзі шақырып ала ма, әлде өздері ұйымдасып бара ма, олардың осы тобымен бас редактордың кабинетінде жиі бас қосып, шай ішіп отыратынын жиі көретінбіз. Бұл біз үшін де үлкен өнеге, үлгі боларлықтай іс еді…
Құдайға шүкір, редакция қабырғасында қызмет атқарған кезімде Әлдекеңнен кейін келген Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай секілді бас редакторлармен дәм-тұздас болып, иін тірестіре еңбек етіппін. Осы жылдар ішінде өңірімізге басшылық етуге 8-9 әкім келіп-кетіпті. Көп өзгерістер орын алды. Осы өзгерістер мен жаңалықтарды жұртшылыққа жария етіп, жеткізу миссиясын бүгінде біздің ізбасарларымыз – жорналшылардың жаңа да жасампаз, қуатты легі жалғастыру үстінде.
Ақ жол, әріптестер!

Баймаханбет АХМЕТ, басылым ардагері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.